Елімізде Нұрсұлтан есімді қанша адам бар?

«Елорда Инфоның» тілшісі Қазақстанда Елбасымен аттас қанша адам бар екенін зерттеген.

Елімізде Нұрсұлтан есімді қанша адам бар?
Фото: Айтжан Мұрзанов

Дерекөздің жазуынша, Қазақстанда Елбасының 18 076 аттасы бар екен. Оның ішінде, 1617-сі Нұр-Сұлтан қаласында тұрады.

Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметінше, 2019 жылы 41 сәбиге Нұрсұлтан есімі қойылған.

Бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда бес есе аз. Себебі, 2015 жылы 205 балаға Нұрсұлтан есімі қойылған екен. Бұған Елбасының 2015 жылдың 29 сәуіріндегі инауграциясы себеп болған көрінеді. 2016 жылы 136 балаға Нұрсұлтан есімі қойылған. 2017 жылы — 104, 2018 жылы — 67.

Астананың атауы өзгертілгелі бері Нұрсұлтандардың қатары 28 адамға көбейген.

«Елорда Инфоның» жазуынша, Қазақстанда қыздарға да Нұрсұлтан есімі қойылған. Қазақстанда бес Нұрсұлтан және екі Нұрсұлтана есімді қыз бар. Ақпарат көзінің жазуынша, Қазақстанда аты-жөні Нұрсұлтан Назарбаев болып жазылған 56 адам тұратын көрінеді.