Ата-аналар күш қолдануға қарсы

Газет мақаласы Айқын газеті №77

Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры (ЮНИСЕФ) Қазақстанда балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа жол бермеуді насихаттау мақсатында ата-аналар арасында әлеуметтік тәжірибе өткізді.

Ата-аналар күш қолдануға қарсы

Науқанның промоутері бо­лып театр актрисасы әрі екі ба­ланың анасы Анастасия Тарасова ойнады. Ол көшеде өтіп бара жатқан адамдарға белбеу, тә­пішке және өзге де «тәрбиелеу құралдарын» сатып алуды ұсыну кезінде олардың «артықшы­лық­тарын» айтып, сендіруге ты­рыс­ты. «Мына былғарыдан жасалған белбеу арқылы балаңызды тәрбиелесеңіз, көп ұзамай бала тілалғыш болады», – деді. Жасы кіші балалардың ата- аналарына актриса тәпішке ұсынса, ал жылауық немесе көп сөйлейтін балалар үшін скотч сатып алуға кеңес берді.

Мұндай эксперименттің мақ­саты – балаларға зорлық-зом­былық және қатыгез қарау мә­селесіне назар аудару. 2016 жыл­ғы зерттеу мәліметтері бойынша, Қазақстанда ересектердің жар­тысынан көбі балаларды жа­залап, күш қолданатындары анықталды. Алайда әлеуметтік зерттеу көптеген ата-аналардың бала тәрбиесіне алаңдаушылық білдіретіндерін жеткізіп, позитивті тәрбиені қолдайтын­дарын көрсетті. «Мен бұл зат­тардың бәрін өртеп жіберуді ұсынамын», – деді экспери­ментке қатысушылардың бірі.

«Белбеумен ұрып-соғу ба­ланың денесіне ғана емес, оның жан дүниесіне де дақ қалдырады. 10 жағдайдың барлығында дерлік сіз келешекте көптеген ауруға шалдыққан әрі қорқақ баланың өсетініне назар аударыңыз», – деді Анастасия Тарасова. Ата-аналар да бұл пікірмен келісті. Бұл деректі балаларға қатысты зорлық-зомбылық салдарын көп жыл бойы зерттеген медици­налық зерттеу нәтижелері де дәлелдейді.

– Өкінішке қарай, көптеген ересектер зорлық-зомбылықты тәртіпке салумен шатастырады. Балалармен қатал қарым-қа­ты­нас олар керісінше өздерін ба­рын­ша қауіпсіз сезінуі тиіс жер­де, яғни отбасында кездеседі, – деп түсіндірді ЮНИСЕФ-тің ба­лалар құқығын қорғау жөнін­дегі бағдарламалардың үйлес­тірушісі Айсұлу Бекмұса.

«Біз бұл әлеуметтік экспери­ментті ата-аналарға балаларды жазаламай тәрбиелеу маңызды және мүмкін екендігін көрсету мақсатында өткіздік. Сондай-ақ осы ауқымды мәселеге қоғамның назарын аудару арқылы балалық шақты сақтап қалғымыз келді» дейді ол.

Сарапшылардың айтуынша, балаларға қатысты күш қолда­нудың кез келген түрі өсіп келе жатқан баланың миына зақым келтіреді. Зорлық-зомбылықтың салдары жылдар өткен соң байқалып, ересек өмірде адам­ның физикалық, эмоционалдық және психикалық денсаулығына кері әсерін тигізеді.

ЮНИСЕФ-тің 2010 жылдан 2016 жылға дейінгі Адам құ­қық­тары жөніндегі уәкілмен бірге жүргізген зерттеуіне сәйкес, Қазақстанда ересектердің ша­мамен 75 пайызы отбасыдағы балалардың жүріс-тұрысын бақылау үшін дене жазалауын қолдайтыны, ал ата-аналардың 67 пайызы бала тәрбиелеуде зорлық-зомбылық түрлерін қолданатыны анықталды.

Елімізде «111» және «150» балаларға арналған екі ұлттық жедел желі бар. Олар балаларға қатысты зорлық-зомбылық жағ­дайларын тіркейді және инс­танциялар бойынша табыстайды. Алайда анықтау, хабарлау, тіркеу және үн қату механизмдері жеткіліксіз дәрежеде дамыған. Коммуникациялық науқан ба­лаларға қатысты зорлық-зомбы­лықтың алдын алу бойынша қолданылатын реформаларды қолдайды. Ата-аналардың, ба­лалармен жұмыс істейтін ма­ман­дардың балаларды жағымды әдіспен тәрбиелеуіне жағдай жасайды.


Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ