Еңбек еленіп, абырой артты

Газет мақаласы Айқын газеті №80

21 мамыр – Қазақстан мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні. Бұл – туған жердің рухани дамуына үлес қосып, мәдени мұрамызды дәріптеп жүрген жандарға, шығармашылық адамдарына деген айрықша құрметтің белгісі. Осыған орай, «Қазақстандық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Светлана Иманқұловамен әңгімелесудің сәті түскен еді.

Еңбек еленіп, абырой артты

«Бүгін біздің салалық кә­сіпо­дақ Қазақстан Парламен­тінің Мәжілісі жанындағы әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қарым-қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның құрамына енді. Мәдениет және спорт министрлігі жанында да қоғамдық кеңес пен комиссия бар. Кә­сіподақтар федерациясының бас кеңесінде де тиісті жұмыс тобы құрылған. Басқа да ве­дом­­стволарда біздің саланың әлеу­меттік-еңбек жағдайларын жақсартуға байланысты мәселелерді тиісті орындарға жеткізетін комиссиялар бар. Соның бәріне біз тікелей араласып, көкейкесті мәселелерді көтеріп, шешуге атсалысып жүр­міз», – дейді Светлана Иманқұлова.

Оның айтуынша, 2018 жы­лы ақпан айында әлеуметтік қорғауға байланысты, оның ішінде еңбекақыны көбейту де бар, салалық келісімге толық­тырулар енгізілген. Тек соңғы бір жылдың өзінде еңбекақы мәселесіне қатысты республикалық бірнеше жиын өткен. Оның барысында көтерілген барлық өзекті мәселелер хатталып, қағаз бетіне түсіріліп, Қазақстан Президенті мен Парламентіне жолданған. Ол қандай мәселелер? Бірінші, са­ла қызметкерлерінің еңбе­ка­қысын 1,5-2 есе көтеру. Екін­­ші, базалық еңбекақыны тоқтату. Өйткені оның мөлшері төменгі еңбекақыдан да аз. Үшінші, сала қызметкерлеріне бұрын 1,72 коэффицент көлемінде қосымша қаржы төленетін. Қазір төленбейді, соны қайта қалпына келтіру. Төр­тінші, еліміздің жоғары оқу орындарында цирк бөлі­мін ашып, балет пен хореография қызметкерлерінің зей­нета­қыға ертерек шығуына мүм­кін­дік жасау. Қуаныштысы, Мәжіліс осы жақында ғана соң­ғы мәселе – балет артисте­рі туралы заң жобасын мақұлдаған. Сәтін салса, бұл заң осы жылдың соңына дейін жүзеге асуы тиіс.

Бұқаралық ақпарат құралдарында журналистерден бас­қа былайғы жұртқа байқала бермейтін қаншама мамандық иелері бар. Телеоператор, бет әрлеуші, жарық маманы, газет бет­теуші, үйлестіруші... Көп-ақ. Бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Осы мамандық иелерінің ай­лығы шайлығынан аспайды. Олар, амалдың жоқтығы­нан, жүрек қалауымен таңда­ған кәсібі болғандықтан, қол үзіп кете алмай, бірақ ертеңгі күнге үлкен үміт артып жүрген адамдар. «Келешекте еңбека­қымыз өсіп, үй-жайға қолымыз жетіп, бала-шағамыз риза болатын күн туатын шығар» деген арман-ойдың жетегінде жүрген жандар.

Мұрағат саласы қызметкерлерінің де жалақысы мардымсыз. Осының салдарынан мамандар тұрақтай бермейді. Рас, ауылдық елдімекендердегі мұрағат мамандары басқа жұмыс табу қиын болғандық­тан, амалсыздан барды қанағат етуіне тура келеді. Олардың еңбекақысы қаладағы әріп­тестерімен салыстырғанда тіп­ті төмен. Енді олардың жа­лақысына қосымша 25 пайыз төленбек.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бюджеттік сала қызметкерлерінің ең­­­бекақысын алдын ала жос­парлағандай 1 шілдеден емес 1 маусымнан бастап 30 пайыз­ға көтеру жөнінде Үкіметке тап­сырма берді. Осының өзі көңілге үлкен демеу болып отыр. Алдағы уақытта да мәдениет және спорт мекемелері қыз­меткерлеріне мемлекеттік қолдау мен қамқорлық жалғаса беретініне сенім зор. Лайым солай болсын.

Әңгіме арқауы болып отырған сала қызметкерлері үшін жалақыдан бөлек тағы бір маңызды мәселе бар. Ол – еңбек қауіпсіздігі. Оқыс жағдайларға байланысты жарақат алып жататындар немесе денсаулыққа зиянды жұмыстармен айналысатындар бар.

«Рас, қазір бірқатар мәдениет, спорт, ақпарат мекемелерінде техникалық инспекторлар жұмыс істейді. Олар еңбек қауіпсіздігін қадағалайды. Бірақ көбі қоғамдық негізде. Сондықтан олардан қатаң талап ету де мүмкін емес. Бұл да қазіргі көкейкесті мәселелердің бірі», – дейді С.Иман­құлова.

Салалық кәсіподақ ауылдық жерлердегі мәдениет жә­не спорт мамандарына коммуналдық қызметтер үшін компенсация төлеуді де ұдайы көтеріп келеді. «Селолық ау­мақ­тар мен агроөнеркәсіп ке­шенін дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан заңында осындай төлем жасау жергілікті органдардың құзырында екені айтылған. Бірақ өкінішке қарай, осыған жеткілікті мән бермейтіндер бар. Яғни, заң талаптары орындалмай отыр деген сөз.

Қазір кәсіподақ өкілдері белсенді. Олар мемлекеттік қызметкерлерді аттестациялау жөніндегі ережеге толықтыру жасауға қол жеткізді. Қазір осы комиссияның құрамына еңбек жағдайы мен қауіпсіздігін қадағалайтын кәсіподақ өкіл­дері де енді. Сондай-ақ заң актілері жөніндегі респуб­ликалық және аймақтық деңгейдегі эксперттік комиссиялардың құрамында да кәсіподақ мүшелері бар. Мұның өзі кәсіподақтың беделі мен абыройы артқанын айғақтайды. Салалық кәсіподақ­тың халықаралық деңгейде де мәртебесі жоғары. «Біздің алдымызда тұрған міндет пен мақсат өте жоғары. Оны ойдағыдай орындау әлеуметтік әріптестермен, Қазақстан Кә­сіпо­дақ­тар федерациясымен ты­ғыз байланыста жұмыс істе­ген­де ғана мүмкін болады. Осы­ған орай, нақты жоспарлар жасалды. Соның бірі – Жастар жылына байланысты өз саламыз бойынша жастар фору­мын өткізу. Адамның ең­бе­гі еленіп, қошемет-құрмет көр­сетіліп жатса, бұл да шабытқа шабыт қосып, ерекше ынталандыратыны сөзсіз», – дейді Светлана Иманқұлова.

     

Ғалым ОРЫНБАСАРҰЛЫ