Қоғамдық келісім – жаңғыру жаршысы

Газет мақаласы Айқын газеті №77

Қазақстанның асқаралы асулардан асып, әлемге бейбіт тіршілікті сақтауды үлгі еткен ел ретінде танылуында Елбасының ықпалымен бірге сан түрлі ұлттар мен ұлыстардан құралған халқымыздың берекелі бірлігі де зор маңызға ие. Бүгінде Ассамблея ұлтаралық келісім мен татулықты нығайтуға септігін тигізіп келеді. Ал оның жанындағы қоғамдық келісім кеңестері қоғам өкілдері санасатын пікірталас алаңына айналды. Оған аймақтардағы елдегі бірлік пен татулықты нығайтуды көздеген қоғамдық келісім құрылымдары да үлесін қосып келеді.

Қоғамдық келісім – жаңғыру жаршысы

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі аралықты талғам таразысына салар болсақ, этносқа бай еліміз бірлігін сақтай отырып, өркениет көшінен қалыс қалмай келеді. Нәтижесінде, еліміз дамудың өзіндік даң­ғыл жолына түсіп, әлемдік елдер қатарынан өз орнын алуға ұмтылуда. Демек, алдағы уақытта да атқарылар шаралар бізден бірлік пен ынтымақты тірлікті талап етеді.

Еліміздің барлық этностар арасындағы шынайы келісім мен бірлікте тұрмыс кешуі, ең алдымен, қазақ халқының ата дәстүрі мен табиғи кеңпейілі, ұлттық ділінің кеңдігімен байланысты екені айтпаса да түсінікті. Ұлт арасындағы бірлікті, қоғамдық келісімді нығайту, ғылыми-сараптамалық, қоғамдық-көпшілік және ақпараттық жұмыстарды жүргізу Атырау өңірінде де белсенді жүзеге асып жатыр.

Атырау облысында бүгінде сексеннен астам ұлт өкілі тұрады. Олардың бәрі бір-бірімен тығыз достық қарым-қатынас орнатып келеді. Өңірдегі Достық үйінде 20 этно-мәдени бірлестік жұмыс істейді. Барлық этно-мәдени бірлестіктер әр ұлт өкілінің ұлттық мерекелеріне орай ұйым­дастырылатын шараларға белсенді атса­лысып, қолдау білдіреді.

Мәселен, қазақ халқының салт-дәстүр­леріне құрметпен қарайтын этномәдени бірлестік төрағалары мен мүшелері, Атырау өңірінде тұратын өзге ұлт өкілдері атаулы күндер, соның ішінде Наурыз мерекесі мен Амал мерекесін, Алғыс айту күнін, Тәуел­сіздік мерекесін, Тұңғыш Президент күнін үлкен дайындықпен өткізуді дәстүрге айналдырып отыр.

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнін де этномәдени бірлестіктер жыл сайын ерекше атап өтеді. Бұл олар үшін ең маңызды, жарқын мерекенің бірі. Ол – достық пен өзара түсінушілік, бірлік мере­кесі. Сон­дықтан мереке қарсаңында барлық этно-мәдени бірлестіктер қазақстандық ру­хани бірлікті қалыптастыру, отансүйгіштік сезім­ді арттыру және ұлттар достығының үлгісін паш етуде маңызды іс-шаралар ұйымдастырып, қазақ мәдениетінің барлық айшықтары мен әр халықтың ұлттық өнерінің өзіне тән ерекшеліктерін асқан шеберлікпен көрсетеді.

Атырау облысы бойынша қазіргі таңда 12 этномәдени бірлестіктің басшысы – Қазақстан халқы ассамблеясының мүше­лері. Облыстағы этнос өкілдері қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өмірге белсенді араласып жүр. Бүгінде облыстық мә­слихат құрамында 1 неміс, 1 татар, 1 кәріс өкілі бар, олар – этномәдени бірлестіктерінің төрағалары. Олар елдік мүдделері ортақ тұлғалар болғандықтан, әрқайсысының қоғамдағы рөлі ескеріліп отырады.

Этномәдени бірлестіктер облыстың мәдени өміріне белсене араласуы да өңірдегі бірлік пен берекені айшықтап тұр. Олардың руханиятқа қосып жүрген үлесі айтарлықтай зор. Таратып айтсақ, татар-башқұрт «Татулық» хоры, «Балақай» балалар вокалды тобы, мүмкіндігі шектеулі «Шексіз та­ланттар» мектебі, грузин этномәдени бір­лестігінің «Иверия»вокалдық және хореогра­фиялық би ансамблі, украин этномәдени бірлестігінің «Хуторянка» ансамблі, «Мой родной край» қобызшылар дуэті, кәрістің «Саранг» әжелер хоры, «Самульнори-Атырау», «Со куан» би тобы, «Таврос» армян этно-мәдени бірлестігінің би тобы, орыс «Горлица» вокалдық тобы, «Уралочка» балалар би тобы, АРСК «Зоренька» ансамбльдері елімізде ғана емес, шет мемлекеттерде өнер көрсетіп жүр. Егемен елімізде татулықпен тіршілік етіп жатқан ұлттардың қазақ еліне деген алғысы, перзенттік парыздары олардың береке мен бірлікті нығайтуда жұмыла атқаратын істерімен осылайша айшықталуы да заң­дылық.

Атырауда жастардың бойында шығар­машылыққа деген талпынысты арттыру, хореография, әншілік өнердің кең ауқымда дамуына атсалысуды көздейтін шы­ғар­машылық фестивальдер жиі өтіп тұрады. Оның өскелең ұрпаққа еліміздің басты байлығы – Қазақстан халқының достығы мен бірлігін дәріптеуге негізделуі түйсінген жанға өнеге.

Жуырда өткен би фестивалі барысында грузиннің «Иверия», татар-башқұрттың «Татулық», армянның «Таврос», славян­дардың «Светоч» этномәдени бірлестігінің «Уралочка», «Былина» орыс этномәдени бірлестіктерінің вокал ансамблі, «Жұлдыз» халықтық би ансамблі, «Тропикана» мек­теп-студиясы, «Арабеск» би мен гимнастика мектебі, «Жібек жолы» хореографиялық ансамбльдері халық билерінің мән-мағы­насын ашып, сахнаға өз өнерін көрсетіп, ел ықыласына бөленді.

Жыл сайын этномәдени бірлестіктердің белсенділері, сондай-ақ облыс тұрғындары арасында іс-шараларға қатысушылардың саны артып келеді. Осылайша, Қазақстан халқы ассамблеясының қызметі туралы халықты ақпараттандыру, патриоттық, адамгершілік тәрбие беру мәселесі оң шешімін тауып отыр.

Этно-мәдени орталықтарының бір бөлігі – клубтар, орта­лықтар, үйірмелер саны өткен жылы көбейді. Облыста көп жылдан бері «Жексенбілік мектеп» жобасы жүзеге асырылуда. Қа­зақстан халқы ассамблеясының жанында 6 жексенбілік мектеп «Тхоньиль», «Татулық», «Былина», «Таврос», «Ахыска», «Иверия» этно-мәдени бірлестіктері жа­нынан жұмыс істейді. Онда түрлі этникалық топтардың оқушылары оқиды. Әрбір жексенбілік мектепте 15 адамға дейін оқушылар тобы бар.

Атырауда жастардың бойында шығар­машылыққа деген талпынысты арттыру, хореография, әншілік өнердің кең ауқымда дамуына атсалысуды көздейтін шы­ғар­машылық фестивальдер жиі өтіп тұрады. 

Атырау облыстық этномәдени бірлес­тіктері өздерінің өмірдегі және өнердегі жетістіктерімен елге танылуда. Айталық, Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Таңғы Шұғыла» атты халықаралық фестиваль-байқауында «Татулық» татар-башқұрт этно-мәдени бірлестігінің би ансамблі 3 Гран-примен марапатталды. Жыл басында Наурыз мерекесі қарсаңында Алматы қа­ла­сында өткен Аrtictic days халықаралық кон­курс-фестивалінде Атырау облысы бойын­ша Қазақстан халқы ассамблеясы­ның «Иверия» грузин этномәдени бірлестігінің «Иверия» би ұжымы Гран-примен оралды.

«Иверия» грузин этно-мәдени бірлес­тігінің төрағасы Зураб Бобохидзенің айтуынша, би ұжымы осыдан 13 жыл бұрын құрылған. Содан бері табанды еңбек етіп келеді. Құрамында алпысқа жуық жас талант бар. Олар – көптеген республи­калық және халықаралық байқаулардың жеңімпаздары. Халықаралық конкурс-фестивалінде «Мой Кавказ» биін орын­даған «Иверия» би ұжымы Италияға жолдама алды.

Атырау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-сі мамандары берген мәліметке сүйенсек, «Таврос» армян этно-мәдени бірлестігінің жас мүшесі Лиана Плузян Астанада өткен ҚХА-ның «Біз – Қазақстан халқы» фестивалінде жүлделі орын алған. Мәдени шараларда екі ел Қазақстан мен Украинаның достастығы­на үлес қосып, «Довира» украин этно-мәдени бірлестігінің төрайымы О.Павленко Украина мемлекетінің «За заслуги» ордені­мен марапатталған. Сайып келгенде, атыраулық этно-мәдени бірлестіктердің шығармашылық белсенділіктері аймақтан асып, ТМД елдеріне мәшһүр болды.

Атырау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-сі басшысы Жаннат Досқалиева:

– Еліміздің өркендеуіне мұнай-газ өндірістері салаларында лайықты үлесін қосып келе жатқан Атырау өңірі сан салалы саяси, мәнді де маңызды оқиғалардың бел ортасынан табылып жүр. Ортақ міндеттердің ойдағыдай жүзеге асырылуына лайықты үлес қосуға басшылық жасап, облыс аймағындағы ұлт пен ұлыстардың бір ана­ның баласындай тату-тәтті өмір сүруіне біздің Қоғамдық келісім орталығы қолда бар мүмкіндігін пайдаланып, уақыт талабына сай жұмылуда. Бүгінгі жетістік ертеңгі айқын болып отырған қазіргі кезеңде әрбір келер күннің талап-тілегі, мақсат-мұраты арта берері сөзсіз. Өркениет талабынан туындаған міндеттерді жүйелі жүзеге асыру мақсатында жұмыс істейтін боламыз. Бүгінгі таңда облысымызда құ­рылғандарына біраз жыл болған 20 этно-мәдени бірлестік жемісті еңбек етіп келеді. Облыстық деңгейдегі ғана емес, республи­калық мәдени шараларда белсенділік танытып, беделді орындардан көрініп жүргендігін атап айтқан орынды. Сондай-ақ қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамта­масыз ету, мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қаты­настар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру мақсатында Қоғамдық келісім кеңесінің кеңейтілген отырыстары Атырау қаласында және Исатай, Махамбет, Қызылқоға, Индер, Құрманғазы, Жылыой, Мақат аудандарында, ауылдық округтерде өтеді. Кеңес отырыстарының мақсаты – қоғамдағы келісім мен ұлттық бірлікті сақ­тау, Елбасының Бес әлеуметтік бастамасы халыққа Үндеуін қолдай отырып, аудандық және ауылдық округтік Қоғамдық келісім кеңесінің жұмыстарын жандандыру. Өткен жылы жиырма мыңға жуық адамды қам­тыған төрт жүзден аса іс-шара өтті. Ай­мақ­тағы Қазақстан халқы ассамблеясының Ғылыми-сарапшылық тобының ұйымдас­тыруымен 25 шара өткізіліп, оған мыңға жуық адам қатысты. Бұл істер жалғасын тауып, елдегі саяси тұрақтылықты сақтау жолында белсенді жұмыстар атқарыла беретін болады, – деген Жаннат Закиқызы Атырау облысында Қазақстан халқы ассам­блеясының 3 кафедрасы жұмыс істейтінін айтты.

Тұрғындарының 94 пайызы қазақ тілінде еркін сөйлей алатын өңірде этнос өкілдері де қазақ тілінде сөйлеп, ән айтып, өлең оқи алуы үшін іс-шаралар атқарылуда. «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдас­тыруымен өткен «Мың бала» облыстық мәдени-ағартушылық жобасы этнос өкілдерінің қазақ тілін үйренуіне даңғыл жол ашып отыр. Жоба аясында мұғалімдер арасында этнос өкілдерінің балалары мен жастарына қазақ тілін үйретуде «Тіл мек­тебі» қазақ тілін оқытудың авторлық бағдарламасы конкурсы және этностық топтардың балалары мен жастары арасында қазақ тілінде сөйлеу мәдениетін жетіл­діретін, шешендік өнерге баулитын «Асыл сөз» мектебі: байқауы және #ЕркінSóıle бейнероликтер эстафетасы байқаулары өтіп, оған этнос өкілдерінің балалары мен жастар қатысып, қазақ тілінде еркін сөйлеуге бейімделді.

Атырау облысы бойынша «Мың бала» облыстық мәдени-ағартушылық жобасы аясында ашық диктант та өткізілді. Оған әртүрлі ұлт өкілдері, жоғары оқу орындары мен колледж студенттері, мектеп оқушы­лары мен мемлекеттік қызметкерлер қатысты.

Қазақстан халқы ассамблеясының бастамасымен «Мен қазақша сөйлеймін» атты жалпыреспубликалық акциясы Атырау облысында да бастау алды. Акцияның мақсаты – қоғамда мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, рухани құндылықтарды сақтау және дамыту, мемлекеттік тілді үйренуге шақыру.

Бүгінде «Қоғамдық келісім» КММ-сі тарапынан «Рухани жаңғыру» бағдарла­масын жүзеге асыру аясында тағылымды шаралар ұйымдастырылып, «Латын әліп­биіне көшу – тарихи таңдау» тақырыбында көшпелі семинар-тренингтер, Аналар кеңесінің отырыстары, медиация бойын­ша тындырымды істер жолға қойылып 
отыр.

Ассамблея қолға алған ізгілікті шараның бірі – «Қайырымдылық керуені» жалпы­ұлттық акциясы. Бұл акцияны іске асыру бағытында 2018 жыл Атырау облысы Қа­зақстан халқы ассамблеясының ұйымдас­тыруымен өткен сексеннен астам қайы­рымдылық іс-шара барысында бес мың адамға көмек көрсетіліп, оларға 18 млн теңге көлемінде қайырымдылық көмек берілді. Ал Атырау облысы көлемінде бір мыңнан астам әлеуметтік-қамқорлық іс-шарасы өткізіліп, 85 мыңнан астам адам қамтылды. Оларға 255 млн теңгенің көле­мінде қайырымдылық көмегі көрсетілді. Осындай игі істерді атқаруға үнемі атса­лысып отыратын өкілдердің құрамы: меценаттар, депутаттар, компания өкілдері, жеке кәсіпкерлер, қоғамдық бірлестіктер, белсенді ерікті топтар. Олардың барлығын бір мақсат жұмылдырып отырғаны сөзсіз. Ол – елдегі саяси тұрақтылық, береке мен бірлік.

Атырау облысы