Төгілген тер және табандылық

Газет мақаласы Айқын газеті №74

Кеңестік жүйе ұлттық кадрларды сыртқа тепкен заманда білімі мен еңбекқорлығы арқасында Қалтай Сәмбетов 60 жылдардың соңында белгі беру және байланыс дистанциясының басшысы деңгейіне қол жеткізді. Бұл кезең ұлттық кадрлардың біртіндеп өндіріске кіріге бастаған шағы еді. Алайда білікті маман осымен тоқтап қалған жоқ, қайта  намысын қамшылай түсіп, биік белестерді бағындыру үшін барын салды.

Төгілген тер және табандылық

1939 жылдың 10 мамырында Жамбыл облысы Көктөбе ауы­лын­дағы қарапайым шаруа отба­сында жарық дүние есігін ашқан Қалтай бала кезінен ауылдың ауыр тірлігіне аралас­ты. Мектепті аяқтағаннан кейін сыныптастарының бір тобы институтқа түсу үшін қала­ға аттанса, кейбірі ауылда қалып қойды. Ал Қалтай Сәм­бет­ұлы болса Жамбыл кәсіби техника­лық училищесіне оқуға түсіп, оны 1958 жылы аяқтаған соң Аягөз жол дистансасының №21 разъезінде жол монтері ретінде қызу еңбекке кірісіп кетеді. Жазы аптап ыстық, ал қысы қатаң Семей теміржол бөлімшесінде алғашқы авто­матика мен диспетчерлік орталықтандыру жүріп жатқан кезенде жас маманды бұл қатты еліктірді. Ол жаңа техни­каның қыр-сырын бір жылдың ішінде меңгеріп, бірінші класты электромеханик атан­ды. 1964 жылдың қазанын­да Жамбыл-Луговой учаскесінің БОБ аға инженері болып тағайындалған Қалтай аға сөйтіп жүріп, Ташкенттегі көлік инженерлері институтын автоматика, телемеханика және байланыс мамандығы бойынша сырттай оқып алды. Ал 1970 жылдың шілдесінде Қалтай Сәмбетұлы Қазақ темір­жол белгі беру және бай­ланыс қызметінің бас инже­нері болып тағайында­лы­сы­мен жұмысқа қауырт кірісіп кетті. Сол жылдары Атырау–Астра­хан бағытында 310 шақырым­дық теміржол желісі тартылды. Атырау – Мақат – Қандыағаш, Мақат – Бейнеу – Маңғышлақ теміржол желілерінің өткізу мүмкіндіктері барынша артты­рыл­ды. Бұдан да басқа көпте­ген шаруалар тындырыл­ды. Сон­дықтан да болар, 1977 жылы Қалтай Сәмбетовтың кандидатурасы қолдау тауып, Қазақ КСР Халықтық бақылау комитеті Көлік және байланыс бөлімінің меңгерушісі қызме­тіне бекітілді. Өзін жақсы жағынан көрсете білген білікті маман 1980 жылдың қыр­күйе­гінде Қазақстан Компартиясы ОК Көлік және байланыс бөлі­мінің меңгерушісі лауазы­мына тағайындалады. Бұл жылдар Қалтай аға үшін ұйымдастыру бағытындағы үлкен өмір мекте­бі еді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарында Қытайдан тауар ағыны арта бастады. Сол кез­дер­де Қалтай Сәмбетұлы қызмет істеген алматылық темір­жолшылар қысқа уақыт ішінде, яғни 1990 жылдың 12 қыркүйегінде Достық – Алаша­нькоу шекаралық стан­са­лар өтпесінде Қазақстан мен Қытай теміржол магистралын түйістірді. Осындай жақсы жетістіктері үшін Қалтай аға 1997 жылдың ақпанында «Қазақстан темір жолы» РМК Бас директорының орынба­сар­лығына тағайындалды. Тіпті артынан «Қазақстан темір жолы» РМК Бас дирек­торы­ның бірінші орынбасары болып та қызмет атқарды. Сол жыл­дардың өзінде қазіргі қа­лып­­тасқан бағыттар бойын­ша жүк тасымалы ағынын қам­та­ма­­сыз етуге мықты негіз қалан­ған болатын.

Ең бастысы, Қалтай аға қазақтан шыққан кәсіби теміржолшы ретінде кеңестік жүйемен сіресе қатқан қар мен мұзды жарып шыққан алып локо­мотивті елестетеді. Ұлт­тық мамандарға қолбайлау болып келген кедергілерді елемей, өзінің еңбекқорлығы мен табандылығы және тәртібі арқасында қол жеткізген жетістіктері өскелең ұрпаққа үлгі. Намысшыл ер тістене жүріп, теміржол саласындағы барлық жаңашылдықтарды тез игерумен қатар, соларды іс жүзінде жүзеге асырудың сырына қанық болды. Сол үшін де небір лауазымдарды атқаруға шақырылды. Еліміз тәуелсіздігін алған жылдарда аянбай еңбек еткен Қалтай Сәмбетұлы бүгінде сексеннің сеңгіріне келіп, ақыл-кеңесін айтып отыратын абыз ақсақал­ға айналды.


Асқар ИСАКОВ,

менеджер