Қаржылай емес қолдау қалай жүргізіледі?

Газет мақаласы Айқын газеті №84

Кәсіпкерлерді сервистік қолдау – «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарла­масы шеңбе­рінде көрсетілетін қаржылай емес қолдаудың бір бағыты. «Атамекен» Ұлттық кәсіп­керлер палатасы – осы бағдарлама шеңберінде қаржылай емес қолдаудың операторы. Бұл шара жеке кәсіпкерлік субъектілері және кәсіп бастағысы келетін адамдарға беріледі. Қолдау кәсіп­керлікті ақпараттық-талдама­лық қамтамасыз ету, кәсіпкерлер­дің біліктілігін арттыру, кәсіп­кер­лер қызметінің өнімділігін арттыру, сонымен қатар іскерлік байланыс­ты арттыру бағытында жүреді. Қолдаудың бұл түрі кәсіпкерлер арасында сұранысқа ие.

Қаржылай емес қолдау қалай жүргізіледі?

Кәсіпкерлерді сервистік қолдау негізінен кеңес беру, жеке кәсіпті жүргізу және кәсіпкерлік қызметті тиімді басқару сынды маман­дан­дырылған сегіз қызмет көрсету те­ті­гін қарастырады. Мамандан­дырыл­ған қызмет көрсету тізбесі бухгал­терлік және салық есебін жүргізу, со­нымен қатар кеден қыз­меті бо­йынша қызметтер, кәсіп­керлер мен кәсіпкерлік бастамасы бар тұрғын­дардың өтініштерін қараудан тұрады. Сондай-ақ заң­герлік қызмет көрсету, маркетинг мәселелері бойынша сұ­рақ­тарға жауап алып, ақпараттық тех­ноло­гиялық қызмет көрсету бо­йынша да кеңес алуға болады. Бұған қоса, мемлекеттік сатып алуға қатыс­ты қызметтер, ұлттық компаниялар мен жер қойнауын пайдалану­шы­лар­дың мемлекеттік сатып алу қызметі, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік саласында кеңес беру қарастырылған.

Премьер-министр Асқар Ма­миннің қатысуымен Үкімет оты­ры­сында «Жол картасы – 2020» бағдар­ламасының және Тұңғыш Прези­дентіміз Нұрсұлтан Назар­баевтың ұсынысы бойынша қолға алынған «Әлеуметтік көмек» бағ­дарламала­рының жұмыс барысы кеңінен талқыланған еді.

«Атамекен» ҰКП 2015 жылдан бастап «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының төртінші бағыты бойынша операторлық етуде. Осы Үкімет отырысында сөз алған «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов атқарылып жатқан істерге тоқтала отырып:

«Біз кәсіпкерлерге қаржылай емес көмек көрсету тұрғысында өз қызметімізді бағытқа бөлдік. Олар: Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік қыз­метті жүргізуге сервистік қол­дау көрсету; моноқалаларда, аудан ор­та­лықтарында кәсіпкерлерді ақпа­рат­тық қамтамасыз ету бо­йынша көр­сетілетін қызметтер; «Бизнес-Мек­теп» жобасы; «Іс­керлік байла­ныстар» жобасы; «Аға сеньорлар» жобасы; «Биз­нес-На­сихат». Қазіргі таңда өңір­­лік деңгейде кәсіп­кер­лерге қыз­мет көрсету орталық­тары­ның саны – 20, аудандық деңгейде 191 қолдау көр­се­ту орталығы сер­вистік қолдау қыз­меттерін көрсе­туде. Біз бұны­мен ғана шектелмей, 2019 жылдан бастап ірі сауда орта­лықтарында да қосымша кеңес беру орталықтарын аштық» деген еді.

Расында, көрсетілетін қызмет ауқымы айтарлықтай үлкен. Мәсе­лен, кәсіпті енді бастаған кәсіп­керлердің басым бөлігіне күн­де­лікті орын алатын мәселелер тән. Қар­жылық қызмет, бухгалтерлік есеп­тілік, менеджмент, дұрыс емес мар­кетингтік саясат, келешекті жоспар­лаудың болмауы жиі кез­десетін мәселелер. Осылардың бар­лығы енді ашылған кә­сіпо­рын­дар үшін кедергі келтіріп, бизнесті бірінші жылы-ақ жабуға тура келіп жатады. Осындай мәселелерді алдын алуды қолға алған жобаның халық игілігі үшін пайдасы орасан зор. Мәселен, кішігірім фирманың барлығы бірдей заңгер ұстай алмауы мүмкін. Кәсібін енді ғана бастаған кәсіпкер үшін заңгер мен бухгалтердің көмегі аса қажет. Егер олай жұмыс істемесе кәсіпкер са­лық салу және кедендік проце­ду­ралар бойынша қиындықтарға тап болады. Осындай кезде салықтық, бухгалтерлік есеп жүргізу, статис­тикалық есеп, кедендік процеду­ралар жасау, заңгерлік мәселелер, марке­тинг, сервистік қолдау, ақ­параттық технологиялар саласында қызмет көрсету, мемлекеттік сатып алу мә­селелері, мемлекеттік-жеке­меншік әріптестік саласында қыз­мет көрсе­туді қамтитын сервистік қолдау таптырмас көмек.

«Атамекеннің» ақысыз қызме­тін 2018 жылы 138 мыңнан астам кәсіп­кер пайдаланған. «Бизнес-Мектеп» пен «Іскерлік байланыс» бойынша 20 914 кәсіпкер оқудан өткен. Ірі қа­лалар мен аудан орта­лықтарында кәсіпкерлерге кеңес беру мақсатында 828 кеңесші қызмет көрсетуде. 42 кә­­сіпкер Германияда тағылым­дама­дан өткен.