Бала сүюге берілген мүмкіндік

Газет мақаласы "Айқын" газеті № 185

Қазір әлемде 2 миллион жұп жасанды ұрықтандыруға жүгінеді. Ал елімізде ерлі-зайыптылардың 15-20 па­йы­зы осы мәселемен бетпе-бет келеді. Емнің бағасын кез кел­геннің қалтасы көтер­мей­ді. Осыған байланысты МӘМС арқылы жасанды жолмен ұрық­тандыру әйел­дерге жы­лына бір рет тегін жасалады.

Бала сүюге берілген мүмкіндік

Әлеуметтік медициналық сақ­тандыру қоры осындай тиімді тә­сілді ұсынып отыр. Халықпен жұ­­мыс істеу департаментінің аға ме­неджері Гүлзия Тайпованың айтуынша, қор бірнеше орталық­пен жұмыс істейді. Жұ­мыс сәтті аяқталса, 2020 жыл­дан бастап әйелдер жылына бір рет жасанды жолмен ұрықтандыру қызметіне жүгіне алады. Аталған қызмет түрі жұмысшылардың жалақысының бір пайызын қорға аудару есебінен көрсетіледі.

Қазақстанда жасанды ұрық­тан­дыру 1,2 млн теңгеден баста­лады. Бұл сомаға жол шығыны мен бастапқы тексерілу ақысы кір­мей­ді. Бірінші мүмкіндіктен қайран болмаса, келесісі үшін де ақша төлейсіз. Мұндай қызмет ақысын қолдануға көпшілігінің шамасы келмейді. Сондықтан мемлекет жыл сайын 900 квота бөледі. 900 квота елдегі бедеулік диагнозы бар 14 мың­нан астам отбасыға жетпейтіні анық. Осы мә­селені шешу мақса­тында ЭКО әдісімен жасанды ұрықтандыру әлеу­мет­тік-меди­циналық сақ­тандыру жү­йе­сінің тізіміне кірді. Бір реттік мүм­кін­дікті пайдалану үшін әр тұр­ғын әлеуметтік мәр­те­бесін анық­тауға міндетті. Содан кейін дә­рігер жол­дамасы болуы шарт.

«Экстракорпоральді ұрық­тан­дыру – жоғары мамандандырылған қызмет. 2010 жылдан бастап ЭКО әдісінің біразы бюджет қаражаты есебінен жасалып, 100 квота бөлінді. Жылына 900 квота ғана бөлінеді. Қор 2020 жылдан бастап бөлінетін квота санын көбейтеді. Ал Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорынан бір реттік мүмкіндікке ие болу үшін бірнеше кезеңнен өту керек. Біріншіден, әлеуметтік мәртебесін анықтап, қорға тіркелуі тиіс. Екіншіден, әйел тұрғылықты мекенжайы бо­йынша емханаға барып, тексеруден өтуі қажет. Тексеріс нәтижесінде дәрігер ЭКО-ға жүгінуге нұсқау бе­реді. Әйел барлық талдама нәти­жесін жинап, арнайы комиссияға өткізеді. Тиісінше комиссия мүше­лері хаттама толтырады. Хатта­ма­ны алған соң Денсаулық сақтау басқармасына жүгінеді. Ары қарай квота жайын басқарма шешеді. Өз кезегінде қор берілген квота бойынша ақша бөледі», – дейді ол.

Осы жағдайға қатысты белгілі репродуктолог-эмбриолог Салта­нат Байқошқарова жиі мәселе көтереді. Репродуктивті медицина бойынша халықаралық ғылыми-практикалық конференциялардың бірінде дәрігер квота санын 10 есе көбейту керегін айтқан. Дә­рігер­дің сөзінше, 30 жасқа дейін жағдай­дың бас-аяғын анықтап, шешімін табуға асыққан жөн. Өйткені әйелдердің 30-40 пайы­зын­да 30 жасқа дейін бір реттік сынама нәтиже береді. Ал жас ұл­ғайған сайын нәтиже көрсеткіші азая береді. Сондықтан дәрігер ерте кезден қамдану керегін ескер­теді. Бүгінгі таңда ерлер арасында да белсіздік анықталып жатыр. Мұның себеп-салдарын медицина мамандары жіпке тізгендей жіктеп отыр. Ерлердің мәселесін ескерген қор келер жылдан бастап оларға да тегін емделуге мүмкіндік жасайды. Жоғарыда квотаның тағдырын әр өңірдегі Денсаулық басқар­ма­сы­ның шешетінін жаздық. Қор бол­са орталықтың жұмыс істеуін, нәтижесін бақылауда ұстайды.

Жеңілдік жайы сөз болғаны­мен, елімізде көпшілігі квотаның қолға тиетініне күмәнмен қарай­ды. Эльмира есімді кейіпкеріміз осы­дан 2 жыл бұрын ЭКО-ның көмегімен үшемді дүниеге әкелді. Айтуынша, жол шығыны, меди­циналық тексеру, бәрін қоса есеп­тегенде 2 млн теңгеге жуық қаржы жұмсаған. Квота туралы естігені­мен, оны алу үшін де ақша кететі­нін ескеріп, өз қаражатына ЭКО жасауды ұйғарыпты. Әркімнің өзінше күрескенін жөн көретінін қосты. Жақындарына айтқысы кел­мегенін, көпшілігіне әлі күнге табиғи жолмен босандым дейтінін жасырмады. Осыдан-ақ қоғамның әлі де болса ЭКО-ға оң көзқараста емес екенін байқаймыз.

Бедеулікпен күресу үшін жаһан мамандары түрлі амал қолданады. Қоғамдық ұйымдар арқылы ден­саулығын күтуге, смартфонды жиі пайда­лан­бауға шақырады. Жас­тар­ды сала­мат­ты өмір салтын ұс­тануға үгіттей­ді. Квота бөліп, от­ба­сыларға бала сүю­ге мүмкіндік беру – шет елдерде де кең тараған тә­жі­рибе. Мысалы, Ресейде жы­лы­на 2 рет тегін ЭКО жасатуға бо­­лады. Халықаралық комитет де­­регінше, Испания экс­тракор­по­ральді ұрықтандыру жасатудан алдыңғы орында тұр. Осы мәселе­ні шешуде белсенді іске көшкен ел – Израиль. Мем­лекет тарапы­нан қанша қажет болса, сонша мүмкіндік беріледі. Ерлі-зайып­тылар 10 рет, 20 рет бағын сынап кө­реді. Әйелдер 44 жасқа дейін аталған көмекті тегін пайдаланады. Егер одан нәтиже шықпаса, ақылы бөлімнің көме­гіне сүйенеді. Ақы­лы бөлімде, өз­деріңізге белгілі, қымбат препа­раттар қолданады.

Ал квота бөлуді әлем бойынша қарастырып көрсек, Дания мен Бельгияда 1 млн адамға 2 500 квота бөлінеді. Австрия мен Италияда ЭКО-мен емдеуге миллионға шаққанда 1 500-ге жуық квота беріледі екен. Жалпы, ЭКО пайда болғаннан бері дүниежүзінде осы әдіспен 8 миллион бала дүниеге келген. Бұл – Репродуктивті тех­нологиялар саласындағы про­грес­ке мониторинг жасау жөніндегі Халықаралық комитеттің мәліметі.

Ал Қазақстанда 1996 жылдан бері жасанды ұрықтандырудың нәтижесінде 30 мыңға жуық сәби өмірге келді. Жаңа жылдан бастап медициналық сақтандыру қоры жүйені іске асырса, халық санын аз да болса өсіруге оң ықпалын тигізер ме еді? Бұл – бала иісін аң­­саған ата-анаға берілген мүмкіндік.


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ