Медицина – тегін, дәрі – ақылы

Газет мақаласы "Айқын" газеті № 176

Денсаулық сақтау сала­сын­дағы жүйесіздікті, әсіресе «басы ауырып, балтыры сыз­дайтындар» жақсы біледі. Бірі өзіне тиесілі тегін дәрі-дәр­мегін ала алмай жүрсе, енді бірі тегін УДЗ-ге түсуден кү­дерін үзген. Дәл сол емханада тегін ем алу үшін айлап кезек күткенімен, ақысын төлесе сол күні қаралып кетуге бола­тын құбылыс та оларға таңсық емес.

Медицина – тегін,  дәрі – ақылы

Осыған дейін препараттар бе­рілмесе де, қағаз жүзінде берілді деп жаза салатын жағдайлар жиі орын алып, тегін дәрілерді ақшаға сату фактілері де тіркелген болатын. Дәрігерлер пациенттерді дәрі-дәрмектерді сатып алуға міндеттейтіні де белгілі болды.

Бүгінде еліміз бойынша әр­түрлі созылмалы сырқаттар бо­йын­ша диспансерлік есепте тұрған 2,5 млн адам тегін дәрі алады. Өкініштісі сол, бұл дәрілердің бәрі бір­дей иесіне уақытылы жете бермейді. Өйткені тегін дәріні са­тып, науқастың үстінен күн көріп жүргендер әлі де жетерлік. Кезінде Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2017 жылы тегін дәрі-дәрмек алды деп көрсетілген нау­қастардың 20 пайызы, шын мә­нінде, ешқандай дәрі алмағанын жеткізіп еді.

Министр бюджеттің ақша­сын талан-таражға салған мұн­дай пысықтардың жазасыз қал­май­тынын да айтқан болатын. Жа­заланған жан болса, бұл іс бұлай ушығар ма еді? Биыл, тіпті тегін берілуі тиіс, өз еліміздің нау­қас­тарына жетпей жатқан дәрілері­міз берісі Өзбекстанды, арысы Ресейді аралап кетті.

Neonomad.kz ақпараттық агент­тігінің мәліметінше, қатер­лі ісікке шалдыққандарға тегін таратылған дәрі-дәрмек Ресей дәріханаларында сатылған. Бұл препараттар негізі еліміз­де­гі науқастарға ақысыз үлестіріл­ге­німен, әр қорабының өзі миллион теңгеден асады. Бюджеттің мил­лиард­тарына алынған дәрі-дәр­мектің көрші елге қалай жетіп, ашық саудаға түсуінің себебі әзірге белгісіз. Денсаулық сақтау министрлігінің комитет төрайымы Людмила Бюрабекова: «Бізге Ресейде қазақстандық мөрмен дәрі-дәрмектер сатылып жатқаны хабарланды. «СК-Фармация» сатып алатын бұл препараттарға мөр тегін таратылатын жағ­дайда ғана басылады. Біз тек­серіс жүргізуді бастадық. Егер дәрі-дәрмектердің заңсыз тасы­мал­данғанын анықтасақ, істі сол ме­зетте Бас прокуратураға жолдай­мыз» дейді. Бұл дәрі-дәрмектер терінің қатерлі ісігіне шалдыққан науқастарға арналған. Денсаулық сақтау министрлігі адам өміріне маңызды дәріні ресейліктерге кімнің заңсыз тасымалдағанын анықтауда. Ведомство кінәлілерді табатынына сенімді. Өйткені медикаменттер тек 11 стационарға ғана жеткізіліпті.


Шындығында, дәрі-дәрмек саласындағы былықтың беті бірінші рет ашылғалы тұрған жоқ. Бұл денсаулығы дімкәс, өздері дәрінің күшімен әупірімдеп әрең жүрген науқастардың үстінен күн көретіндердің кәнігі әрекетінің бірі ғана. Ал жұртшылық өзде­рі­не тиесілі дәріні ала алмай, амал­сыздан қалтасынан ақша шығарып сатып алып жүр.

Тегін және жеңілдікпен бе­рілетін дәрілермен қамтамасыз ету жүйесі елімізде 2005 жылы іске қосылған. Қазіргі күнде елімізде 49 ауру бойынша 400-ден астам дәрі 2,5 млн пациентке тегін беріледі. Тегін дәрі созылмалы ауруларға, яғни жазылмайтын сырқаттарға, тек дәрінің күшімен ғана жүре­тіндерге беріледі. Мұндай ауру­лар­дың алғашқы тізімінде қант диабеті тұр. Екіншісі – артерия­лық гипертензия болса, үшіншісі онкологиялық және қан аурула­рына берілетін препараттар.

Мұндай жағдай елімізде ал­ғаш рет емес. Жылдың ба­сында қазақстандықтарға ар­нал­ған инсулин Өзбекстан дәрі­ха­на­ла­рында сатылған. Ол кезде Ден­саулық сақтау министрі Елжан Біртанов заңсыз жеткізгендердің табылып, 28 қылмыстық іс қозғал­ғанын айтқан. Ал қарапайым ха­лық емдеу мекемелерінің гәп­тің бәрі тендерге байланысты де­ген ертегісіне сеніп жүр. Олар қа­шан­ғы мемлекеттің науқастарға жа­сап отырған қолдауынан қағыла береді? Бұған, шынымен, тоқтам жоқ па?


Ақбота ӘЛІМ