Батырларға тағзым

Газет мақаласы Айқын газеті №73

Қарағандылықтар Ұлы Жеңістің 74 жылдығына арналған мерекелік іс-шарада Батыр Баян, Жидебай батыр, Аралбай батыр және басқа да батырлардың суретін алып шықты. «Батырларға тағзым» шеруінде тұрғындар қала көшелерінің бойымен майданда шейіт болған ата-бабаларының портретін ғана емес, сонымен қатар Қазақстан тарихында ел іргесін сақтауда жанқиярлық көрсеткен батырлардың суретін де алып жүрді.  

Батырларға тағзым

«Мәңгілік алау» мемориа­лы­ның алдында митинг-реквием өтті. Қарағандылықтар қаза тап­қан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

– Бұл еліміздің ең қасиетті ме­рекесі. Әр отбасының тарихы Ұлы Отан соғысымен байланысты. Біздің еліміз үшін Ұлы Жеңістің бағасы өте қымбатқа түсті: қан­шама сынған тағдыр, қайғы-қасіретпен келген жеңіс. Мына тұрған біздер, ержүрек аталар мен аналардың ұрпағымыз. Олар біздерге нағыз отансүйгіштік пен патриотизмнің қандай болатынын көрсете білген үлгі тұтар жандар. Өкінішке орай, сұрапыл соғыс жылдары ерлік танытқан батыр­ларымыздың қатары азайып ба­рады. Алайда оларды мәңгі есте сақтаймыз және болашақ ұрпаққа айтып отырамыз, – деді облыс әкімі Ерлан Қошанов.

Қарағандылықтарды салта­натты жиын барысында Ұлы Отан соғысының ардагері Бүркіт Ес­жанов Жеңіс күнімен құттықтады. Ардақты қария өзінің естелік­терімен бөлісіп, жастарға батасын берді. Майдангер 23 жасында ерлік жасап қаза болған Нүркен Әбдіровті еске алды. Қараған­ды­лық жас ұшқыш өзінің ұшағын жаудың бензовоз колоннасына беттеп, өмірін құрбан еткен болатын.

Бұл күні қарағандылықтар «Мәңгілік алау» мемориалына және Кеңес Одағының Батыры Нүркен Әбдіров ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Мерекелік шара Жеңіс саяба­ғында жалғасты. Кешке мұнда Нүркен Әбдіровтің ерлігіне ар­налған театрландырылған қойы­лым өтті. Сахнадан ұшқыштың ата-анасына жазған майдан хатын оқыды. Хореографиялық қойы­лымда сарбаздардың майданға аттануы туралы көрсетілді.

Бұл күні сонымен қатар Ерлан Қошанов ардагерлер Асылхан Омар­ханов пен Мария Шинке­вич­тің үйлеріне барып, май­дан­герлерді Жеңіс күнімен құттық­тады.

Мереке Жеңіс саябағында мерекелік салютпен аяқталады.

Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға 59 935 қарағандылық аттанды, оның 34 352-і қайтып оралды, 25 583-і қаза болып, 9 399-ы із-түзсіз жоғалып кетті. 6 587 қарағандылық ерлігі үшін ор­денмен және медальмен мара­патталды. 34 қарағандылық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.


Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,

Қарағанды облысы