Алдымен ауыл-аймақ көркейеді

Газет мақаласы Айқын газеті №71

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қазығұрт ауданын көркейту мақсатында алдымен аудан орталығы, округ орталығы, кейін жыл сайын 5 ауылды көркейтіп, абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болды. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы Қазығұрт ауданындағы жұмыс сапарында айтты.

Алдымен ауыл-аймақ көркейеді

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы Қазығұрт ауда­нында болып, «Аманкелді» ЖШС-ның жұмысымен танысты. Қожа­лықтың жер көлемі – 2 322 гектар. Өндіретін өнім түрлері – I, II және III репродукциялы бидай тұқымы мен жеміс-жидек өнімдері. Онда 250 адам тұрақты жұмыспен қам­тыл­ған. Тамшылатып суару әдісі­мен 405 гектар алқапқа жеміс-жидек егіп отыр. Атап айтқанда, 150 гек­тарға – алма, 88 гектар жерге – шабдалы, 31 гектарға – шие, 94 гек­тарға – алхоры, 25 гек­тарға – өрік, 17 гектарға – ал­мұрт, 120 гек­тарға – тайфый сортындағы жүзім.

Қожалық жұмысымен таныс­қан аймақ басшысы өнімдерді экс­порттауды қолға алу қажетін айтты.

Аудандағы сапар «Ауыл – ел бесі­гі» жобасы шеңберінде Қазы­ғұрт ауданында іске асырылатын жоба­ларға арналған жиынмен жалғасты. Онда Қазығұрт ауданы­ның әкімі Төлеген Телғараев бағ­дар­лама аясында атқарылар жұмыстармен таныстырды.


«Қазығұрт ауданына «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 2019 жылы 608 млн 757 мың теңге бөлу жоспарлануда. Жолдарды орта жөндеуге – 343 млн 192 мың теңге, ал білім саласы бойынша мектеп­тер­ді ағымдағы жөндеуге 37 млн 915 мың теңге қаралды. Сондай-ақ жоба аясында орталық футбол алаңы, балабақшалар, мәдениет үйі, орталық кітапхана ағымдағы жөндеуден өтеді», – деді аудан әкімі.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аудан басшылығына «Ауыл – ел бе­сігі» бағдарламасын қолдап, ауыл-аймақты көркейтуді тапсыр­ды.

«Жоба жүйелі түрде іске асуы қажет. Алдымен аудан орталығы, округ орталығы, кейін жыл сайын 5 ауылды көркейтіп, абаттандыру жұмыстары жүргізілу керек. Ауыл­дарда нысандар көбірек салынып, көшелер жөнделіп, саябақтар саны жыл сайын артуы тиіс», – деді Өмірзақ Естайұлы.

Түркістан облысы