20 пайызын жинадым, үй қайда?

Газет мақаласы Айқын газеті №74

Қазақстандағы ипотекалық несие нарығында бұрын-соңды болмаған көрсеткіш тіркеліпті. Биылғы ақпан айының соңында жалпы сомасы 1,3 триллион теңгеге ипотека рәсімделген. Яғни, берілген кредиттің жиынтық көлемі 22,5 пайызға өскен. Демек, мемлекеттік тұрғын-үй бағдарламалары белсенді іске асырылып жатыр деген сөз. Бірақ таяқтың екінші ұшы сол – пәтер бағасы шарықтай түсті. Мысалы, иесі бар пәтерлердің құны 10-15 пайызға қымбаттаған. Жаңа үйдің бір шаршы метрі де бұрынғыдан гөрі аспандай түсті. Көтеріліп жатқан дүние көп. Халықтың табысы ғана тұралап тұр.

20 пайызын жинадым, үй қайда?

«7–20–25» бағдарламасы арқылы үй алуға мүмкіндік туғанда қуанғандар көп болды. Жылдық пайызы – 7, қолыңызда алатын пәтердің 20 пайызына тең сома болса болғаны, қаласаңыз 25 жылға создырып ала аласыз. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» әзірге ең төмен пайыз ұсынғанымен, үйдің жарты ақысын жинауға екінің бірінің жағдайы жете бермейді. Өйткені онсыз да жалдамалы пәтерде тұратын адам есепшотқа салатын ақша таппайды. Экономист Айдар Әлібаев халықтың ахуалы төмендегенін айтады. «Кім не десе де, Қазақстандағы орташа жалақы 100 мың теңгеден аспайды. Ал пәтердің бір шаршы метрі – орналасқан ауданына қарай 300-650 мың теңге арасында. Оның өзінде бірінші әрлеуден ғана өткен. Яғни, жөндеу жұмысы толық аяқталмаған. Енді есептеп көрсеңіз, бір шаршы метріне ақша табу үшін жарты жыл жұмыс істеуі керек. Жылжымайтын мүлік бағасы шамадан тыс жоғары. Оған экономикадағы деградацияны қосыңыз. Осылайша, тұрғындардың сатып алу қабілеті мен айлығы соңғы уақытта төмендеп жатыр», – дейді ол.

Krisha.kz сайтындағы жыл­жымайтын мүлік индексіне көз салсақ, осы жылдың бірінші тоқса­нында пәтердің бір шаршы метрінің бағасы былтырмен салыстырғанда 2,2 пайызға қымбат­таған. Еліміздің 14 аума­ғында да жағдай осындай. Пә­тердің құны болса 4,4 пайызға өскен. Көш басында Шымкент (+16,1%), Өскемен (+10,8%) және Алматы (+9,4%) тұр. Ал Қызылорда (-3,6%), Ақтөбе (-4,1%) және Ақтау (-8,5%) қала­ларында керісінше пәтер арзан­дапты.

Ипотекалық бағдарламаның пайда болғаны қуантады. Бірақ ол қаншалықты тиімді әрі ха­лыққа пайдалы? Мәселе осыда. Айталық, төмен пайыздық көр­сеткішпен үй алғысы келетіндер қандай проблемаларға тап бола­тынын тізіп көре­лік. «7 – 20 – 25» бойынша тек жаңа үйлерді ғана алуға болады. Бір елорданың өзінде айнала құрылыс жүріп жатыр. Олардың барлығы жаңа үй болғанымен, ипотекалық бағдарламаның қаты­сушысы емес. Одан кейін үй тапшы­лы­ғына тап болу бар. Көбіне құры­лыс компаниялары кең үйлер салады. Олардың бағасы шектік сома, яғни 25 миллион теңгеден асып кетеді. Сонымен бірге, үй әлі салынып жатқанда үлестік қатысым негізінде сатылады.   

Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында бұл бағдарламамен пәтер табу қиын. Қалғаны – қала­ның шетінде не шаршы метрі үлкен. Аймақтарда «7 – 20 – 25» аясында берілетін пәтерлер аз. Алма­ты­да аталған бағдарлама арқылы 345 млрд теңге, ­Нұр-Сұлтанда 344,1 млрд теңге көле­мінде қарыз берілген.

Блиц-сұхбат

Ермек МҮСІРЕПОВ,

Қазақстан жылжымайтын мүлік федерациясының президенті:

– «7 – 20 – 25» бағдарлама­сы іске қосылғалы оң өзгерістер бар ма?

– Ипотекалық бағдарла­­малардың тиімді тұстары бар. «7 – 20 – 25» енгізілгелі бері стан­дартқа сай келетін пәтер­лердің басым бөлігі сатылып кетті. Оның игілігін көргендер көп. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шым­кент, Атырау және Қы­зылордада ғана осы бағдарлама арқылы үй алуға мүмкіндік бар. Енді өзге аймақтарда да дамыту жоспарланды.

– Басқа облыстардың қуана атсалыспауына кедергілер бары белгілі. Соларды атап өтсеңіз.

– Осы ретте бірқатар ке­дергілерді айту керек. Ең бі­рін­шіден, тұрғындардың жала­қысы жетпейді. Бағдарлама бо­йынша 200 мың теңге айлық алуы керек болса, аймақтағылар мұндай жалақы алмайды. Жұ­мыс орын­дары аз, шағын және орта бизнес кенже дамығаны да соған себеп.

– 20 пайызын құйып, үй алуға мүмкіндік беретін «Баспана Хит» бағдарламасына қандай баға бересіз?

– «Баспана Хитті» маман ре­тінде жақсы бағалаймын. Бүгінде иесі бар, екінші нарықтағы үй­лерді қамтуға күші жетіп отыр. Қазақстанда жаңа үйлерден ескілер көп. Сәйкесінше, келі­сім­шарттар да жиі жасалады. Бүгінде құрылыс компаниялары мен пәтер иелері бағамен «ой­найтын» тренд шығарды. Баға белгілеуде өз пайдасына жұмса­ғысы келеді. Дегенмен құрылысы енді басталған үйге үлескер болып, оның бітуін 1-2 жыл күту аса тиімді дей алмас едім. Бұл жерде құрылыс аяқталған соң, 10-15 пайыз үстінен ақша көру үшін сатып алатындар туралы айтып отырмын. Әр құрылыс кезеңінде түрлі баға ұсынатын құрылыс компаниялары көбіне заңнан тыс жұмыс істейді. Мұндай жағдайда үлкен тәуекел жасалады. Әкімдік пен Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры тарапынан рұқсат алған, келісімшарт жасалған кезде ғана мемлекет кепілдік бере алады. Бүгінде нарықта төмендеу тенденциясы байқалады.

– Демек, қазір үй алуға нағыз қолайлы уақыт па?

– Шаршы метрдің құны күрт өсіп кетеді деген қауіп қазір жоқ. Инфляция деңгейі 5-7 пайыз болып жатыр. Бірде түседі, бірде көтеріледі. Яғни, белгілі бір кезеңде алып үлгеру керек деуге келмейді. Сатып алуға да, сатуға да қазір өте қолайлы уақыт. Жыл тұрақты болады деген болжам жасап отырмыз.

– Көбі 25 жыл бойы үйге ақша төлеп отырғысы келмейді. Әйтсе де, сол уақыттың қалай өткенін білмей не ақшасыз, не үйсіз жүргендер жетерлік. Ипотекаға үй алуға қатысты жеке пікіріңізді білсек.

– Үлкен соманың қолда бол­ғанын күтіп отырудың қажеті жоқ. Өйткені 50 пайызын жи­наймын дегенше, жасыңыз 50-ге келуі мүмкін. Англиядағыдай валюта тұрақты болса, жағдай басқа. Бізде қалай? Қазақстанда теңге үнемі өзгеріп тұрады. Алда не күтіп тұрғанын білмейсің. Әрі кетсе 2-3 жылға ғана болжам жасауға болады. Сондықтан ал­ғашқы салымға жетерлік соманы біреуден алып не жинап болсын салыңыз да, ипотека рәсімдеңіз. 20 пайызын жинау оңайырақ. Бастысы, ертерек қимылдау. 25 жылға создырып алып, мүм­кіндік болса 5 жылда жауып тас­тайсыз. Әу баста 10 жылға алға­нымен, кей жағдайда үлкен со­маны ай сайын төлейтін мүмкін­дігіңіз болмауы мүмкін. Соны да ескеру керек. Алда-жалда ақ­шалы болып жатсаңыз, мерзі­мінен бұрын құтылып тастауға мүмкіндік бар.

– «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша үй алсаңыз 25 жылда екі есе көп қаражат жұмсайсыз. Бұл пайыздың өзі көп емес пе?

– Әрине, жарты құнын жи­нау­ға көбінің мүмкіндігі жоқ. Бірақ сіз айтқандай, 7 пайыздың өзі жоғары. Жоқтан жақсы деуге мәжбүрміз. 2-3 пайыз болса, тіпті жақсы болар еді. Неге олай ете алмай отырмыз? Себебі, эко­но­мика тұрақсыз. Ертең жағ­дай­дың қалай өзгерерін білмейміз. Егер жағдай тұрақталса, онда қо­рықпастан қолға алуға болар еді.   

– Салынып жатқан үйлердің сапасы көп жағдайда сын көтер­мей жатады. Қаншалықты кө­ңіліңіз толады?

– Жасыл технологияларды пайдаланып, заманауи үйлер са­ла­тын компаниялар бар. Құ­рылыс материалдары да сапалы. Сол себепті, бәрінің сапасы на­шар деп айтуға болмайды. Бірақ сіз айтып отырған үйлердің көбі мемлекеттік бағдарлама аясында салынады. Өйткені құрылыс компаниясы барынша тез салып бітуді ойлап тұрады. Арзан ма­териалдар пайдаланады. Соның салдарынан түрлі оқыс оқиғалар болып жатады. Мұны мемлекет реттеп отырғанымен, әлі де бақылауға алу керек.

Өзіңізге қолайлы бағаға үй тапқан соң, құжаттарын реттеу басталады. Ең бірінші, пәтерді бағалау керек. Сатушының баға­сы мен мамандардың есебі үнемі сәйкес келе бермеуі мүмкін. Кей­де құнын тым көтеретіндер бар, – дейді «КазБизнесМаркетинг» бағалау компаниясының қыз­мет­кері Руслан Абаев. «Пәтерді бағалауда бірнеше критерийге мән береміз. Оның ішінде қай қабатта және ауданда орналас­қаны, жөндеу жұмысының қан­шалықты жасалғаны деген сияқ­ты. Сонымен бірге, салынған жылы мен пәтердің бұрышта орналасқанына дейін маңызды. Осы факторларды және нарық­тағы ахуалды ескеріп, баға бе­кі­тіледі. Орта есеппен сатушы мен біз бағалаған баға сәйкес келіп жатады. Дегенмен қолдан кө­теріп, бағасы сәйкес келмесе де шарықтатып қоятындар бар», – дейді ол.

 

Тақырыпқа тұздық:

Жылт еткен жарнамалардың ішінен «8 миллион теңгеге Нұр-Сұлтанның сол жағалауынан үй алыңыз» дегеніне көзіміз түсті. Дереу сайтына кірдік. Бұл не қылған батпанқұйрық дестік, әлбетте. Өйткені мұндай бағаға жатақхана типіндегі пәтер ғана тиеді. Сөйтсек, расында бір бөлмелі үйлердің бағасы сондай екен. Тек ипотекаға ала алмайсыз. Бастапқы жарна 30-50 пайызын салып, қалғанын 1 жыл бөліп төлеуге болады. Орта есеппен айына 500 мың теңгедей төлеуіңіз керек. Ендеше, осындай бағаға берілетін үйлерді неге ипотекаға бермеске деп қалдық. Кейде игілікті дүниелердің игілігін кім көріп отыр екен деген де сауал туады. «Былай тартсаң, былай жетпейді» деп халық налиды. Онысы заңды. Алғашқы жарнасын тірнектеп жинап алып, сәйкес келетін үй таппай тентіреп жүрген­дер жетерлік. Олардың жағдайы қашан оңалар екен?...