Тәжік пен өзбек шекарасындағы шабуыл. Оқиғаның мән-жайы анықталды

6 қарашаға қараған түні белгісіз біреулер Тәжікстанның шекара бекетіне шабуыл жасап, салдарынан 17 адам қаза тапты. Тәжікстан билігі шабуылға «ДАИШ» содырларының қатысы барын хабарлады. Қазіргі уақытта жолдар жабылып, Душанбе мен оған жақын елді мекендерде қауіпсіздік шаралары күшейген,– деп хабарлайды Tengrinews.kz.  

Тәжік пен өзбек шекарасындағы шабуыл.  Оқиғаның мән-жайы анықталды

Түнгі уақытта 20 адам бетперде киіп, шекараға шабуылдаған. Ашық дереккөздердегі мәліметтерге сенсек, олар Ауғанстаннан келген. Биліктегілер бұл жағдайды Тәжікстан аумағында болған ең ірі шабуыл екенін айтып отыр. Айтуларынша, шабуылдағандарға біреулер "арнайы тапсырма" берген. 

Тәжікстанның күш құрылымдарының мәліметіне қарағанда, шабуылдағандар – Тәжікстан тумалары, Исфара қаласының тұрғындары.

Ресми мәлімет бойынша, атыстан әскери қызметкер мен ішкі істер органдарының бір қызметкері қаза тапқан. Олар – Тәжікстанның Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің 26 жастағы әскери қызметкері Изатулло Әбубакр мен 42 жастағы жергілікті инспектор Бахром Шохзода.

Душанбе билігі бұл жағдайға кінәлі деп бірауыздан ДАИШ (Қазақстанда тыйым салынған) ұйымын атады. Жергілікті «Ховар» ақпарат агенттігінің мәліметінше, содырлар тобы Ауғанстан – Тәжікстан мемлекеттік шекарасынан 3 қарашада өтіп кеткен.

«Олар Ауғанстанның бір провинциясынан келген, әдейі түнгі уақытта келіп, тапсырмасын орындай бастаған. Шабуылдағандардың барлығы – ДАИШ мүшесі. Олар осыған дейін Тәжікстан шекарасынан заңсыз бірнеше рет өткен. Осыдан кейін содырлар өздеріне қолайлы деген аумақты таңдап, Ишкобод ауданына келіп шабуыл жасады», – делінген мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарламасында.

Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің өкілдері қазіргі уақытта Ташкент пен Душанбенің тығыз қарым-қатынаста осы мәселені талқылап жатқанын айтты.

Бірақ Тәжікстанның ресми органдары шабуылға қатысқандардың және қаза тапқандардың аты-жөнін жарияламай отыр.