Дыбыссыз қозғалатын қоғамдық көлік

Газет мақаласы "Айқын" газеті № 176

Алматыда электрлі ав­то­бус­тар жолға шықты. Эко­ло­гия­­лық таза көлік қаладағы ұзын көшенің бірі Төле би даң­ғы­лының бойымен Ясауи-Шы­ғыс айналма жолы бағытында (қа­­шықтық 10 км) жүреді. Ин­но­вациялық электробус сало­ны жаңа технологиямен жаб­дық­­талған. Ұялы телефонды қай­­та зарядтауға арналған USB-коннекторлар орна­тыл­ған.

Дыбыссыз қозғалатын қоғамдық көлік

Инновациялық көлікте жол жүру ақысы өзгеріссіз, өзге қоғам­дық көліктегідей 80 теңге көлемінде және жеңілдік тарифі сақталады. Электробустың аккумуляторлары 550 шақырым қашықтықты бағын­дыруға қабілетті.

Рас, экобустардың құны өзге қо­ғамдық көлік түрінен едәуір қым­бат. Дегенмен мамандар олар­ды пайдалану кезінде жанар-жа­ғар­май түрлерін үнемдеу арқылы шы­ғыны өтелмек. Мәселен, қалада 1 киловатт электр энергиясының құны 16-18 теңге аралығында д­е­сек, экобустар бір шақырымға 1 ки­ловатт жұмсайды. Бұл дизельді отын немесе бензинмен жүретін кө­ліктен бірнеше есе төмен.

Дыбыссыз қозғалатын қоғамдық көліктердің ішінде ешқандай шу естілмейді, ұзындығы 18 метрлік эко­бустың сыйымдылығы – 76 адам. Жолаушыларға жайлы кө­лік­тің саны әзірге 10, дегенмен ав­топарк басшылығы жыл соңына дейін тағы 40 электрлі автобус шы­ғаратынын айтып отыр.

Жолаушының көптігіне қара­мастан жолаушыға қызмет көрсету ісі жолға қойылмай келді. Қала тұр­ғындары үшін таңертең-кешке ав­тобус салонына кіру мұңға айналған еді. Қоғамдық көліктердің дені ескі, жүргізушілердің қызметі сын көтер­мейді. Осының салдарынан тәртіп сақшылары жыл сайын дәстүрлі түрде «Автобус» арнайы іс-шарасын өт­кізіп, қоғамдық көліктердің тәр­ті­бін жеке бақылауда ұстауға мәж­бүр болатын.

Десе де, шаһар тұрғындары соң­ғы екі жылда бұл мәселенің жөн­ге келе бастағанын айтады. Қа­ла басшылығы қоғамдық кө­лік тәртібін тізгіндеуді трамвай кө­лігінен бастағаны белгілі. Ес­т­е­ріңізде болса, 2015 жылы қыр­күйек айында Алматыда трамвай көлігінің қатысуымен ірі жол апа­ты болды. Тежегіші істен шық­қан трамвай А.Байтұрсынов пен Қарасай батыр көшесінің қиы­лы­сында 14 жеңіл автокөлікті со­ғып, жапырып, қиратып, нә­ти­­жесінде төрт адам зардап шек­кен еді. Сол оқиғадан кейінгі тек­­­­серістің нәтижесінде аталған көлік түрінің 2014 жылы 20 рет, 2015 жылы 43 рет рельстен шығып кеткені мәлім болған. Қала ішіндегі трамвай теміржолының тозуы, тот басуы, рельстің астына төселген ағаш шпалдардың шіри бастағаны анықталды. Трамвайдың тозғанынына бір дәлел, 2018 жылы «Алматыэлектротранс» ЖШС Өскемен қаласына трамвай көлігін сатқан кезде де айқын көрінді. Gosreestr.kz сайты арқылы 118 млн 508 мың теңгеге сатылған 13 трамвай вагоны Өскемен жолдарында бір күнде жүруге жарамай қалғаны айтылды. Сөйтсек, әбден ескірген бұл көліктер Чехиядан 1983-1995 жылдар аралығында шыққан екен.

Ақыры әкімдік тозығы жеткен трамвай паркінің жұмысын тоқта­тып, орнын заманауи көліктермен ал­м­астыруды ойластырған. Бұл тұр­ғыда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ұзындығы 22,72 шақырымдық LRT (Light rail transit) жобасын жүзеге асыру қолға алынды. 2019 жылдың қаңтарында жобаға қатысуға халықаралық ашық байқаудың бірінші кезеңі өт­кізілді. Екінші кезеңге үміткер ре­тінде Жапония, Түркия, Франция, Қытай және Испанияның бірне­ше консорциумы өтті. Одан бө­лек, «Қала адамдар үшін» тұжырым­да­ма­сының бір бөлігі BRT (Bus rapid transit) жедел автобус қозғалысын іске қосты. Тимирязев көшесінің бойымен қала орталығы мен ау­дан­дарын жалғайтын қозғалыс жо­лаушылардың уақытын 40% үнем­деуге үлес қосты. 87% бүкіл қалалық автобус паркін жаңартты. 22 көшеде 120 шақырымнан астам арнайы жолақтар ұйымдастырылған.

Бұл шешімдер 2015 жылы Ал­маты қаласының 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасын тұрғындармен бірге талқылаудан кейін қабыл­дан­ған ережелерге сәйкес жасалды. Ең алдымен азаматтардан ұсыныстар жинақталып, сарапшылардан тұ­ра­тын жұмыс тобы құрылды. Бағ­д­арлама жобасына әлеуметтік же­лілер мен түрлі диалог алаңдарынан келіп түскен 900-ге жуық ұсыныс­тың дені соңғы нұсқаға енгізілді.

Соңғы төрт жыл ішінде жақсы және қанағаттанарлық күйдегі ав­томобиль жолдарының үлесі 75 пайызға жетіп, екі есеге артты. 700 шақырымнан астам жол салынып, жөнделді.

«Қала адамдар үшін» тұжы­рым­­дамасы аясында велосипед жолдары, ақылы автотұрақтар, ве­ло­сипедтерді жалға беру, моторол­лер­лер, электрлік мотороллерлер қозғалысы ұйымдастырылды. Ерек­ше қажеттіліктері бар жаяу жүргіншілерге арналған жолдар са­лынды. Бірқатар көшелерде жыл­дамдық төмендетіліп, біржақ­ты қозғалыс енгізілді. Көлік рефор­ма­сын жүзеге асырудағы жүйелі көз­қарас үшін қала Еуропаның «ақыл­ды қалалар» байқауында 1-орынға ие болды.

Мамандардың айтуынша, Ал­матыда ауаға шығарылып кел­ген қалдықтардың негізгі көзі – көліктер. Ал біз жоғарыда айтып өткен электробус осы тұрғыдан кел­генде өте тиімді әрі ауаны лас­танудан сақ­­­­тайды.