Қанатын кеңге жая алмай...

Газет мақаласы "Айқын" газеті № 172

Елорда тұрғындары ком­му­­­налдық төлем түбіртегі са­лынған конвертпен бірге қы­­зықты «ұсыныс» алды: «Мемлекет сізге жаңа жеке­мен­шік мектеп ашуға қаражат инвестициялауды ұсынады. Біріншіден, тұрғызылған мектеп меншігіңізде қалады. Екіншіден, мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында әр оқушы үшін шығыстар тө­­­­ленеді. Үшіншіден, мем­ле­кет жаңа әрбір оқушы орны үшін амортизациялық шы­ғын­дарды өтейді», – делінген онда.

Қанатын кеңге жая алмай...

Бұл қаржылық пирамиданың жарнамасы немесе алаяқтардың әрекеті емес. Барлығы заң аясында: ақпаратқа қызығушылық таныт­қан­дар жүгінуі үшін Үкіметке қа­рас­ты «Қаржы орталығы» АҚ-ы­ның ресми мекенжайы көр­се­тіл­ген. Әрине, ұсыныс табысы күнде­лік­ті тіршілігінен аспайтын қара­пайым бұқараға емес, жиған-тер­гені мол ауқатты азаматтар мен бизнесмен қауымға арналған. Себе­бі сарапшылардың айтуынша, жекеменшік мектеп ашу үшін ең аз дегенде 3,5 миллиард теңге ин­вес­тицияңыз болуы не сонша кре­дит ала алуыңыз қажет.

Мемлекеттік-жекешелік әріп­­­тес­тік десе, «бұл не?» деп мы­рс-мы­рс күлетін не аңтарыла қа­рай­­­­тын адам көп. Халық осы үш әріп­­тің ар­тында не жасырынғанын тү­сі­не қоймайды. Алайда бұл те­тік­­тің игілігі зор.

Ол не үшін керек? Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында кейінгі бес жыл ішінде бұқара үшін қажетті жүздеген жобалар – ем­ха­на, мектеп, балабақша, спорт са­райы, инфрақұрылымдық нысан­дар тұрғызылды. Олардың барлы­ғын мемлекет қаражатына сала беруді бюджет көтермейді.

Бизнес жекеменшік нысан­да­рын онсыз да салып жатқан жоқ па? Осы сала маманы Евгения Бондаренконің түсіндіруінше, біріншіден, МЖӘ жергілікті билік не Үкімет анықтаған салаларда, солар таңдаған жобалар бойынша жүзеге асырылады. Яғни, жоба ха­лық пен билік үшін өте қажет, алайда бюджетте оған қаражат же­тіс­пейді, сондықтан оны бизнес са­лып береді. Екіншіден, ол ны­сан­дардың біразын уақыт өте келе, мемлекеттік меншікке көшіру мүм­кіндігі бар: жергілікті әкімдік­тер инвестордың салған қаражатын он шақты жыл ішінде бөліп төлей ала­ды. Сөйтіп, бюджетке ауырт­па­лық түспейді.

Мұның инвесторға не пайдасы бар? Ең алдымен, ол құжаттары сай, жер телімі де бөлінген, билік рұқ­саты берілген жобаға қол жет­кі­зе­ді. Сондай-ақ ол нысанның кепіл­дендірілген табысы болады. Мысалы, егер балабақша ашса, жергілікті әкімдік өзінде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына кезекте тұрған балаларды соған жолдап, айлық ақысын төлейді. Орта білім ордасын не емхананы қол­данысқа берсе, жан басына шақ­қандағы қаржыландыру жүйесі есе­бінен оған баратын әрбір оқу­шы және сырқат шығысы үшін бюджет қаржысын аударады. Мұ­ның сыртында бизнесменге үйір­мелер, ұзартылған оқыту және басқасы үшін ата-аналардан да ақы талап етуіне рұқсат көрінеді. Егер жол төсесе, инвестор оны басып өткен автокөліктерден ақы жинайды.

Аты айтып тұрғандай, МЖӘ – бұл әріптестік. Демек, әріптес екі тарапқа да пайдалы болуы тиіс. Олар жетістікті ғана емес, сонымен қатар тәуекелдер мен жауапкер­ші­лік­ті де бөліседі.

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов кейінгі жылдары мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы тартылған инвестиция кө­лемі артқанын жеткізді. Ол елі­міздің ЖІӨ-сіне 0,2% үлес қос­қан.

«Қазақстанның МЖӘ орталы­ғы­ның» дерегінше, бүгінде осы әріптестік тетігі аясында жалпы сомасы 1,6 триллион теңге тұратын 671 келісім бекітілді. Кейінгі жыл­да­ры ол арқылы ел экономикасына 814,7 млрд теңге инвестиция құ­йыл­­ған. Жобалардың жалпы саны­ның 15%-ын құны 1 млрд тең­геден асатын ірі жобалар құрай­ды. Аса ірілеріне тоқталсақ, Ақмо­ла облы­сын­да жүзеге асырылып жатқан «Жылу-электр орталығы» жоба­сына 258 млрд теңге, ал «Үл­кен Алматы айналма автомо­биль жо­лына» 150 млрд теңге инвес­ти­ция салыныпты.

Әлемде осы саладағы ең жар­қын үлгілердің бірі – Лондондағы Хит­роу (Heathrow) әуежайының №5 терминалы. 2008 жылғы 14 наурызда Ұлыбритания пат­ша­йы­­мы ІІ Елизаветаның өзі ашқан терминал осы корольдіктегі ең алып ғимарат саналады: биіктігі 43 метр­ге жететін нысанның ұзын­ды­ғы – 396, ал ені – 176 метрге созы­­лып жатыр. Оның құры­лы­сы­на Хит­роудың негізгі тасымалдау­шы­сы British Airways және әуежай­ды басқарушы BAA компаниясы 4,3 миллиард фунт жұмсаған.

Қалай болғанда, бұл әріптестік мемлекеттің, өңірлердің, қалалар­дың өркендеуіне, нақты әрі халық­қа керекті жобалардың идея күйін­де қалмай, іске асырылуына септі­гін тигізеді. Әйткенмен, кейінгі кез­дері өңірлерде осы бағытта көп­теген түйткілдің бой көтеруі және ашық жария етілуі, жемқор­лық пен сыбайластық көрініс­те­рі­нің орнауы жақсы идеяның беделін түсіре жаздады. Нәтижесінде, мем­лекеттік-жекешелік әріптестік секторы 2019 жылғы 15 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатаң сынына ұшыра­ды. Ол саланың әлеуетін «елеулі» деп жақсы бағалады.

– Алайда МЖӘ жобалары құны­ның 90%-дан астамын мем­ле­к­еттің міндеттемелері құрайды. Оның үстіне барлық міндеттеме бойынша төлемдердің 30% дайын алдағы жылдары төлеп шығу талап етіледі. Турасын айтуымыз керек, осылай МЖӘ идеясы дискреди­та­ция­ланды. Жеке әріптестер ол мін­деттемелердің сапасыз орын­да­латынына және мерзімдердің сақталмайтынына шағымданады. Екінші жағынан, кәсіпкерлер мем­лекетпен әріптестікті өз биз­нес-жобаларын жүзеге асырудың көзі, базасы ретінде қарастыра бас­тады, – деді Қ.Тоқаев.

Сондықтан Үкіметке бұл жоба­лар­дың орталық және жергілікті бюджетке ауыртпалық түсірмеуін, елге әлеуметтік-экономикалық тиім­ділік әкелуін қатаң қадағалау жүктелді. Атқарушы билік жыл соңына дейін бұл салада тәртіп орнатып, сапалы мониторинг пен бақы­лауды жолға қоюы тиіс.

Осы тетік қоғам белсенділерінің де сынына ілігіп жүр. Мысалы, «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлер құқы­ғын қорғау және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл кеңе­сінің төрағасы Қ.Сүлейменов ол «мемлекеттік сатып алуға айна­лып кеткенін» мәлімдеді.

– Заңнамадағы олқылықтар, жекелеген жергілікті басшылардың айла-шарғысы кесірінен бізде МЖӘ бір көзден мемлекеттік са­тып алудың бүркемеленген түрі­не айналып кетті. Ал дұрысын­да, осы­дан бірнеше жыл бұрын Елба­сы қойған міндетке сәйкес, елдегі серіктестіктің мүлдем жаңа түрі құрылуға тиіс еді, – деді Қайырбек Шошанұлы кеңестің кезекті оты­ры­сында.

– Бұл пікірмен келіспейміз, – дейді «Айқынға» сұхбат берген МЖӘ орталығының талдаушысы Айнұр Түгелбаева. – Әріптестіктің осы түрі қазірдің өзінде елдің эко­но­­микалық дамуын қамтама­сыз етуде. Оның қағидаттарының бірі – кон­курстылық. Әрбір келі­сім­­шарт конкурс немесе тіке­лей ке­ліс­сөздер негізінде бекітіледі. Шы­­­ғыстарды 1 жеке әріптеске ұзақ мерзімге бекіту арқылы эко­но­­микаға инвестиция салынуы­на, ха­лыққа қызметтердің қолже­тім­ді­­лігінің артуына жол ашылады, – деді ол.

«Әп-әдемі ән еді, пұшық келіп бүл­дірді» дегендей, осы әріптес­тік­тің жаппай өркен жая алмауына базбір жергілікті билік өкілдерінің қара басының пайдасын мемле­кет­тік мүддеден жоғары қоюы да кесі­рін тигізуде. Сарапшылардың айтуынша, ауқатты азаматтар, шетелдік инвесторлар, не отандық ірі кәсіпкер мектепті, спорт са­ра­йын салып беру үшін әкім­дік­терге жер телімін сұрап жүгінеді. Құры­лы­сының да, тіпті жабдық­та­луы­ның да бар шығынын өзі көтермек. Ха­лыққа да, бюджетке де өте тиім­ді. Бірақ алақол әкімқараға тиімсіз! Өйткені егер дәл аса қажетті мек­теп пен спорт сарайына бюджеттен бірнеше миллиард бөлінсе, тендер өткізу кезінде жеңімпаз компания­мен келісіп, сол соманың 10-15 пайы­­зын қалтаға басуға мүмкіндік бар. Ал инвестордан сонша ақша талап ете алмайды.

Жергілікті биліктің кейбір өкіл­дері тағы бір қулықты іске асы­рады. МЖӘ жобасын мақұл­дай­ды да, оны өзімен ымыралас компанияға табыстайды. Осыдан кейін контракт бойынша бюд­жеттен берілуге тиіс өтемақыны бірінші жылда-ақ төлеп тастайды. Нәтижесінде, «инвесторсымақ» нысанды мемлекет қаржысына салып шығады және игілігін өзі көреді. Жұмыс тәжірибесі жоқ, жуырда ғана құрылған жеке серік­тес­ті таңдау фактілері де жиі кезде­сетін болған.

Бұл мәселенің басқа жағы да бар: көптеген әкімдік керісінше, өз жобаларына әлеуетті әріптес таппай отыр. Мұны белгілі заңгер әрі бизнесмен Шаймерден Чика­наев бір-ақ ауыз сөзбен: «Қалың­дық дайын, күйеу жоқ» деп түйін­деді.

Осы айтылған түйткілдердің түйінін тарқату үшін қолданыстағы заңнамаға өзгеріс енгізілмек. Оған сәйкес, саланы алда үлкен рефор­ма­лар күтіп тұр. «Кейбір заңна­ма­лық актілерге мемлекет­тік-жеке­ше­лік әріптестік мәселелері бо­йын­ша өзгерістер мен толық­ты­ру­лар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасында жазылғандай, бұдан былай жеке әріптестің ин­вес­тициялық шығындарына өте­ма­қы төлеу мерзімдерін ауыс­ты­руға заң жүзінде тыйым салу ұсы­нылып отыр. Жаңа заң қабыл­дан­са, инвестициялық шығын­дардың өтемақысын мемлекет бір­келкі үлестермен тек өз мерзі­мінде ғана төлейтін болады.

– Меморгандар мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларына инвестор таппай қиналады. Сон­дық­тан осындай жобаларды іске асы­руға мүдделі шетелдік және қазақ­стандық әлеуетті инвес­тор­лар­дың Бірыңғай тізілім-реест­рін құру көзделуде. Тізім ай сайын жаңарып отырады және барлық меморган мен әкімдіктер үшін ашық болады, – деп хабарлады Ұлт­тық экономика министрлігі.

Сондай-ақ МЖӘ туралы жеке журнал ашылуы мүмкін. Атауы әзірге белгісіз.

Реформа аясында басқа да жаңа­шылдықтар өмірге жолдама алмақ. Мәселен, «бармақ басты, көз қысты» тірліктерді болдырмау үшін әлемдік тәжірибе негізінде осын­дай жобалар бойынша кон­трак­тілер ашық аукцион арқылы сатыла бастайды.

«МЖӘ зәкірлік қорын» құру қарастырылуда. Мемлекет осы қор арқылы жеке компаниялардың капиталына кіріп, жобаны жүзеге асыруға қатыспақ. Бұл концес­сио­нер­ді мемлекеттік қолдаудың бір шарасы болады. Жаңа қорды «Бәй­­терек» ұлттық холдингінің енші­лес ұйымы Kazakhstan Project Preparation Fund ЖШС базасында ұйымдастыру ұсынылды. Зәкірлік қоры республикалық және өңірлік деңгейде күрделі шығындары 20 миллион доллардан асатын ірі инфрақұрылымдық жобаларымен айналысады деп жоспарлануда.

Сонымен бірге Мемлекет бас­шы­сы тапсырмасына сәйкес, МЖӘ жобаларын инфрақұрылым­да, энергетикада, өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында көбірек әрі белсендірек өрістетуге ден қо­йы­ла­ды.

Бұл ретте жеке әріптестің сал­ған инвестицияларын кілең бюд­жет­тік өтемақы түрінде қайтара бер­мей, оны тарифтер, ақылы қыз­­­меттер және басқа да нарықтық құ­рал­дар ар­қылы өтеуге баса мән бері­леді.

– Нәтижесінде, бюджетке жүк­те­ме түспейді, көбірек инвестиция тартылады. Егер 2019 жылғы 1 ма­­мырда жобалардың жалпы көле­мін­де 3-ші санаттағысы, яғни бюд­жеттен өтемақыны талап ет­пей­­тіндерінің үлесі небәрі 20%-ды құраса, ал мамыр-қараша ай­ла­рын­да аталған көрсеткіш 52%-ға дейін жетті. Бұл инвес­ти­циялары нарық есебінен ақталатын жобалар санының артып келе жатқанын көрсетеді, – дейді МЖӘ орталы­ғы­ның талдаушысы А.Түгелбаева.