Мемлекет ұсынған мүмкіндік

Газет мақаласы Айқын газеті №85

Еңбегі өнімді, табысы тұрақты кәсіпкер атану үшін тың тәжірибе мен қарқынды қолдаудың қажет екені белгілі. Осы орайда табиғаттың мына заңдылығы еске түседі: пілләдан көбелек жарып шығар кезде қауашақтың іші 80 градусқа дейін ысып-күйе бастайды. Әлгіндей қызуға шыдағанда ғана қауашақтан әдемі көбелек дүниеге келеді. Жас кәсіпкер де осыған ұқсас, сан түрлі кедергі, қаржылық қиындықтарға төтеп беріп, бизнес бағытына төселу алғашында кімге болсын оңай тимейді. Алайда қазір мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау үлкен мүмкіндікке айналуда.

Мемлекет ұсынған мүмкіндік

Назым Анарбекқызы – мемле­кеттік қолдау арқылы кәсібін бастаған, «Бизнес-кеңесші» жобасының қатысушысы. 26 жастағы кәсіпкер Қызылорда қаласында төсеніш тастар (брусчатка) мен тротуар плиталарын дайындайтын цех ашу үшін «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағ­дарламасы аясында 10 миллион теңге алған. Бастапқыда бұл кәсіпті Назымның әкесі қолға алыпты, алайда жарнама­ның жеткіліксіздігі мен қаржының аздығы бизнестің құлды­рауына себепші болған. Негізгі мамандығы мұғалім екеніне қара­мастан, Назым әкесінен күрделі кәсіптің техникасын үйреніп, жұмыс­ты жалғастырып әкетеді. Тіпті бірнеше жыл төсеніш тасты қалай дайындау керегін білу үшін қалыпқа өзі құйып көреді.

− Көбіне мұндай кәсіп түрімен ер адамдар айналысады, бірақ мен тәуекел еттім. Мемлекеттен берілген қаржыға тасымалдау көлігін, дірілдеткіш құрал, түрлі қалып, өзге де қажетті дүниелерді сатып алып, бес адамды жұмысқа қабылдадық. Одан бөлек, төсеніш тасты құятын арнайы бөлменің (бокс) құрылысын бастадық, оның ішінде жылы еденнің болуын қарастырдық. Себебі, біз тұрғындардан тек жаз айларында ғана тапсырыс қабылдай­мыз, қысқы маусымда қоспа қатып қалатындықтан, жұмысты тоқтатамыз. Осы жылдан бастап арнайы бөлмеде қыс кезінде де тапсырыс алатын боламыз, – дейді ол.

Сондай-ақ оқыңыз

Назымның айтуынша, күніне төрт-бес қатар, яғни 200-300 төсеніш тас дайын болады. Кәсіпкер цемент, шебін, бояу түрін дұрыс таңдап, қоспа дайындау, оны қалыпқа салып тегістеу әрі кептіру, тұрғындармен байланыс орнатып, жарнама таратудың машақа­ты көп тірлік екенін жасыр­мады. Әрі білмеген тұсын өзге қаладағы әріп­тестерінен үйреніп, тәжірибе алмаса­тын көрінеді.

Назым Анарбекқызының бұдан өзге ORKEN’S studio деп аталатын сұлулық орталығы бар. Онға жуық шеберді жұмыспен қамтыған студия қазір оның қосымша кәсібіне айналған.


− Екі кәсіпті қатар алып жүру кейде ауырлық тудырады. Бірақ қазір бәсекелестердің саны күн сайын артып келеді, сондықтан сапаға жұмыс істеу бәрінен маңызды. Bryschatka.kzo-ның жұмысын отбасымызбен бірге жоспарлап отырамыз, яғни өзімнен бөлек ағам да, інім де істің ебін біледі. Ал ORKEN’S studio-да шеберлердің жұмысын өзім жіті қадағалаймын, − дейді ол.

Назым жаңа кәсібін нақты табыс көзіне айналдырып, жүйеге үйренген соң өзі тәрізді жастарға қолдау көрсет­кісі келеді.

− Қазір кәсіпкерлерге көрсетілетін мүмкіндік көп, тек ізденіс пен идея керек. Қызылорда облысында 2018-2020 жылдар «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы» деп жарияланды. Осы бастама аясында қаншама жас қағазда қалған арманын тірілтті. Бүгінде біз мемлекеттің қолдауын сезініп отырмыз, енді өзім де жастардың бастамасына көмектескім келеді. Бұл мемлекетке айтар алғысым мен тигізер пайдамның бір бөлігі болмақ, − дейді Назым Анарбекқызы.


Гүлдана ЖҰМАДИН,
Қызылорда облысы