Ұлы көштің жемісі

Газет мақаласы Айқын газеті №69

Бүгінгі «ат арқасында жүргендердің» барлығы дерлік қазақтың 1991 жылы басталған ұлы көшінің жемістері. Билік элитасында да, ауыл-аймақ билігінде де, ғылымда да, не керек өміріміздің барлық саласын­да ұлы көштің жемістері жүр. Солардың бірі біздің бүгінгі әңгімеміздің басты кейіпкері – Жанатбек Ішпекбаев. Бұл күндері Жәкең Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универ­ститетінде тәрбие істері жөніндегі прорек­тор, саяси ғылымдар кандидаты, профессор.

Ұлы көштің жемісі
Ал 1991 жылы ол бар бол­ға­ны осы университеттің аспи­ранты еді. «1986 жылғы Жел­тоқсан оқиғасы кезінде осы университеттің студенті едім. Ереуілге шықтым деп өтірік айта алмаймын. Кері­сін­ше, ереуілге шыққан жас­тар­­ды сабырға шақырушы топ­та болдым. Сол бір сұм­дық­ты көргенде өз тобымда емес, ереуілшілер тобында жүруім керек еді деп талай толқыдым. Жас жігіттеріміз бен қыздарымызды солдаттар күрекпен ұрып, аяқпен тепкі­ле­генін көзбен көрдім. Жаза­лау­шылар аяусыз болды. Бәл­кім, осыны көргендіктен де шығар, 1991 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуел­сіз­дікті жариялағанда шексіз қуандым. Содан бері тәуелсіз­діктің шын тілекшісімін». Бұл кейіпкеріміздің талай жерде айтқан және еңбектерінде жазған өзі жайлы ақиқаты. 
Жанатбек Ешенқожаұлы­ның бұдан кейінгі өмір жолы былайша өрбиді: университет­ті ойдағыдай аяқтау, аспиран­ту­раны тамамдау, кандидат­тық диссертация қорғау, оқыту­шы-ұстаздық, осы білім орда­сы ректорының көмек­шісі, проректор. Оқырман байқаған шығар, өсуде секіріс жоқ, баспалдақпен көтерілу бар. Демек, кейіпкер Абай айтқанындай, өзіне және еңбекшілдігіне сенген. Бұл оның ең бірінші таңдаған және адастырмаған дұрыс жолы. Осы жолда ол қазақ-педагогика ғылымына, ғылым білім жүйесіне өлшеусіз үлес қосып еңбек сіңірген тарих ғылымының докторы, про­фес­­сор, академик, универсти­тет­тің сол кездегі ректоры Тоқмұхаммед Садықов аға­мыз­дың көзіне түседі. Иман­ды болғыр Тоқмұхаммед Сәл­мен­ұлы білімді, елгезек, тын­ды­рымды жас жігітті оқыту­шы­лық қызметтен өзіне кө­мек­шілікке шақырады. «Бір шартым – ғылыми ізденісті тастамайсың. Қызмет – қол­дың кірі, ал білім – өмірлік азығың. Осы шартыма келіс­сең, көмекшім боласың» депті көреген ұстаз. Жәкең ұстазы­ның бұл шартын қуана қабыл­дай­ды. Не керек, үлкен ұстаз бен тәуелсіздік көшінің бір жемі­сі арасындағы байланыс осылай басталып, «туға­нын­дай» аралас-құраластыққа ұласып жүре береді. 
«Тоқаң тындырымды да тыны­мсыз жан еді. Ол Нұрсұлтан Әбішұлымен шы­найы достық қарым-қаты­нас­та болған адам. Бұл достық сонау Кеңестік Қазақстан Республикасының үкіметінде басталса керек. Нұрсұлтан Әбішұлы – Үкімет басшысы, ал Тоқаң Білім министрлігінде жауапты жұмыс істеген. Тоқаңда Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­на қалтқысыз сенім бар еді. Сондықтан да сайлау нау­қан­дарында уақытпен санас­пай жұмыс істеді. Тіпті ол кісі Отан, кейіннен Nur Otan пар­тияларын құрар кезде де үлкен ұйытқылардың бірі бол­ды. Мұндай жауапты жұ­мыс­та жүрген адамның кө­мек­шісі болу қандай екенін енді өзіңіз ойлай беріңіз. Ұс­та­зым ТМД ақсақалдар алқа­сы­ның мүшесі болғандықтан да кейде жақын шет елдерге шығу көбейіп кететін. Осыны өзі де біліп жүргендіктен «Се­нің ғылыми ізденісіңе жұм­сайтын уақытыңды жеп қойып жатырмыз. Бірақ мұны сылтау етпе. Ізденісті тастама» дейтін». Осындай жұмыс­бас­ты әрі талапшыл, әрі қамқор ағаның көңілін қалдырмау үшін де біздің кейіпкеріміз ізденіске уақыт тауып, қысқа мерзім ішінде кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап шығады. Кандидаттық диссертацияны қорғау алдын­да «Политический консенсус как общегосударственная ценность Содружества Неза­висимых Государств»,  «Тәуел­сіз мемлекеттер достастығын­да саяси консенсусты қалып­тас­тыру»  атты монография­лық ғылыми-зерттеу жұмыс­та­рын жазып, баспадан шы­ғар­ды. «Тәуелсіздік жемісінің» еңбекқорлығы мен табанд­ы­лы­ғына,  қажымас қайратына еріксіз риза боласың. Бұл күн­д­ері ол бес монография­ның, төрт оқу және оқу әдіс­те­мелік құралдардың авторы. Жүзден астам ғылыми зерттеу мақалалары шыққан. Кейіп­ке­ріміздің «Мәңгілік ел осы­лай­­ша сомдалған» атты жиыр­ма баспа табақтан артық кө­лем­дегі монографиясы Тәуел­сіз Қазақстанның жиыр­ма бес жылдық ғұмы­рын, «нөлден басталған» делі­ніп жүрген Қазақстан эконо­ми­ка­сымен әлеуметтік да­муы­­ның шежіресіндей осынау еңбек өз оқырманынан ла­йық­ты бағасын алған. Еңбек­те мемлекетіміздің ішкі-сырт­қы саясаттағы тұрақты­лы­ғына ғылыми баға берілген. 
Қайда жүрсе де өзі сенген жас студент жеткіншектері онымен бірге. Тәрбие ісіне жауапты адамның мойнына осыншама жүк арқалағанда оны нардай көтерген тұлғаға еріксіз риза боламыз. Осы мақаланы жазар алдында кездескенімізде кейіпкеріміз «Ұлы дала ұлағаты» атты жаңа монографиясын аяқтағанын қуа­на хабарлады. Мұнда «қа­зақ қазақ болғалы» деген ұғым­ды қамтитын толып жат­қан ғасырлар бойын ғылыми екшеуден өткізген ғалым-автор «Енді бұған соңғы кез­дің ұлағатты істерін қоссам деп отырмын. Өйткені «спорт­тық бабында» дейтін­дей денсаулығы бар бірінші басшысының тағын өз еркі­мен өткізіп беруі және жаңа президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың таққа отырғанына тоқмейілсімей кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы шешім  қабылдауы  жаңа замандағы Ұлы дала ұла­ғаты­ның бір көрінісі» дейді. 
Жанатбек Ешенқожаұлы – Ы.Алтынсарин медалі­нің иесі. Өткен жылы оны Тұң­ғыш Президентіміз Құр­мет орденімен марапат­та­ды. Бұл марапат кейіпкеріміздің тәуелсіздік жарияланғаннан бергі кезеңдегі еңбегінің әділ бағасы деп білеміз.