Онлайн-тренинг оңай баюдың жолын көрсетпес...

Газет мақаласы "Айқын" газеті № 4

Тренинг өткізуге «әркімнің де бар таласы». Қалайық-қаламайық, қоғам осыны қажет етіп отыр. «Бақытты әрі бай болудың» жолын шындап «меңгергіңіз» келсе, онлайн-тренингке қатысуға болады. Байығысы келмейтін адам жоқ. Онлайн-тренинг оңай және жылдам баюдың жолын үйретер болса, неге байымасқа? Әлде бірден мотиватор болып кетеміз бе?

Онлайн-тренинг оңай баюдың жолын көрсетпес...

«Әсіреқызыл тез оңар»

Онлайн-тренингтің құны бір­дей емес. Мәселен, «Түпсанаға» қа­тысқыңыз келсе, бес сабақтың ба­ғасы – 7 мың теңге. Ал «Моти­ва­тор-коуч» сабағын алғыңыз кел­се, 400 мың теңге төлесеңіз жетеді. Ал 3 айлық марафонға қатысу құ­ны – 150 мың теңге. Баға осылай жал­ғаса береді. Онлайн-сабақ­тар­дың да тақырыбы әртүрлі. Бірі – сананы өзгертуге жол сілтейді, бірі – оңай баюдың жолын үйре­теді, енді бірі – «жетістікке» жету­дің кілтін көрсетеді. Бастысы – мақсат қоя білсеңіз болғаны.

Жаппай коуч, мотиватор ата­нуға не себеп болды? Әуелі осы сұ­раққа жауап іздеп көрдік. Бір­неше рет Жамбыл атындағы жас­өс­пірімдер кітапханасында тре­нинг өткізуге себепкер болған кітапханашы Ғазиза Құдайберген «ақпарат еркіндігіне жол ашылған кезде көпшілік әлі ненің дұрыс, ненің бұрыс екеніне көз жеткізбей тұрып, бос кеңістікті осындай ар­зан дүниелермен толтыруға мүм­кіндік беріп алдық» дейді. «Осы уақытта онлайн-тренинг өткізе­тіндер, мотивациялық кітап ұсы­на­тындар, тез баюдың жолын үй­рететіндер көбейді. Шын мәнінде, қазір бұл тақырып сұранысқа ие болып тұр. Айнұр Асанбердінің «Нумерология» кітабының таныс­тырылымын өткіздім. Бұл тренинг емес. Жаңа шыққан кітапты оқыр­манға жеткізу мақсатында өткізген дүние болатын. Жалпы, көпшілік онлайн-тренингке неге үйір десек, дағдарыста, әлеуметтік күйзелісті бастан кешіріп жүрген жандар үшін жылы сөздің өзі мотивация сыйлайды. Сол үшін олар кітап оқы­ғаннан гөрі «жақсы» бір дү­ниені тыңдағанды, естігенді дұрыс санайды. Қазір оқырманның да талғамы өзгерген. Оған әлеуметтік желінің де тигізген «зардабы» көп. Жеңіл дүниеге әуес, біреудің жеке өмірін қызықтағанды жақсы кө­реді. Шын мәнінде, байығыңыз келсе, Абайдың, Шәкәрімнің шы­ғармаларын оқысаңыз, мол мағ­лұмат табар едіңіз. Ерінбей еңбек­тенгеннің тіленбей қарны тоярына көз жеткізер едіңіз» дейді.

 

«Ақыл» сатып жүрген жоқпын

«Онлайн-тренинг өткізу сәнге айналып барады. Бұл ақша табу­дың жолы ма, әлде шын мәнінде оқырманға онлайн-тренингтер мотивация бере ме?» деген сауалы­мызға Құралай ханым (Ошақбаева): «Мұның бәрі сұранысқа байла­нысты. Мәселен, ағылшын тілінде онлайн сабақ өте көп. Өйткені ағылшын тілі сұранысқа ие. Бала­ларымыздың шет тілін білгенін, олардың шетелдерде оқығанын, ірі компанияларда жұмыс істегенін қалаймыз. Осыған дейін де қазақ­стандық ірі компаниялар шетелдік коучтарды алып келіп, қызмет­керлерін арнайы оқытады. Әрі олардың елімізге тегін келмейтіні тағы белгілі. Бұл тәуелсіздік алған кездері басталған үрдіс. Сол кез­дері «коучтардың келгені дұрыс емес» деген пікірлер айтылған жоқ. Қазір неге онлайн-тренингтердің көбейгені қоғамның назарына ілініп отыр? Өйткені жаппай бұ­қа­ра осы салаға мойын бұра бастады.

– Мұғалімдердің, не болмаса басқа салада жүрген азаматтар­дың психологияға бет бұруы елді елең­де­тіп отырған шығар. Қалай ой­лайсыз?

– Бұл адамдардың шама-шарқына байланысты шығар. Егер сол саланы меңгеруге адамның қабілет-қарымы жетіп жатса, несі бар? Қазір адамдар өте сауатты. Нені тыңдап, нені тыңдамау ке­рек екенін де жақсы біледі. «Аңқау ел­ге – арамза молда» дегеннің күні өткен. Қазір ешкімді алдай алмай­сың. Мәселен, менің маманды­ғым – программист. Қырыққа жуық сертификатым бар. Пси­хо­логияны оқып келе жатқаныма 20 жылдай уақыт болды. Өткен жылы Мәскеуге психоанализ факуль­те­тіне магистратураға оқуға түстім. Сондықтан мені ешкім психоло­гияны оқымаған деп айта алмайды. Білікті мамандардан дәріс алып, білімімді тереңдетіп жүрмін. Тігіншілікті үйрететін не болмаса ағылшын үйретіп жүрген курс көп. Соған қарамастан, психологиялық сабақтарға неге шүйлігетінін түсін­беймін. Ол да тігіншілік секілді үйрету сабақтары емес пе?

– Сіздің сабағыңызға қатыс­қандардың арасында шын мәнінде мотивация алып, өмірі жақсы арнаға бұрылған жандар бар ма?

– Ондайлар өте көп. Дәріс­те­рімнің дені отбасылық құнды­лықтар мен ұлттық тәрбиеге арна­лады. Менің әлеуметтік желідегі ұраным «ажыраспа» хэштегімен тұрады. Қазір қоғамның ең үлкен дерті – ажырасу. Жыл сайын ажырасатындардың саны артып барады. Мақсатым – құр сабақ өту емес. Нәтижеге жұмыс істеймін. Қазақтың қыздары мықты болса деймін. Баланың психологиясы бұзылмасын деп тілеймін. «Құра­лай ақшаның жолына түсіп кетті» десе, көпшілік қателеседі. Тегін тренингтерім, вебинарларым ютуб желісінде бар. Өзім де онлайн-тренингтерге қатысып тұрамын. Бір сабақты 10 мың АҚШ долла­рына сатып алған кездерім болды. Сондықтан өзім үйренген сабақ­тарымды өзгеге сабақ болсын деп ақылы үйретіп жатсам, айып па? Ол да менің еңбегім ғой. Өз ең­бегімді сатуға құқым бар емес пе?


Қазақта «аңқау елге – арамза молда» деген жақсы сөз бар. Ел аңқау болса, ондайлар көбейе беретіні жа­сы­рын емес. Бұл да елдің бүгінгі даму деңгейін көр­сетеді. Тренингке ешкім қатыспаса, мұндай онлайн сабақтар да көбеймес еді. Сұраныс болғаннан кейін оның да саны артып тұр. Тренинг өткізіп жүргендердің кей­бірі нақты бір мамандықты терең меңгерген адамдар емес. 


Әр адам адаспаудың жолын іздесе екен

Депутат, қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан: «Бұл мәселені бүгін тоқтата алмаймыз. Өйткені адамдар сол тренинг өткізетін адам­дарға қатты сенеді. Адамға адам ақыл сатпайды. Адамның ба­сындағы қиындықты шын жа­на­шы­ры ғана түсіне алады. Әр адам адаспаудың жолын іздесе екен» дейді. Адаспаудың жолы қандай? Тұрмыстық қиындықтан «ақылды» сабақтар алып шыға ала ма? Біреудің өмірін өзгерту мүм­кін бе? 18-20 мыңын қиып, психо­лог­тар­дың кештеріне қатысып жа­тады. Мұндай кеш­терге 300-1000 адам­ға дейін жиналады. Бір са­баққа 300 адам қатысса, құны 20 мың болса, орта есеппен қан­ша қар­жы жи­налатынын есептей беріңіз.

Мамандар «тренинг өткізу – алаяқтықпен тең» дегенді алға тар­тады. Ал кейбіреулер мұндай тренингтердің де пайдасы бар дей­ді. «Жақсы ойлары көп. Санаңыз жаңа дүниеге, өзгеріске, тұлғалық дамуға ашық болса, пайдалы болары анық. Мұның бәрі ниетке байланысты. Сынап, мінеу үшін тың­дасаңыз, негатив табасыз. Үй­рену, білу, сезіну үшін тыңдасаңыз позитив, өзіңізге қажет нәрсе ала­сыз. Не үшін тыңдағыңыз ке­леді, пікір соған байланысты өрбиді» дейді тыңдаушылардың бірі.

Ақылы жолмен білім үйретуге болады. Экономикалық сауат ашу­ға болады. Қаржылық сауатыңызды арттыра аласыз. Тіл білуге де мүм­кіндік бар. Тіпті тігінші немесе шаштараз болғыңыз келсе де, курсқа барыңыз. Ал әлеуметтік ахуалыңызды тренинг арқылы түзеу мүмкін бе?

Дінтанушы Кеңшілік Тышқан: «Бұл негізінен сол сабақты беретін адамның деңгейіне де байланысты. Соңғы кездері онлайн-тренингті зерттеп жүрген адамдар бар ма? Тренингке 500 адам қатысып, оның 50-і бақытты болып кетті деп айта аламыз ба? Жоқ. Қатысқан сәтте мүмкін адамға жақсы көңіл күй сыйлайтын болар. Адамның өз қабілет-қарымы жоғары болмаса, жұмысқа белсенділігі артпаса, оған тренингтің тигізер әсері аз-ау. «Пәленше қатысып жатыр екен, мен неге қатыспаймын» деген ниет болса, ондай адамда нәтиже болмайтын секілді.

Қазақта «аңқау елге – арамза молда» деген жақсы сөз бар. Ел аңқау болса, ондайлар көбейе беретіні жасырын емес. Бұл да елдің бүгінгі даму деңгейін көр­сетеді. Тренингке ешкім қатыспаса, мұндай онлайн сабақтар да көбеймес еді. Сұраныс болғаннан кейін оның да саны артып тұр. Тренинг өткізіп жүргендердің кей­бірі нақты бір мамандықты терең меңгерген адамдар емес. Дәрі­герліктен, не болмаса мұғалім бол­ғысы келмеген немесе әр жұ­мыстың басын бір шалып, орнын таба алмай, құр қарап отырғанша деп, аннан-мұннан оқып алғанын неге пайдаланбасқа деп жүргендер секілді. Бұл – менің ішкі ойым. Өйткені ондай онлайн сабақтарға қатысып көрген емеспін» дейді.

Адамдар неге тез байығысы келеді? Еңбек еткісі келмей ме? Яғни, онлайн сабақтар арқылы баюды мақсат тұтатындар бар. Неге? «Адамдардың материалдық құндылыққа деген ынтасы өте жоғары. Баю деген сөз – бір тренинг немесе бір сабақтан пайда болатын нәрсе емес. Байсалды, күрескер, табанды адамдар ғана жеңіске қол жеткізе алады. Ал тренингке қатысатынның барлығы дерлік, іскер адамдар деп айта алмас едім. Үйде отырған, жалқау, еңбек еткісі келмейтін, шаруаға қырсыз, күні-түні ұялы телефон шұқылап отырған біреулер ғана. Шын мәнінде, іскер адамдардың ондай «жеңіл-желпі» сабақтарға қатысатын уақыты да жоқ. Қисық адамдардың көлеңкесі де қисық дейді ғой. Мұндайдан пайда бола ма?» дейді дінтанушы.

 

P.S.

Мотивация сыйлайтын кез­дер болады. Кей адам он­лайн-сабаққа қажеттілік үшін барады. «Үйренсем-біл­сем» деген талаппен бара­тын­дар тағы бар. Бірақ біреу­дің өмірін немесе тағдырын өзгерте ал­майты­нымыз анық. Мүмкін, дұрыс жол сілтейтін болар. Мүм­кін, тура жолға са­латын шы­ғар. Бірақ барлы­ғы­на бір­дей баюға мүмкіндік туа қояр ма екен?

Әлде... Мотиватор болам бір күні... Ал сіз ше?

 

Айна ХАСАН