Ол да өмір сүруге құқылы

Газет мақаласы "Айқын" газеті № 173

Бүгінде елімізде СПИД-ке шалдыққандардың саны 24 мыңнан асқан. Осы жылдың қаңтар айында 308 жаңа жұқтырушы анықталған екен. Ал сол аралықты былтырғы жылмен салыстырсақ, 22,7 пайызға көбейген. Бұл дегеніміз жыл сайын 2 мыңға жуық адамның СПИД-ке шалдығатыны жайында деректі дәлелдеп отыр. Осыған қарап-ақ, елімізде СПИД-пен ауыратындардың саны артқанын көреміз. Сонда бұл дерттен арылу үшін не істеуіміз керек?

Ол да өмір сүруге құқылы

АИТВ – адамның иммун тап­шы­­лығы вирусы. Ол жыныстық қа­ты­нас немесе қан арқылы жұғады. Сонымен бірге жүкті әйелдің бойын­дағы АИТВ инфекциясы бала­сы­на берілуі мүмкін. Ал егер осы инфек­циямен ауыратындар дұрыс ем­дел­месе, жұқтырылған иммун тап­шылығы үдей түседі. Бұл – АИТВ инфекциясының соңғы кезеңі.

Науқастардың көбі АИТВ виру­сын жұқтырғанын білмей қала­ды. Өйткені вирус адам ағзасында бірнеше жылға дейін өмір сүре бе­­реді. Сондықтан тест тапсырып, оның қандай деңгейде екенін анық­тап алған жөн. Тіпті, 1 желтоқсан –Дүниежүзілік СПИД-ке қарсы күрес күніне орай еліміздің барлық ай­мағында бір ай бойы акция өткі­зі­ліп, жедел-тест арқылы ВИЧ-ті анықтауға мүмкіндік бар.

Жалпы, ВИЧ болымды және болымсыз болып бөлінеді. Егер бо­лымды деңгейі шықса, емді тез арада бастау керек. Биыл елімізде болымды диагнозымен 18 мың адам өмір сүріп жатқаны анықталды.

«Олар әлі де ұзақ өмір сүреді деп сенемін. Рас, бұл ауру тоқтаусыз өсу­де. Өкінішке қарай, жыл сайын АИТВ жұқтырудың жаңа жағ­дай­лары да шығып жатыр. Қазақ­стан­ның өзінде жыл сайын екі мыңға жуық аталған диагноз анықталады. Дегенмен біз күресуді тоқтатқан емеспіз» дейді Қазақ дерматология және жұқпалы аурулар ғылыми ор­талығының клиникалық маманы Гүлжахан Ахметова.

Оның айтуынша, елімізде АИТВ-инфекциясы бар адамдар антиретровирустық препараттарды қабылдаған соң, толыққанды өмір сүре алады. Өйткені бойдағы вирус­тық жүктеме жыныстық қатынас арқылы ешкімге жұқпайды.

Әлемде осы эпидемия бастал­ғаннан бері, 30 жылдың ішінде АИТВ-ның болымды саны 36 мил­лионға жетті. Олардың көпшілігі өзінің АИТВ болымды екенін білмеген. Ал Қазақстанда Қазақ дерматология және жұқпалы аурулар ғылыми орталығының бағалауынша, АИТВ індетін жұқтырғандардың саны бойынша көш бастап тұрған – Алматы және Қарағанды облысы.

Статистикаға сүйенсек, осы жыл­дың тоғыз айында елде АИТВ жұқ­тырған 24 322 адам бар екен. Оның ең көбі Алматыда – 4 253 адам. Ал Қарағанды облысында 3 437-і болса, Шығыс Қазақстан облысында –
2 919 адам. АИТВ таралуы бойынша еліміз үш аймаққа: жоғары, орта және төмен болып бөлінді. Мәселен, СПИД жұқпасының жоғары деңгейі Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Алматы қаласында кездеседі. Бұл жайында Қазақ дер­матология және жұқпалы аурулар ғылыми орталығының ди­рек­торы Бауыржан Байсеркин мәлімдеді.

– Қазіргі уақытта елімізде АИТВ-мен ауыратындардың 68 пайызы – ан­тиретровирустық терапияда. Біз өлім-жітімді бір жарым есе төмен­дете алдық, – деді ол.

Әрине, қазіргі таңда АИТВ аса қатерлі дерт қатарына кірмейді. Се­бебі осы заманауи вирусқа қарсы дәрілердің арқасында адам өмірін сақтап қалу мүмкіндігі туды. Тіпті, дүниеге дені сау бала әкелуге жол ашыл­ды. Ал біздің қоғамда бұл вирусқа шалдықса да, мұны емдеуге ұялатындар жетіп-артылады. Сон­дық­тан да бұл ауру біздің елде тоқ­таусыз өсіп жатыр. Мысалы, биылғы жылдың қаңтар айында 308 жаңа жұқтырушы анықталған. Сол аралықты былтырғы жылмен салыстырсақ, 22,7 пайызға көбейген.

ЮНИСЕФ Қазақстанда 500-ден астам бала мен жасөспірім АИТВ вируспен өмір сүретінін анықтаған. Бұл балалар мен жасөспірімдер атал­­ған инфекцияға өте сезімтал екенін көрсетті. Оған қоса, бұл вирус көбіне 15 пен 19 жас аралы­ғын­дағы жас­өспірімдердің арасын­да жиі бай­қалды. ЮНИСЕФ-тің Қа­зақ­стан­дағы өкілі Юрий Оксамиттің ай­туынша, 2030 жылға қарай әлем бойынша АИТВ жұқтырған жасөс­пірімдер саны 3,5 миллионға жетеді.

«Өмір – қамшының сабындай қысқа» дегендей, әр адам пеше­не­сіне жазғанын көреді емес пе?! Ел арасында осы диагнозға шал­дық­қандар ұзақ өмір сүрмейді деген сенім бар. Бірақ дұрыс ем жүргізсе, ғұмы­рын ұзартып, отбасылы бола алады.

Дүниежізілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, әрбір СПИД-ке шалдыққан төртінші адам дертін білмеген. Нәтижесі адамдардың медицинадан хабарсыз екенін көр­сетеді. Яғни, ауру туралы жан-жақты ақпарат берілмейді. Артынша ауру саны артты, күресу керек деп жар салады. Оның ішінде ауруын біле тура жасыратындар бар. Мұндай жандармен медицина психологтары жұмыс жүргізбейді. Психологтар дейміз-ау, біздің қоғам бұл ауруды қабылдай алмайды. Сондықтан дертке шалдыққандар ауруын жа­сырып, «өлуге» бел байлайды. Елдің сөзіне қалғанша, саналы түрде өлімді таңдайды. Ендеше, СПИД-пен күресті қоғам болып жүргізу керек.