Мақта бағасы мазалап тұр

Газет мақаласы "Айқын" газеті № 177

Бүгінде Түркістан облы­сының ди­ха­ндары күзгі жиын-терімін аяқтап, алды сабан тойын тойлап жатыр. Де­генмен кейбіреулер үшін өнім жинау науқанының қарбаласы әлі де аяқталған жоқ. Әсіресе, кей­бір мақ­та­шыларға қыстың алдында өнім­дерін шығынға ұшыратпай, ырыздық не­сі­бе­лерін тезірек жинап алу басты мақсат болып тұр.

Мақта бағасы  мазалап тұр

Мақташылардың жағдайын білу мақ­сатында бірқатарымен кездестік, тілдестік. Ек­кен егін­де­рінен мол өнім алып, шаш етек­тен пайдаға кенелгендерінің қуа­нышы шек­сіз. Ал өнімін жи­нап үлгермегендерінің көңіл күй­лері жоқ, тіптен әңгімелесуге мұр­­ша­лары келмей, жұмыстарын жүр­гізіп жатыр.

Мақта саласында бірқатар мәселе бар. Айталық, ақ алтынды сату құны көңіл көншітпейді, баға төмен. Мемлекет тара­пынан алатын субсидияны алудың ма­шақаты жетерлік. Облыстағы мақ­та егу­мен көп айналысатын ауылдың бірі – Түркістан қала­сының маңындағы Ескі Иқан ауыл округінің шаруаларымен сөй­лестік.

100 гектардай жерге мақта еккен «Сар­­­­дар» шаруа қожалығының жетекшісі Алым­жан Нышанбаев былай дейді:

«Қазір менің шаруа қожа­лы­ғымда мақта терімі қызу жүріп жа­тыр. Бүгінде мақ­таның 80 пайы­зын жинадым. Қалған өнімді жауын-шашынға ұрындырмай жи­науға атсалысып жатырмын. Жал­пы, мақта өніміне келсек, биыл ша­руалар үшін жаман емес, гек­тарына 15 центнерден бастап 45 цент­­нерге дейін алып жатқандар бар».

Диқанның айтуынша, мақ­таны қолмен теріп, жинаған жақсы. Алайда бүгінде мақта те­ретін адам аз. Бүгінде мақта тер­гені үшін әр келісіне 30-40 теңге берсе де, терімге ешкім шыға бер­мейді екен. Тіптен Өзбекстан елінен келіп, теріп кететіндер де бүгінде жоқтың қасы. Сондықтан өнімді мақта теретін техникаларға жинатады.

Комбайндар терім үшін әр гектарына 45 мың теңгеге дейін алады. Техникамен терген әрине, қолмен тергендей болмайды, се­бебі сапасы да аздап төмендейді. Өнімдерін мақтамен айналысатын компанияларға сатады.

«Бастапқы сапалы кезде мақ­тамыздың тоннасын 150 мыңнан тапсырғанбыз. Қазір сапасы төмен болғандықтан, құны – 130 мың теңге. Бұл баға – біз үшін төмен. Ал үкіметтен алатын субсидия үшін қазір құжаттарды жинап жа­­тырмыз. Бірақ құжатбастылық көп, жұмысымыздан қалдырады. Өткен жылы қаптаған құжатбас­тылықтың кесірінен тиісті құ­жа­т-тарымды тапсырып үлгермей қалдым. Маған «кешіктің» деп сол қаржыны бермей қойды. Биыл да сондай жағдай қайталанбаса жарар еді» дейді Алымжан.

Оның айтуынша, компания­лармен келісіп, фичер жолымен ақша, себетін дәрі-дәрмектерді алады екен.

«Биыл ауа райы жақсы, су мол болды. Сондықтан биыл был­тырғы жылға қарағанда егініміз жақсы. Көктемде арам шөптен тазалау үшін адам басына күндігіне 2 мың теңгеден бердік. Қажетті кезде адамдарды жұмысқа көбірек тартамын. Негізінде, 4-5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр­мын» деді А.Нышанбаев.

«Аминжон» шаруа қожа­лы­ғының қожасы Қаражан Зияутди­нов есімді шаруа мақтасын уа­қы­тылы жинағанын, мол өнім ал­ғанын жеткізді.

«50 гектарға мақта ектім. Ша­мамен гектарына 30 центнерден өнім алдым. Мақтамды келіскен мақта қабылайтын компанияға өткізіп қойдым. Енді алатын қар­жымды күтіп жүрмін. Естуімше, мақтаның бағасы 130-150 мың шамасында болады деп жатыр. Әрине, бұл – біз үшін аз. Өйткені егінді өсіруге қажет тауардың ба­­ғасы өсіп кетті. Сондықтан ала­­тын аз қаржы еңбегіңді ақтай бер­­мейді. Сол себепті мақтаның ба­ға­­сын көтерсе дұрыс болар еді. Биыл біздерге субсидия (дота­ция) береміз деп жатыр. Соны те­зірек алсақ, жақсы болар еді. Оның да машақаты жетерлік. Қағаз­бас­ты­лық көп кедергі жасайды. Мә­селен, ауылдық округтердің Түр­кістаннан Кентауға өтуіне бай­ла­нысты көп шаруалардың жерлерінің құжаттарын ауыстыру керек. Ауыстырып үлгермей жатыр. Міне, осы сияқты мәселелер мем­лекеттен алатын қаржыға қол жет­кізуге кедергісін келтіруде. Қа­зір барлығын ғаламтор арқылы, яғни электронды жолмен сайттар ар­­қылы тіркеп алатындай етіп жа­сап жатыр. Алайда оған ауыл­да­ғы­лардың мүмкіндігі келе бер­мейді» дейді диқан.

Қ.Зияутдиновтің сөзіне қара­ғанда, егінге қажетті қаржыны «Ырыс» микроқаржы ұйымынан 6 пайыздық несиемен алады екен. Сондай-ақ ол мемлекеттен алатын субсидияны жоғарыдағылар бе­руді тезірек шешіп берсе деген ті­­легін жеткізді. Ол сондай-ақ мақ­­таны қолмен тергізгеннен ком­байндармен тергізген тиімді екенін айтады. Өйткені мақтаны қолмен терген терімшілер әр келісіне 30-40 теңгеден алса, гектарына цент­нермен есептегенде көп ақша ке­теді екен. Яғни, қолмен тергенде шы­ғын 100 мыңнан асып кетеді. Ал комбайнмен жинатса онда гектарына шығын 40-45 мың теңге көлемінде болады. Сол себепті техникамен жинаған әлдеқайда тиімді әрі арзан.

Осы айдың басында оңтүс­тік өңірге табан тіреген Ауыл ша­руашылығы министрі Сапархан Омаров пен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бастаған жұмыс тобы мақ­­таның отаны саналған Мақ­таарал ауданына барып, онда­ғы жағ­даймен танысты. Облыс­та өн­дірушілермен өткен жиында об­лыстағы мақта шаруашылығының өзекті мәселелері талқыланған-ды.


Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Кесікбайұлы мақта зауыт­тарын аз пайызбен кредит­тендіру, салықтан босату және ша­руаларды субсидиялау мәселелерін шешуге ықпал жасайтынын ай­тып, «Мақта саласын дамыту ту­ралы» заңын қайта қарайтынын атап өткен еді.

Облыстық ауыл шаруа­ш­ы­лығы басқармасының бас­шы­сы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, жалпы мақта да­қылын өсіріп, өндіруге бірінші кезекте мемлекеттік қол­дау­дың нәтижесінде, жанар-жағармай 15-20 теңгеге арзан­да­тыл­­ған ба­ға­мен тарқатылған.

«Биыл жалпы мақта дақылы­ның егіс көлемі 131 мың гек­тар­ға егілді. Өткен жылмен салыс­тыр­ғанда, әртараптандыруға сәйкес 3 000 гектарға азайтылып отыр. Жалпы, осы 131 мың гектардың әр гектарына 27 центнерден 340 мың тоннадан астам өнім жиналды. Бүгінгі таңда соның 78 пайызы мақта өңдеу кәсірорындарына тапсырылды» деді ол.

Нұрбек Бақтыбайұлының сө­зіне қарағанда, минералды тыңайт­қыштардың құны 50 па­йызға дейін субсидияланған. Қа­зіргі таңда облыс әкімінің арнайы қаулысы қабылданып, бір тонна шитті мақтаның көлеміне 12 мың теңгеден субсидия төлеу мә­селесі шешілген. Субсидия тө­ле­мінің бар­лығы ақпараттық есептеу орта­лығы, яғни www.qoldau.kz сайты арқылы өтеді.

Басқарма басшысы мақта өң­деу кәсіпорындары мен дайын­даушы ұйымдар мақтаның әр ке­лісі үшін 150 теңге, соңы 135 тең­­геден мақта өніміне төлеп отыр­­ға­нын айтады.

«Біздің мақта өңдеу зауыт­тарымыз әлі күнге дейін шетелдік компаниялармен келісімге келе алмай отыр. Сондықтан шаруа­лардан қабылданған өнімдердің барлығы 135 пен 150 теңгенің арасында болуда. Бұл мәселені шешу үшін Ауыл шаруашылығы министірлігі мен облыс әкімі ар­найы жұмыс тобын құрды. Сол жұмыс тобының алғашқы оты­рысы Нұр-Сұлтан қаласында биылғы 7 қарашада өтіп, көптеген мә­­селенің түйіні шешілген бола­тын» деді Н.Бадырақов.

Оның айтуынша, бүгінде облыс бойынша 18 мақта өңдеу зауыттары бар, соның 9-ы мақтаны тікелей шаруалардан сатып алып отыр. Қалғаны дайындаушы ұйымдар арқылы сауда жасайды. Көктемгі егіс дала жұмыстарына Үкі­мет тарапынан жыл сайын арзандатылған жанар-жағармай бөлінеді. Биылғы жылдың өзінде жалпы облыстың көктемгі дала жұмыстарына 39 мың, күзгі дала жұмыстарына 35 мың, жалпы 70-80 мың тонна төңірегінде жа­нар-жағармай бөлінді. Одан бөлек, «КазАгро» Ұлттық басқару холдингі» АҚ еншілес қаржы ұйымдары арқылы, яғни Аграрлық несие карпарациясы арқылы 5 млрд теңге несие көлемінде көк­тем­гі дала жұмыстарын жүргізу үшін ар­зан­датылған қаржы бө­лінді.

Н.Бадырақовтың мәліметіне сай, биыл мақта теріміне 359-дан астам комбайн қатысты. 340 мың тоннаның 60 пайызына жуығы комбайнмен жиналған. Ал 40 пайызы қол терімімен жұм­салды. Жұмысшылардың көбі жер­гілікті ауыл тұрғындары, шаруа қо­жалықтың мүшелері және қосымша Өзбекстан Респуб­ли­ка­сының жұмыскерлері.

Күні кеше Мақтаарал ауда­нында күзгі жиын-терім науқа­ны­ның аяқталуына арналған «Алтын күз-2019» іс-шарасы өтті. Шыбық шаншысаң шынар болып шығатын Мырзашөл өңірінің жері де жомарт екені белгілі. Оған биылғы жиын-терімнің нәтижесі дәлел.

Мәселен, Мақтаарал ауда­нын­дағы «Бекжігіт» шарауа қо­жалығынан Өтегенов Жаңабай 9,9 гектар жерінен 49,5 тонна мақта жинап өнімділігін әр гектарына 50 центнерге жеткізіп, «Озат мақта өндіруші» номинациясы жеңіп алып отыр.

Ал Еңбекші ауыл округінің тұр­ғыны Саодат Салмырзаева күніне шамамен 180 келі мақта теріп, жалпы 7 350 келі мақта жи­нап «Озат мақта терімші» номи­на­ц­иясын жеңіп алды.


Түркістан облысы