«Аманатқа» жауапкершілік жүктелді

Газет мақаласы Айқын газеті №88

Сайлау  – дамуымыздың маңызды кезеңі. Оның әділ, ашық өтуі – халық­тың талабы. Бұл жауапкершіліктің жүгін сайлау кезінде мониторинг жүргізу  үшін «Аманат» аза­мат­тық» платформа­сы атты ерікті қоғам­дық құрылым алды. Құрылғанынан бас­тап жауапкер­ші­лікті жан-жақты зерделеген олардың жұмысы сайлау­шы­лар тарапынан оң бағаланып отыр.

«Аманатқа» жауапкершілік жүктелді

«Аманат» азаматтық плат­фор­ма­сының ерікті қоғамдық құра­мында қоғамдық белсен­ділер, бұ­қаралық ақпарат құрал­дары­ның өкілдері, жастар, кәсіп­кер­лер, белсенді азаматтар және Аты­рау облысының тұрғын­дары бар.

– Біз әділ, ашық сайлауды өткізу­дің маңызын түсінеміз және өзімізге жауапкершілік аламыз. Сайлау күні белгілен­ген кезден бастап, оның ашық, әділ өтуі мақсатында сайлауалды мониторинг бойынша «Аманат» азаматтық платформасын құру идеясын қолдауға шешім қабыл­да­дық. Бұл – әділ, ашық сайлау өткізуге мүдделі Қазақстан аза­мат­тарының тәуелсіз ерікті қоға­мы. Біздің ұстаным: әрбір азамат сайлану құқығына ие, әр кандидат үшін тең жағдай жасалуы керек, әрбір сайлаушы өзі таңдаған кандидатураға дауыс беруге құқылы, сайлау туралы барлық ақпарат ашық болуы керек, ашық пікірталастар өткі­зі­­луі тиіс, қоғам сайлау про­це­сінің барлық кезеңін бақылауы тиіс, әрбір сайлаушы­ның дауысы естілуі тиіс. Осыған байланысты сайлауды бақылау бойынша «Аманат» азаматтық платфор­ма­сы әзірленді. Ең өзекті 5 бағыт таңдап алынды, – деген «Аманат» азаматтық платформа­сы ерікті қоғамдық құрылымы­ның Атырау облыстық өкілі Дәурен Сейіт­қалиев бес бағытты жіктеп айтып берді.

Оның айтуынша, біріншіден, дайындық – әрбір үміткерге тең жағдайлар және барлық сайлау­шы­ның еркі үшін мүмкіндіктер жасалды. Екіншіден, әрбір сайлаушы өзінің құқықтарын білуі және оларды саналы түрде пайдалана білуі қажеттігінен хабардар болды. Үшіншіден, шын­шылдық – әрбір учаскені қамтитын тәуелсіз байқаушылар­дың ұлттық желісін құру ойлас­ты­рылған.Төртіншіден, диалог – барлық тараптың пікірін құр­мет­теу, пікірталас алаңдарын құру. Бесіншіден, сенім – мем­ле­кеттің және қоғамның құрмет пен сенім принциптерінде тең­дей ынтымақтастығы болуы қажет.

«Аманат» азаматтық плат­фор­масының Атырау облысын­да­ғы тәуелсіз бақылауы бойынша аралық есебінде мәлім болған­дай, Атырау облысында «Аманат» азаматтық платформасы ерікті қо­ғамдық құрылымына 40 қо­ғам­дық бірлестік пен 275-тен астам азамат қолдау көрсеткен.

«Аманат» азаматтық плат­фор­масына қатысу ерік­ті сипатта және негізгі жұмысы­нан бос уақытта іске асырылды.

«Сайлауға дейін Атырау облысының аумағында сайлау процесіне дайындық жағдайы зерттелді. Атырау облысында 112 аумақтық және 150 аудандық ко­миссия бар. Жобаны жүз па­йыз жабуды қамтамасыз ету үшін бекітілген кестеге сәйкес, үш жүзге жуық байқаушыға семи­нар-тренинг өткізілді және 20 мобильді капитан ұйымдас­ты­­рылды», – дейді Дәурен Сейіт­қалиев.

   Облыстық штабтың жұмысы барысында бірінші рет сайлауға қатысатындарға арналған «Сай­лау­шы жадынамасы» әзірленіп, таратылды.

Бұдан басқа, сайлаушылар мен байқаушылардың құқық­та­ры туралы тұсаукесерлер жаса­лып, ұсынылған.

Атырау облысындағы «Ама­нат» азаматтық платформа­сы­ның аймақтық штабы қызметін ұйымдастыруда «4 билік Атырау журналистер одағы», «Арт-сине­ма», «Кәусар», «Жеті жар­ғы», «АтамекенЭко», «Жүректен жү­рек­­ке», «Намыс», «Жылы жү­рек», «Келешек-жасSTAR», «Ден­дер жастары» қоғамдық ұйым­­дар және «Атырау облы­сы­ның Азаматтық Альянсы» ЗТБ өкілдері үлкен үлес қосты. Мони­торинг барысында мүмкін­ді­гі шектеулі жандарға қатысты сайлау учаскелерінде кішігірім кемшіліктер анықталған. Кейбір ғимараттарда пандус жоқ. Деген­мен халықтың бұл санаты­на үйде дауыс беру мүмкіндігі берілді.

Сайлаудың ашық әрі әділ өтуіне ықпал ету үшін құрылған «Аманат» азаматтық платфор­масы еркіті қоғамдық құрылым мүшелері сайлау күні барлық сайлау учаскесінде міндеттеріне кірісті. Дауыс беру кезін бақы­лауда олардың тарапынан бірне­ше рет ескерту жасалған. Бұл сайып келгенде, сайлаудың ашық өтуіне атсалысуды көзде­ген құрылымның халық алдын­дағы жауапкершілігін айқын ұғынғандығы деп түсіндік.

 

Атырау облысы