Офтальмологиялық орталықпен танысты

Газет мақаласы Айқын газеті №70

Мәжіліс депутаттары Сергей Звольский, Артур Платонов, Құралай Қаракен және Кәрібай Мұсырман Петропавл өңіріне сапары аясында  офтальмологиялық орталықтың жұмысымен танысты. Орталық жыл сайын түрлі дәрежедегі көру қабілеті бұзылған 5 000 пациент қабылдай алады.

Офтальмологиялық  орталықпен танысты
Қазіргі заманауи медициналық мекеме осы жылдың қаңтар айында ашылған болатын. Басшылықтың сөзінше, мекемеде облыс тұрғын­дары, өзге мемлекеттерге шықпай-ақ еуропалық деңгейдегі жоғары ма­мандандырылған офтальмо­ло­гиялық көмек алуға мүмкіндік алды. 
Орталықтың алаңы – 2 мыңнан астам шаршы метр, 35 төсек бар. Онда көздің тор қабығы патоло­гиясының және көру жүйесін емдеу үшін қазіргі заманғы диагности­калық құрал-жабдықтар орнатылды. Орталықта бірнеше күрделі опера­циялар да жүргізіледі. Қант диабе­тімен ауыратын адамдардың көз ауруын анықтау үшін лазерлік құрылғылар да орнатылған. 
Офтальмологиялық мекемеде тегін және ақылы негізінде халыққа қызмет көрсету тәулік бойы жүр­гі­зіледі. Сонымен қатар орталық ал­­да­ғы уақытта Балалар офтальмо­ло­гия­сы бөлімшесін құруды көздеп отыр. Мекеме басшылығы орталық­тағы медициналық қызмет сапасын арттыру үшін материалдық-техни­ка­лық базаны жақсартатынын атап өтті. 
– Өңір тұрғындары үшін бұл өте маңызды нысан. Осы уақытқа дейін Солтүстік Қазақстан облысында мұндай мекеме болған жоқ. Ең бас­тысы, бұл жерде операциялар тегін жасалады. Кешен соңғы үлгідегі заманауи қондырғылармен жабдық­талған. Орталықтың жұмысына жү­гінген халық мекемедегі білікті ма­мандарға алғыс айтып, ондағы ең озық техникалардың жұмысына таңданысын білдірді. Медициналық орталық алдағы уақытта ең соңғы инновациялық шешімдерді пайда­ланатын болады, – деді Мәжіліс депутаты Артур Платонов.
Қазіргі таңда офтальмологиялық орталықта шамамен өңірдегі 7 мың адам есепте тұр. Олардың арасында глаукома, миопия және катаракта аурулары бар 2,5 мың бала мен жасөс­пірім бар.

Әбілмансұр ЖАСАН