ТҚЖБ Оралдағы салымшыларына арнап 3D тур ұйымдастырды

Газет мақаласы "Айқын" газеті № 185

Баспаналы болуды арман­да­майтын адам жоқ шығар, сірә?! «Қайран менің өз үйім, кең са­рай­дай боз үйім» деп Жиренше ше­шен айтпақшы, болашақ пәте­рінің әр бөлмесі мен жиһазына дейін елестетіп, қиялына ерік беріп, таңды ұйқысыз атырып жүрген жандар қаншама?! Бұл, әсіресе Тұрғын үй құрылыс жи­нақ банкінен есепшот ашып, бір­неше жыл бойы қажетті қа­ражатты жинап, енді баспана кезегін күтіп жүрген жандар үшін өте таныс жағдай.

ТҚЖБ Оралдағы салымшыларына арнап 3D тур ұйымдастырды

Батыс Қазақстан облысын­дағы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өз салымшыларының бас­пана жайлы арманын шындыққа айналдырумен қатар, болашақ пәтерге таңдау жасауда да тамаша мүмкіндіктер ұсынып отыр. Бұ­дан былай салымшылар арманын­дағы пәтерді сатып алмас бұрын жаңа тұрғын үй орналасқан ау­дан­нан бастап, болашақ пәтерінің әр бөлмесіне дейін аралап көре алады. Яғни, ТҮҚЖБ АҚ-ның Батыс Қазақстан облысындағы барлық салымшылары жергілікті құрылыс компаниялары ұсынған кез келген тұрғын үйді инте­рак­тивті режимде компьютерден немесе ұялы телефоннан тама­шалап, таңдау жасай алады.

– Біз бұл жобаны салымшы­ларымызға мейлінше ыңғайлы жағдай туғызу және олардың уақытын үнемдеу мақсатында қол­ға алдық. «ТҮҚЖБ» АҚ Батыс Қазақстан облыстық филиалы құрылыс нысандарын модель­деуге арналған жаңа заманауи 3D форматында «Нұрлы жер» және «Өз үйім» бағдарламалары бо­йынша құрылыс нысандарын ұсы­нады. Жаңа 2020 жылдың ба­сында Батыс Қазақстан облы­сында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жалпы ауданы 42 мың шаршы метрді (761 пәтер) құ­райтын 6 көпқабатты тұрғын үйді тапсыру жоспарлануда.

Соның ішінде екі нысан Орал қаласының «Солтүстік-Шығыс» ықшамауданында және төрт ны­сан шаһардың Зашаған бөлігінде орналасқан. Тұрғын үйдің орташа бағасы 1 шаршы метр үшін «таза» әрлеу кезінде 140 000 теңгеден бас­талады. Біздің салымшыларға пәтер сатып алу үшін 20% немесе одан көп мөлшерде алдын ала төлем жасау жеткілікті, несие мөлшерлемесі жылдық 5%-ды құрайды.


Мәселен, егер бір бөлмелі пә­тердің ең төменгі құны 5,6 мил­лион теңгені құраса, онда клиент­ке 1,1 миллион теңге қаражатты шотқа жинау жеткілікті, – дейді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Батыс Қазақстан облыстық фи­лиа­лының директоры Аида Ипатова.

Аида Бақытжанқызы сонымен қатар салымшылардың қолже­тімді шарттармен баспана алу мүм­кіндігі тұрақты салымдар жа­саған жағдайда едәуір арта тү­сетінін атап өтті. Өйткені «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй конкурстық негізде ТҚЖБ салымшылары мен ЖАО кезегіндегі азаматтар арасында бөлінеді және салымшылардың депозитке тұрақты түрде қаражат салып отыруы олардың жоғары балл жинауына ықпал етеді. Тағы бір маңызды бонус – салым­шы­лардың жинақтаған салымдарына 20% көлемінде мемлекеттік сый­лықақы қосылады. Ол 200 АЕК немесе 505 000 теңгеден ас­пайтын сома бойынша есеп­телінеді. Жыл соңында 76 мыңға жуық облыс тұр­ғыны мемлекеттік сыйлық­ақыға ие бола алады. Олардың 18 мыңы ТҮҚЖБ-нен биыл ғана есеп­шот ашқан жаңа салым­шылар.

Орал қаласының тұрғыны Әскербек Баянғалиевтің Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің са­лымшысы атанғанына үш жыл болған екен. «Биыл үйлендім. Қазір баспана алудың қамымен жүрмін. Бүгін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Батыс Қазақстан облыстық филиалы салым­шы­лармен кездесу ұйымдастырып, құрылыс компанияларының бас­шыларын арнайы шақырып, қаладағы жаңадан салынып жат­қан тұрғын үйлер туралы жан-жақты ақпарат берді. Әсіресе, үлкен экран арқылы 3D форма­тында бір, екі және үш бөлмелі пәтерлерді тура ішінде жүргендей көрдік. Әр пәтерді көрсете оты­рып, қандай мекенжайда орна­лас­қанын, қандай құрылыс мате­риалынан салынғанын және қан­дай тиімді шарттармен алуға болатынын да ұғынықты етіп әң­гімелеп берді. Бұл салымшылар үшін өте тиімді тәсіл деп ойлай­мын. Баспаналы болу туралы арманыма жақындай түскеніме қуаныштымын», – дейді әсерімен бөліскен Әскербек.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы баспаналы болып үлгерген Гүлзада Дүйсенова болса, жақында балаларының атына депозит ашуды жоспарлап жүр екен. Бүгінгі кездесуден мол мағлұмат алғанын, соның ішінде ТҮҚЖБ ұсынған «Өз үйім» бағ­дарламасы туралы алғаш естігенін айтады. «Бұл бағдарламаның бас­ты артықшылығы – өз меншігіңде басқа да баспананың болуына рұқсат беріледі. Жылдық 7 пайыз мөлшерлемемен несие ал­ғаннан кейін төмен мөлшер­ле­меге, яғни үш жыл мерзімнен ке­йін жыл­дық 5 пайызға ауысу мүм­кіндігі қызықтырды», – дейді Гүлзада Ибатқызы.

«Өз үйім» бағдарламасы бо­йынша Орал қаласында 1 бөлмелі пәтердің құны 7 миллион тең­ге­ден, 2 бөлмелі пәтер 12 миллион теңгеден, ал үш бөлмелі пәтер 16 миллион теңгеден басталады.


Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,
Орал қаласы