Сыроежкин мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен 10 жылға сотталды

Алматы соты ғалым-синолог Константин Сыроежкинді мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен 10 жылға бас бостандығынан айырды.

Сыроежкин мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен 10 жылға сотталды
дереккөзден

«2019 жылғы 7 қазанда Алматы қ. Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер бойынша сотымен  Сыроежкин Константин Львович, 1956 ж.т., ҚР ҚК 175-бабы 1-б. – «Мемлекетке опасыздық жасау» бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылға сотталды» деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі.

63 жастағы Сыроежкиннің тұтқындалуына қатысты алғашқы ақпараттар БАҚ-та мамыр айында жарияланды. Кейіннен баспасөзде ҰҚК сілтеме жасай отырып оның осы жылдың ақпанында мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен тұтқынға алынғаны айқындалды.

Алматыда дүниеге келген Сыроежкин КСРО МҚК түлегі, Қытайды зерттеу бойынша маман. Орыс, ағылшын, қытай тілдерінде мақала жазған. 2006 жылдан бастап Қазақстан Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері болып жұмыс істеді.