Балық сасыған базар

Газет мақаласы "Айқын" газеті № 177

Қазір елді ет қымбатшы­лы­ғы меңдеген тұста балық саудасы қызып тұр. Білгенге ба­лық та ет. Балық еті құра­мын­да өте көп дәрумен мен микро­элементтер болған­дық­тан оның био­логиялық бағасы ірі қара мал мен қой етінен жоғары екен. Мәселен, балық етінің 100 грамында адам денсаулығы үшін өте қажет болған бір күндік – 0,2 миллиграмм йод болса, оның құрамында ақуыз, түрлі дә­ру­мендер, минералдар, темір, йод, магний, фосфор бар.

Балық сасыған базар

Алайда шыны керек, жылқы еті мен қой етін азық еткен қа­зақ ба­лықты тамақсынбайтын. Ба­лық орыстың тағамы деген ұғым қалыптасқан. Мүмкін бұған қа­зақтың балық шаруашылығына оншалықты құлық танытпайтыны да себеп шығар. Шүкір, соңғы жыл­дары балыққа да бет бұра бас­тадық. Бүгінде оңтүстік өңірдегі Шардараның балығы елге таны­мал бола бастады. Тіпті, өңір тұр­ғын­дары да балықты тұтынуда едәуір бел­сенділік танытуда. Бірақ ба­лық сату мәдениеті қалыптаспай тұр.

Қазақта «етті жесең тісіңе, же­месең түсіңе кіреді» деген сөз тарап кеткен. Сол сияқты, балықтың сүй­­сініп жегенге, яғни пісіріп дайын бол­ғанға дейінгі әуресі көп еке­ні белгілі. Сыртындағы қа­быр­­ша­ғын, қылтығын тазалауды айтпағанның өзінде, иісінің өзі бір әлем. Бүгінгі айтпағымыз да сол, шикі балықтың сасық иісі мен тазалығына оны сатушылардың немқұрайлы қарауы себеп.

Шымкент қаласында «Жо­ғарғы базар» маңындағы Ақпан батыр көшесінен төмен қарай түсіп бара жатқан аймақ балық базарына айналған. Ертеректе жалғыз балық дүкені болған бұл аймақ соңғы жылдары бірінен соң бірі 10 шақты сауда қатарымен толықты. Бұл да болса тұрғындардың балыққа деген сұранысының артқаны болса керек. Күнкөрістің қамымен құрылған сауда қатарларына иттігіміз жоқ. Дегенмен жоғарыда атап өткендей, шикі балықтың лас келетінін ескерсек, осы аймақтан бүгінде адам да, көлік те өте алмай қалды. Оның үстіне, жоғарыдан төмен қарай орналасқандықтан балықтың қаны, оны жуған су тө­мен қарай көшені аралап кетеді. Кө­шенің екі қапталы көлікке то­лып тұратындықтан қашанда ығы-жығы көлік кептелісін ту­ды­ратыны тағы бар.

Балық өнімдерінің қауіп­сіз­дігіне қойылатын талап бойынша тамақ шикiзаты мен қосалқы ма­териалдарды еденге қоюға жол берiлмеуі керек. Барлық қой­ма үй-жайларын таза ұстау кезең-кезеңiмен дезинсекция және дератизация жасалуы қажет. Сондай-ақ талапта «Балық және балық өнiмдерiн тасымалдау санитарлық-эпидемиологиялық қызметтiң аумақтық органдары берген санитарлық паспорты бар арнайы жабдықталған көлiк құралдарымен жүзеге асырылады» делінген. Алайда біз көрген ба­лық сауда қатарларында балық өнімдері жерде жатыр. Одан қала берді, тасымалданатын көліктер де лас. Көліктерден жерге қан аралас су ағып жатыр (суретте).

Біз балық өнімдерін іш­кі сау­да нысандарына орна­лас­­­тыру бо­йын­ша техникалық рег­ла­менті жайлы ветеринарлық-сани­тариялық және санитарлық-ги­гиеналық ережелері нормаға қаншалықты сай келетінін білу үшін жауапты мекемелерге ха­барласқан болатынбыз. Базар Еңбекші ауданына қарасты бол­ғандықтан осы аймақтың Та­уар­лар мен көрсетілетін қыз­мет­тердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Мұрат Бейсенбаевпен тілдестік. Мұрат Сембекұлы бұл аймақтың тексеруге жатпайтын жоғары эпи­демиологиялық маңызы бар нысандар тізіміне енетінін атап өтті. Яғни, тұрғындардан қандай да бір арыз-шағым түспесе, жос­парлы тексеру жүргізілмейді. Кә­сіпкерлік орындары тек ашыл­­ғаны туралы хабарлама көр­­сетумен ғана шектеледі. Сани­тарлық-эпидемиялық мекеме басшысы осындай шарасыздық танытып отырса, Шымкент қала­лық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы Манарбек Ер­жігітовтен де осы тектес жауап ал­дық. Жоғарыда атап өткендей, тек­серуге жатпайтын нысандар қа­та­рына жататындықтан құ­зыр­лы орган мамандары бұл маңайға аяқ баса алмай отыр. Негізінен талап бойынша балық сататындар осы басқармадан рұқсат алуы тиіс. «Егер тұрғындар тарапынан арыз-шағым келсе ғана тексере аламыз. Сол кезде біз ондағы балық сатушылардан сатуға рұқсат қағаздарын, ба­лық құжатын, сонымен қатар көк­темде уылдырық шашатын кез­де сатылып жатқаны туралы құ­жат­тарын сұрар едік. Алайда дәл қазір біз оларға өздігімізден барып, килігіп ешнәрсе де талап ете алмаймыз» дейді бөлім бас­шысы.

Сонда дейміз-ау, мемлекеттің бекіткен бұйрығын біз түсінбедік пе, әлде қалай болғаны? Осы ай­­мақтан уланып не болмаса соған ұқ­сас қайғылы оқиға болғанға дейін құзырлы ор­ган­д­ар­дың тексеру жүргізіп, қада­ға­лауға қауқары жетпей ме? Ен­де­ше, Шымкент қа­ласының орта­лы­ғында болып жатқан мы­нан­дай өрескелдікке арыз келіп түс­кенше көз жұмып жүре берейік пе?

 

Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы