«Даңқ» залы – дара нысан

Газет мақаласы Айқын газеті №73

Әулиеаталықтар Жеңіс мерекесін биыл да ерекше көңіл күймен қарсы алды. Алдымен облыс басшылары бастаған тараздықтар қалада орналасқан өңірден шыққан батыр-тұлғалар А.Сухамбаев, Ы.Сүлейменов, З.Космодемьянская, Т.Тастандиев  ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, рухтарына тағзым етті. Бұдан соң «Қаһарман ұлт – Бессмертный полк» шеруі өтіп, оған қатысқан 2 мыңнан аса адам А.Сухам­баев ескерткішінен Д.Қонаев және І.Жансүгіров көшелері арқылы Жеңіс саябағына дейін жүріп келді. Жеңістің 74 жыл­дығына арналған шеруге көпшілікпен бірге облыс әкімі Асқар Мырзахметов та арнайы қатысты.

«Даңқ» залы – дара нысан

Аталған саябақтағы «Мәңгілік алау» және Бауыржан Момышұлы ескерткіштеріне салтанатты түрде гүл шоғы қойылып, жиналғандар марқұм майдангерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. «Ерлік» мемориалды кешенінде жалғасқан мерекелік шарада, әскери, пат­риот­тық сарындағы әндер айтылып, билер биленді. Бұл күні осы саябақ ортасынан ашылған «Даңқ» залы тараздықтар мен қала қонақтары үшін тамаша тарту болды десек қателеспейміз. Облыс басшысы Асқар Мырзахметовтің тікелей идеясымен бой көтерген ерекше нысанның құрылысы – саябақтың өткен жылы басталған жаңғырту жұмыстарының жалғасы. Осы ретте еске сала кетейік, талай жылдан бері жөндеу көрмеген бұл Б.Момышұлы атындағы Жеңіс сая­ба­ғы өткен жылы бастан-аяқ жаңартылды. Толы­ғы­мен өзгеріске ұшыраған саябақ түрленіп, мазмұны артып, көркі еселене түсті. Онда «Ерлік» мем­ориалды кешені ашылып, Б.Момышұлы ескерткіші, «Мәң­гі­лік алау» осында көшіріліп, Батырлар және Данқ аллеялары салынған. Сонымен қатар келбеті келіскен сая­бақта Жамбыл облысы­нан шық­қан 48 Кеңес Одағы Баты­рының есім­дері жазылған ар­найы тақтай­ша­лар қойылып,  «Даңқ ал­лея­сы» маңына сұрапыл жыл­дары майданға аттанған 105 мың­нан аса жамбылдық жауын­гердің есімі қаша­­­лып жазыл­ды.

Жаңадан ашылған «Данқ» залы саябақ аумағындағы былтыр құры­лы­сы қолға алынған «Ерлік» мем­о­риал­ды кешенінің түйіні десек те бола­ды. Өйткені, бірнеше кезеңді қамтыған кешен құрылысы осымен толық аяқталып отыр. Айта кетейік,  мұндай ерекше нысан еліміз бойын­ша алғаш рет бой көтеріп отыр. Жалпы аумағы 1 500 шаршы метрді құрайтын зал екі қабаттан тұрады.

«Данқ» залының бірінші қабаты Ұлы Отан соғысы жылдарын бейне­лей­­тін фотосуреттер мен экспо­нат­тар­ға толы. Онда барлығы 1 миллион 500 мыңнан астам фотосурет-ше­жі­ре­­лер  топтастырыл­ған. Залға енген адам зұлматты жылдардың қасіретін жүрекпен сезініп, түсінеді. Оған құнды фотосуреттермен қатар зал ішінде соғыс, жеңіс, ерлік тақыры­бын­дағы әуендердің ойнап тұруы да айрықша әсер ететіні сөзсіз.

Залдың  бірінші бөлігінде орна­лас­қан 1941, 1942, 1943, 1944-45 жыл­­дарға арналған қабырғалардағы  суреттер сол кезеңдегі соғыс көрі­ніс­терін  еріксіз көз алдына алып келе­ді. Атап айтсақ, 1941 жылға арналған қабырғада «Барбороса» жоспарының картасы, Мәскеу үшін шайқастың, генерал-майор И.Пан­фи­ловтың, «Отан ана», Б.Момышұ­лының, Н.Белашевтың және басқа да барлығы 100-ден астам фотосурет пен 200-ден аса құжат қойылған. Ал зал­дың 1942 жылға негізделген қа­быр­­ғасы «Ленинград блокада­сына» арналған. Онда жыр алыбы – Жам­был Жабаевтың суреті, ақын­ның «Ленинградтық өреңім» атты отты өлеңі және өзге де дүниелер орын алған. 1943 жылға арналған қабыр­ға­да Сталинград, Курск шайқас­та­рына арналған үлкен фотолар жинағы орналасқан. Сол секілді 1944-45 жылдарға арналған қабырға­да Қызыл Әскердің Еуропаны азат етуін бейнелейтін фотолар жинағы берілген. Сондай-ақ залда «Рейх­стаг­қа ту тігу» барельефі, «Ана қасі­реті» ескерткіштерінің шағын макет­тері қойылған.

«Ана қасіреті» бұрышында бей­не­­ленген суреттерден соғыс зарда­бын тартқан жесір ана, жетім бала­лардың мұң-зарың ұғынасыз. Онда жай ырғақпен ойнатылып тұратын А.Қоразбаевтың әйгілі «Қара кем­пір» термесі де жүректі шымыр­лат­пай қоймайды. Сондай-ақ зал ішінде Тылдағы еңбеккер­лер­дің өмірінен сыр шертетін, 1945 жылғы 24 маусымдағы Мәскеу қала­сында өткен Жеңіс шеруі және Жеңістің 70 жылдығына арналған Нұр-Сұлтан қаласында өткен салта­натты шараның суреттері де көрініс тапқан. Тіпті жергілікті майдангер­лер­дің 500-ге жуық медалі де залдан тиісінше орын алғаны да көңілге қона түседі. Сонымен қатар залда үлкен лэд экран, электронды дерек­қор орнатылған.

Нысанның екінші қабатында «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығы орналасқан. Тұңғыш рет ашылып отырған орталықта Б.Момыш­ұлының бала шағынан  кемеңгерлік жасына дейінгі өмірін бейнелейтін музей және көркем­сурет бұрышы құрылған. Онда негізі­нен майдангер-қаламгердің шығармашылық-тұлғалық болмы­сын айшықтауға басымдық берілгені аңғарылады.

«Данқ» залының лентасын қию рәсіміне даңқты Бауыржан Момыш­ұ­лының келіні Зейнеп Ахметова, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор,  Мекемтас Мырзах­метұ­лы, Ұлы Отан соғысының ардагері Тлеуқабыл Төребеков қатысты.

– Бұл жай ғана ғимарат емес. Бара-бара бұл нағыз білім, ғылым, тарих орталығына айналады деп ойлаймын. Атам марқұм айтатын: «Мен өлгеннен кейін де тірілердің ішінде жүремін» деп. Мінеки, бүгін ата ортамызда деуге болады. Өйткені атаның атына арналып осындай орталық ашылып, артында қалған мол мұралары бір жерге жинақталып отыр. Әр қалада шашырап жатқан мұралардың басын бір жерге қос­қанда, өте қомақты дүние болайын деп тұр, – деді өз сөзінде Зейнеп Ахметова ағынан жарылып.

Ерман ӘБДИЕВ,

Жамбыл облысы