Жалақымыз мұндай, жағдайымыз қандай?

Газет мақаласы "Айқын" газеті № 172

Ranking.kz сайты жүргізген статистикаға сүйенсек, елдегі орташа жалақы мөлшері 191 мыңға жетіпті. Finprom.kz сарапшыларының айтуынша, біржылдық  Қазақстанда күнкөріс деңгейі 39 500 теңгеге көбейген. Мұның өзі Маңғыстау облысына тиесілі. Ал кей өңірлерде күнкөріс 28 400 теңгеден аспайды. Осыдан-ақ  есептей беріңіз. Сонда 191 мың теңге  қайдан шықты?

Жалақымыз мұндай, жағдайымыз қандай?


Шымшыков.JPG

Жангелді ШЫМШЫҚОВ,
экономист:

– Мұндай көр­­­­сет­кіш болуы мүм­­кін емес. Өйт­кені ең төменгі өмір сүру деңгейі – 29 мың теңге. Сол себепті алдымен халықтың ең төменгі өмір сүру деңгейін есептеп шығару қажет. Ал орташа жалақыны осы деңгейге қарап, анықтауға болады. Бұған дейін статистика бойынша, орташа жалақы мөлшері – 141 мың болған еді. Ол қалайша екі-үш жылдың ішінде 191 мыңға өсіп кетеді? Ленин: «ең үлкен өтірік – статистика. Неге? Өйткені статистика нағыз дәлдікті бере алмайды. Мәселен, Джон мен досы екеуі колбаса жейді деп есептейді. Шын­дығында, колбасаны Джон ғана жейді. Ал досына ештеңе бұйырмайды» деп айтады. Орташа есеп деген – осы. Мен универ­ситетте сабақ беремін. Доцент ретінде алатын жалақым – 160 мың. Сондықтан көрсеткіш осылай деп айта беруге бола-ды.


Салыкжанов.JPG

Рамазан САЛЫҚЖАНОВ,
әлеуметтанушы:

 

– Нақты цифр бойынша, эконо­мистер ғана жауап бере алады. Ал әлеу­меттік дең­гейі тұрғысынан келсек, соңғы жылдары халықтың көңіл күйі тұрақты. Болашақтан күтері көп. Мұндағы қарама-қайшылық: эконо­микалық сарапшылар нақты дәлелмен айтатын болса, әлеуметтік зерттеулер мүлдем кереғар пікір білдіруі мүмкін. Өйткені жалақы мөлшерінің аз-көптігі халықтың нағыз көңіл күйін білдірмейді. Мүмкін ол жақсы алып жүріп те, көңілі төмен болуы ғажап емес. Керісінше, төмен жалақымен де емен-жарқын күн кеше алады. Дәл қазір халықтың көңіл күйі тұрақты емес. Сол себепті өзгеріп тұрады.

 

Жобаев.JPG

Сапарбай ЖОБАЕВ,
экономист:

– Расында да, бұл айлық жалақы бір қарағанда хал­қы­­мыздың көп бө­лігінің айлық­тарынан жоғары. Статистикалық мәліметтер еліміздегі нақты деректерді көрсетеді. Бұл жерде осы көрсеткіштен зейнетақы төлемдерін, жеке табыс салығын шегеріп, қолға тиетінін есептесек, 150-152 мың теңге қалады. Газ-мұнай, металлургия, химия, құрылыс, қаржы, банк, министрліктер, мемлекеттік компанияларда (Самұрық-Қазына), басшы­ларда және осы сияқты салаларда жалақы бұл көрсеткіштен жоғары. Содан орта есеппен жалпы алғанда жалақы көрсеткіші бойынша статистикалық дерек дұрыс болады.

1) 191-19,1 (зейнетақы төлемі) = 171,9 мың теңге.
2) 171-17,1 (жеке табыс салығы) = 153,9 мың теңге.
3) 153,9-2-4 (жеке кәсіпкерлік, адвокаттар үшін әлеуметтік және медициналық сақтандыру төлемдері) = 150-152 мың теңге.

Сонымен бірге халқымыздың басым бөлігі 70-90 мың теңге жалақыға жұмыс істейді.

Бұл көрсеткіштердің айырмашылығы елі­мізде бай-дәулетті адамдар мен қара­па­йым адамдар арасындағы табыстың айыр­ма­шылығы, яғни макроэ­коно­ми­калық Джинн коэффициенті ұлғайып бара жат­қа­нын көрсетеді. Өкінішке қарай, дәу­лет­ті­лер одан да бай, қарапайым халық кедей­ле­не беру үрдісі тоқтамай тұр.

 

Дайындаған Г.ТҰРҒАНБАЙ