Полиция алаяқ әйелге алданған тұрғындарды іздеп жатыр

Петропавл қаласының полицейлері бірнеше рет алаяқтық жасаған әйелдің ісі бойынша жәбірленушілерді іздеп жатыр. Бұл туралы СҚО полиция департаменті баспасөз қызметі мәлімдеді.

Полиция алаяқ әйелге алданған тұрғындарды іздеп жатыр

Петропавл қалалық полиция басқармасына қала және аудан тұрғындарынан алаяқтық фактілері бойынша бірнеше арыз келіп түсті.

«Әйел таныстарына сыйақыға жоғары білім туралы диплом немесе жүргізуші куәлігін, ал кейбіреуіне әкімдік арқылы пәтер алып беруді «ұсынған». Әдетте, қызметі үшін 350 мың теңге алып отырған, ал бір жағдайда «көмегін» 700 мың теңгеге бағалаған. Алаяқ кейбір клиенттеріне көмек қажет тағы бір адамды ертіп келген жағдайда, жеңілдік жасайтынын айтқан», - дейді тәртіп сақшылары.

Уәденің орындалуын күте-күте шаршаған кейбір жәбірленушілер полицияға арызданыпты. Жедел-іздестіру нәтижесінде күдікті анықталды. Ол Петропавл қаласының 38 жастағы тұрғыны болып шықты. Аталған фактілер ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

«Қазіргі уақытта алаяқтың әрекетінен зардап шеккен адамдардың саны анықталып жатыр. Алайда қылмыстық істің сипатына қарай жәбірленушілердің бәрі бірдей арыз жазуға дайын емес. Соған қарамастан біз жәбірленушілерден полицияға жүгініп, қылмысты толық ашуға көмектесуін сұраймыз», - дейді Петропавл қалалық ПБ тергеу бөлімінің бастығы Марат Жанғожинов.

Бүгінгі таңда күдіктінің 10 эпизодқа қатысы бары анықталды. Келген шығынның сомасы - 3 млн теңгеден асады. Полицейлердің пайымдауы бойынша, жәбірленушілердің саны бұдан да көп болуы мүмкін. Тергеу жүріп жатыр.