4 000 балаға арналған оқушылар сарайы

Газет мақаласы Айқын газеті №86

Қарағандыда Балалар мен жеткіншектер сарайының құрылысы басталды. Оқушылар сарайында 4 000-нан астам бала робототехника, бағдарламалау, авиамоделдеу, гидропоника, аэропоника сияқты 50-ден астам техникалық бағыттағы үйірмелерге қатысатын болады.

4 000 балаға арналған оқушылар сарайы

Балалар мерекесінде жаңадан салынатын Балалар мен жеткіншектер сарайының іргетасына уақыт кап­суласын салу рәсімі өтті. Жастар бо­лашақ ұрпаққа аманаттаған хат жазды, оны 2050 жылы бірақ ашады. Кіш­кентай қарағандылықтарға осын­дай сыйлық жасау туралы тапсырманы Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өткен жазда Қарағандыға келген кезде берген болатын.

– Балаларды қорғау күні оларға сыйлық тарту дәстүрге айналған. Елбасының тапсырмасы бойынша қарағандылық балаларға кең, қазіргі заманғы Оқушылар сарайын сыйлаймыз. Бұрынғы сарай осыдан 80 жыл бұрын салынған болатын. Өкінішке орай, ол барлық талапқа жауап бермейді және оған көп адам сыймайды, – деді Ерлан Қошанов.

Балалар мен жеткіншектер са­райының жаңа ғимараты Оңтүстік-Шығыста, Достық үйінің артында салынады. Бұл заманауи үш қабатты ғимараттың көлемі шамамен 10 мың шаршы метрді құрайды. Ғимараттың сырты энергия үнемдейтін материал­дармен қапталады.

– Мұнда барлық сабақ тегін өт­кізіледі. Оған 4 000-нан астам бала қатыса алады. Робототехника, бағ­дар­ламалау және авиамоделдеу сияқты 50-ден астам техникалық бағыттағы үйірмелерді ұйымдастыру жоспар­лануда. Сонымен қатар балаларға заманауи технологияларды – гидро­поника мен аэропониканы пайдала­нуды үйрететін боламыз. Бұл өзекті және қазір балаларға өте қызықты дәрістер. Гуманитарлық және шығар­машылық бағытты қалайтындар үшін мұнда үйірмелер, шеберханалар, хорео­гра­фиялық залдар, коуоркингтер жұмыс істейді, – дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлсім Қожахметова.

Жаңа Оқушылар сарайының құрылысы 2020 жылдың қараша айында аяқталады. Қарағандылық оқушылардың қолөнер бұйымдары мен өнертабыстарының көрмесі өтті. Көрмеде авиамоделдеу үйірмесінің қатысушылары жасаған ұшақтар көрсетілді.

Бұл күні Орталық мәдениет және демалыс саябағында 14 жасқа дейінгі балалар «Ромашка», «Шолу дөң­гелегі», «То­сын сый» аттракциондары және бала­лар теміржолын билетсіз тепті. Сон­дай-ақ мереке құрметіне орай сая­бақта балалар шығар­ма­шылығы орта­лықтарының фестивалі өтті. Каскад алаңында шаш бұрымын өру, хна, аквагрим салу, фотосурет және сәндік-қолданбалы өнер, мен­талдық арифметика, мектепке дейінгі даму және оригами бойынша бойынша ше­берлік-сыныптар ұйым­дасты­рылды.

Балаларды қорғау күні аясында Қарағандыда 86 көпбалалы отбасы қоныстойын тойлады. Қала әкімі Нұрлан Әубәкіров пәтер кілттерін табыс етті. Бұл пәтерлер Қараған­дының Оңтүстік-Шығысында Байкен Әшімов атындағы жаңа ша­ғынау­данындағы үйлерде орна­ласқан. Болашақта мұнда қаланың әкімшілік-іскерлік және мәдени орталығы са­лынады. Жаңа шағы­науданда әлеу­меттік және спорт ны­сандарының, гүлзарлардың, кон­церт залының, балалар мен жасөс­пірімдер сарайы­ның және тағы бас­қа да көптеген нысанның құры­лы­сы жоспарланған.

«Қазір облыс орталығында 1 500-ден астам көпбалалы отбасы атаулы әлеуметтік көмек алуда. 500-ге жуығы жол жүру жеңілдігімен қамтамасыз етілген. Көпбалалы ата-аналарға балабақшада 50% жеңілдік қарас­тырылған. Сонымен қатар олардың балалары спорттық секциялар мен үйірмелерде тегін айналыса алады. Ал жазда «Салют» лагерінде демалуға мүмкіндік жасалған» деп атап өтті Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров.

– 15 жыл кезекте тұрдым. 5 балам бар. Айлардың сұлтаны – Рамазан айын­да баспаналы болдым. Өте қуа­ныш­тымын, бақыттымын. Мен сен­ген жоқпын. Таңертең әкімшілікте жи­налыс деп кеттім, үйдегілер біл­мейді, – дейді көпбалалы ана Мейрамхан Әлиева.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша көпбалалы отбасыларға кешенді қолдау көрсетілуде. 1 мамыр мерекесі қарсаңында да Қарағанды қаласында 10 көпбалалы отбасы пәтер кілтіне ие болған еді. Қарағандыда мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға 494 отбасы кезекте тұр.


Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
Қарағанды облысы