Қасиетті құмаршық

Газет мақаласы "Айқын" газеті № 177

Атыраудағы «Ақ желкен» шы­ғармашылық орталығында «Қайта оралған құмаршық» ат­ты шара өтті. Оған қаладағы кө­некөз қариялар, қоғам қай­рат­керлері, құмаршық атты қа­сиет­ті өсімдіктің дәмін та­тып, оны қадір тұтқан азамат­тар қа­тысты. Олардың арасын­да Азғыр мен Нарын құмын қоныс еткен бабаларымыздың ұрпақтары да бар.

Қасиетті құмаршық

«Құмаршықты айтқанда, со­нау отызыншы жылдардың ой­раны, қазақ халқын қынадай қыр­ған аштықтың азалы, ыңырси шыққан үні құлаққа жететіндей. Аштықтан арып-азып, тентіреп кеткен ел-жұртты түбірімен, те­гі­мен жойылып кетпеуіне сеп­тес­­кен, қасиетіңе мың тағзым деуге ке­летін осы бір Құ­мар­шық ата­­ла­тын құмды өңірде өсетін, жа­­байы, құнарлы өсімдік еді. Сол аштық­тың азалы желі өң­мендей соғып, жұртымызды қай­рансыз қалдырып, көзің қарауы­тып, өзегін талдырған уақытта оған ауызы жет­кендердің тамыры қайыра бүл­кіл­деп соғып кеткені аңыз емес, шын­дық» дейді шараны жүр­гізген журналист Таңатар Дәрелұлы.

Құмаршықтың пайдасы көп. Оның сыртқы жараға емдік қа­сиеті анық дәлелденген. Егер де оны дайын­дап, сұйық күйінде пай­да­ланса, асқазан-ішек ауруларының бірден-бір емі әрі мұндай сыр­қат­тардан сақтандырады. «Құмар­шық­тың емдік-дәрумендік қа­сиетін зерттеу – ғалымдардың ен­ші­сіндегі тақырып. Ел оған үлкен үміт­пен қарайды. Құмаршықтан азық ретінде көже ғана емес, оны өңдеу ар­қылы түрлі сапалы сусындар дайын­дауға болады. Оны зерттеуді ғы­лыми-зерттеу институты қолға ала­ды деген үміттеміз» дейді ұйым­дастырушылар.

Құмды аймақта тамыр тарт­қан киелі өсімдікті еске салып, тағылымды шара ұйымдастыруға себеп болған – өзі де қолымен диір­мен айналдырып, құмаршық­тың талқанын да, нанын да жеген халқымыздың зерделі ұлы, сенатор Сәрсенбай Еңсегенов.

– Әжем Жұмажан осы өңірдің жұртшылығын аштықтан аман алып қалған құмаршық екенін құ­лағымызға құйып өсірді. Әкем де диірменнің құлағын аз ұста­маған, жоқшылық көріп өскен азамат. Реті келгенде өзім де диірмен тартып, талқан дайындадым. Сайысқа қа­тысушы Мәрия Ғұмарова апайдың құмаршықты қағудан бастап, одан ас мәзірін дайындауға дейінгі мех­натын Қошалаққа барып, арнайы тамашалап қайттық. Бірге барып, киелі астың дәмін татқан дос-жа­ран маған көп қолдау білдірді. Құмаршық туралы аз ойланғаным жоқ. Аштық азабын шеккеннің барлығына дерлік құрметіміз шек­сіз. Сол аламат қиын заманда ел­ді азып-тозудан сақтап қалған өсім­діктің қасиетін білгеніміз жөн, – деді Сәрсенбай Құрманұлы.

Сенатор құмаршықтың бар ізгі қасиетін айшықтайтын ескерткіш-бел­гінің дайын тұрғанын, ол ес­керт­­кіштің Алла бұйыртса, «Аты­рау-Астрахан» күрежолының Құр­­манғазы ауданына жақын бір бөлі­гіне орнатылатынын жеткізді. Атал­­ған шараға ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, Парламент депу­тат­тары қатысуға ықылас білдіріп отыр. Бұл ауқымды шара келесі жыл­­дың мамыр айына белгіленіп отыр. Ал Сәрсенбай Құрманұлының ұсы­нысымен ғылыми-зерттеу инс­ти­туты құмаршықты зерттеуді қолға алды.

Жиында сөз алған Сенат депу­таты, белгілі қаламгер Нұртөре Жүсіп, осы шараны ұйым­дас­ты­­рушы, «Жерұйық» қоғамдық қо­ры­­ның төрағасы Нұрберген Әбдірешұлы құмаршықтың мән-ма­ңы­зы­на тоқталды.

Қол диірмендер зырылдап айналды. Сайысқа қатысушылар әкелген құмаршық наны, көжесі, талқаны, одан дайындалған тағам­нан ел-жұрт ауыз тиіп, ризашылық­тарын білдіріп жатты. «Ақ жел­кен­­нің» үлкен залында құмды өл­­ке­нің байырғы тұрғындары кө­шіп кел­гендей әсер қалдырды. Исатай ау­даны Хамит Ерғалиев ауы­лы, Қа­мысқала округінің жүз ша­қы­рым қашықтықтағы «Әйтіш» құмын мекендейтін Гүлпара Қабекенова есімді шопан келіншек қолдаушыларымен бірге қол диірменін арқалап, арнайы келіпті. Құмаршық өскен алқаптың бір қапшық құмын көтеріп әкеліп, еденге төгіп, өсімдікті сол өсіп тұр­ған күйінде құмға қадап қойды.

Одан бөлек, ұлт-аспаптар ор­кес­трінің орындауында Құрман­ғазы бабамыздың күйлері тұлпар дүбірімен дүр сілкіндіріп, қан қоз­дырса, «Ақ Жайық» ансамблінің қос қарлығыштай әнші қыздары Мұхит болып көктен сорғалап, Ғарифолла болып егілдірді. Дина оркестрінің солисі Бақытбек Сәрсенов Нұрпейіс Байғаниннің «Еңбек термесін» тарту етті.

Қазылар алқасына да жүлде­герлерді анықтау оңайға түспеді. Қазылар алқасының төрағасы Өмірзақ Қажымғалиұлы шара­ның айрықша маңызына тоқ­та­ла отырып, жеңімпаздарды құт­тықтап, ризашылық сезімін біл­дірді. «Тарихқа тағзым» аталымы бойын­ша Құрманғазы ауданының Дың­ғызыл ауылдық округінен қатыс­қан Лена Ризуанова жеңімпаз атанды. «Бабалар жолын сақтағаны үшін» аталымы Исатай ауданының Тұщықұдық ауылдық округінен келген Хайрошева Айгүлге бұйыр­ды. «Салт-дәстүрге беріктігі үшін» аталымы Құрманғазы ауда­ны­ның Мақаш ауылдық окру­гі­нен қатысқан ерлі-зайыпты Қы­дырсиық Құсайынұлы мен Галя Садиыққызына берілді. 1-орын исатайлық Гүлпара Қабекенқызына сыйланса, көрермен көзайымына ие болған зейнеткер әже Мәрия Ғұмарова Құрманғазы ауданындағы әйгілі Қошалақтан арнайы ке­ліпті. 3-орын ақтоғайлық диірмен­ші Мұстахима Әлиеваның қанжы­ғасына байланды. Барлық қатысу­шыға ақшалай сый-сияпаттар ұсы­­нылды. Бір ескерерлігі, мұның бәріне Сәрсенбай Еңсегенов мұрындық болды. Сөйтіп, мұ­най­лы астана төрінде тұң­ғыш рет диір­мендер зырыл қағып, салтанат құрды.


Айнагүл ШАКУПОВА 


Тақырып бойынша материалдар