Тіл жұлдызы жанбай, ел жұлдызы жанбайды

Газет мақаласы Айқын газеті №80

Бүгінде әлеуметтік желі  қоғамдық пікір қазандай қайнап жататын ақпараттық  алаңға айналды. Онда қалың көпшілік әрбір саяси оқиғаға дуылдап өз бағасын беріп жатады. Сондай оқиғалардың бірі  жуырда өткен Қазақстан халқы ассамблеясында шығып сөйлеген түрлі ұлт өкілдерінің мәлімдемелері болды. Осы сессияда сөйлеген шешендердің бірі белгілі жазушы Смағұл Елубаевты әңгімеге тарттық.

Тіл жұлдызы жанбай,  ел жұлдызы жанбайды

– Смағұл аға, ҚХА сессиясы әдетте­гідей өте жоғары деңгейде өтті. Сессия төрінде Қазақстан халқы ассамблеясының Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отыр­ды. Жиынды ҚХА төрағасының орын­басары Жансейіт Түймебаев жүргізді. Бейбітшілік және келісім сарайында өткен салтанатты жиынға Үкімет пен Парламент басшылары, депутаттар, шет елдердің Қазақстандағы елшілері, көрнекті мем­лекет және қоғам қайраткерлері түгел дерлік қатысты. Бұл жиынға осыншалықты мән берілуінің мәні неде?

– Оның себебін түсіну үшін сонау бір тоқсаныншы жылдар аталатын Тәуел­сіздіктің тәй-тәй қадам басқан жылда­рына көз жіберу керек. Ол кезде қоғамда Қазақстан болашағына, қазақ элитасына деген сенім дәл бүгінгідей бекіп үлгерген жоқ болатын. Көрші елдерімізде азамат соғысы оты лапылдап жатты. Ал бізде ілгері басқан тәуелсіз Қазақстанды ту-талақай етпек сепаратистік көңіл күйлер сабасына түспей тұрды. Осы тұста Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев полиэтни­ка­лық Қазақстан қоғамының жетекші өкіл­дері жиі бас қосатын бір қоғамдық ша­ңырақ құруды ұсынды. Сөйтіп, Қазақ­стан халқы ассамблеясы өмірге келіп, біз осы шаңырақ астында бас қоса бастадық.

Алғашқы кезде біз де осы ұйым табал­дырығын тосырқап аттадық. Жүре келе көзіміздің жеткені бұл ұйым еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің іс-жүзінде бас қосатын алаңы екен. Біздің қазақ «Бір көрген – таныс, екі көрген – біліс» дейді. Осы шаңырақ астында кездесіп жүріп біз түрлі ұлт өкілдерімен таныстық, білістік, достасып кеттік. Бүгінде олармен қай жерде кездессек те жатырқап, тосырқап тұрмай, шұрқыраса кетеміз. Дөңгелек үстелдерде пікір алысамыз. Сөйлесеміз. Олардың мұң-мұқтажын тыңдаймыз. Олар да біздің, яғни, қазақ проблемасын өз ауызымыздан естиді. «Адам сөйлес­кенше, жылқы кісінескенше» дейді ғой.

Жақында Қазақстан халқы ассамблея­сы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев Алматыда қазақ зиялы қауы­мы өкілдері мен этно-мәдени бірлестік жетекшілерінің басын тағы да қосты. Соған орай Достық үйінде ұлттық тағам­дар мерекесі ұйымдастырылды. Қазақтың кең дастарқанын әртүрлі ұлттық тағамдар байытқан бұл мереке ерекше шара бол­ды. Сөйтсек, осындай сәтті өткен әрбір жиын бізді бір-бірімізге жақындата түседі екен. Ұққанымыз, ассамблея миссиясы ұлтына қарамастан 18 миллион Қазақстан халқын бір ту астында біріктіру екен.

– Биылғы сессия несімен ерекшеленді?

– Елімізде жоғары билік ауысқан дүбірлі тарихи күндердің ізін суытпай өткендіктен, осы оқиға сессия аурасына әсер етті. Сессияда сөйлеушілердің бірі Қазақ мемлекеттік ұлттық универси­теті­нің студенті Милина Вавулиди: «Елбасы президенттік билікті тапсыратынын мәлімдемегенде енді ертеңгі күніміз не болады деп жыладым» деуі сондықтан. Біз «кемедегінің жаны бір» екенін еске алдық. Елестетіңізші! Даңғайыр тарих айдынында жолаушыға толы «Қазақстан» атты кеме келеді. Үсті толы түрлі ұлт өкіл­дерінен құралған алабажыр жұрт. Бірақ бәрінің тілегі бір. Ол – кеменің амандығы. Осы амандықты, алдымен, тілейтін Алаш жұрты. Сондықтан да біз өз сөзімізде «Қазақстан» атты кеме амандығы үшін, сол кеменің негізгі жолаушылары қазақ халқының көңіл күйіне қатысты әңгіме қозғадық.

«Қазақстан» кемесі алда да аман-есен айдынды еңсере беруі үшін оның негізгі жолаушысы – қазақ халқының жан тыныштығы қажет. Өз тілінің отыз жыл өтсе де орыс тілінің көлеңкесінде қалып келуі бүгінде қазақтың жанына ты­ныштық бермей отыр дегенді айтқымыз келді. «Тіл жұлдызы жанбай, ел жұлдызы жанбайды!» дедік содан. Қазақтың жа­най­қайын молдован қызы Алла Чечет­кина айтып жіберді. «Қазақтың тіліне құрметпен қарауды бәріңнен талап етемін!» деп салды қазақтың жалпақ ті­лімен. Алланың бұл мәлімдемесін Елбасы іліп әкетіп: «Көрдіңдер ме, қазақ­шасы сіздердің көбіңізден артық! Ұялуымыз керек бұдан кейін!» деп, шала тілділерді бір түйреп, тіл тағдырына қатты алаңдай­тынын білдіріп. Сөйлеушілер мен Елба­сының арқасында сессияда мемлекеттік тіл тағдырына деген алаңдаушылық анық көзге ұрды. Мен үшін осы сессияның ерекшелігі осы болды.

– Осы сессия аяғында сіздің Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаевпен де тілдесіп тұрғаныңыз байқалды...

– Қасым-Жомарт Кемелұлын пре­зиденттік билікке кірісуімен құттық­тадым.

– Ол кісіні бұрыннан білетін бе едіңіз?

– Тек телеэкран, ақпарат құралдары арқылы ғана білетінмін. Бірінші рет жүзбе-жүз кездестік. Бұдан бұрын екі жылдай айтулы мерекелерде өзара құт­тықтаухат алысып тұрдық. Арамызда со­дан сыйластық қарым-қатынас орна­ған. Содан біздің түсінігімізде осынау айтулы мемлекет қайраткерінің «ұлық болсаң, кішік бол» дегенге лайық ха­лықшыл зиялы бейнесі қалыптасқан. Қа­лада туған бұл тұлға бойына халық­шыл­дық қасиет қайдан келген деген са­уалмен жүріп, бір күні оның «Әке туралы толғаныс» атты естелігін оқыдым. Ашар­шылық жылдары әкесі Кемел мен атасы Тоқа бастан кешкен ғарасат майданымен аздап жүріп өткендей болдым. Ойпыр-ай, деп шошыдым. Неткен тағдыр! Бай­ғұс қазақ көрмеген азап қалмаған екен ғой! Өз отбасы бастан кешкен сол тағ­дырды Қасым-Жомарт Кемелұлы жүре­гінен қан тамшылап отырып қағазға түсі­ріпті. Біз бұл тұлғаның рухани тамы­рының ұлт тағдырымен тым терең табы­сып жатқанын түсіндік. Оған тән халық­шылдық, кішіпейілдік деген қасиеттердің қайнары қайда жатқанын көрдік.

– Әңгімеңізге рақмет!