Самокат сапалы ауаны сақтай ала ма?

Газет мақаласы Айқын газеті №89

Алматыда 520 мың автокөлік тіркелген және күніне сырттан 250 мыңдай көлік кіреді. Бұл туралы біраз уақыт бұрын жасыл экономика жөніндегі ғылыми-практикалық сессияда Алматы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов мәлімдеген еді. Қалада ауа ластануының негізгі себебі автокөліктен екені де анықталып отыр. Оның эмиссиясы – 65%. Қала билігі мұның алаңдатарлық цифр екенін және тиіс шаралар жасалып жатқанын да айтады. Дегенмен мәселені шешудің бір жолы – тұрғындардың автокөлікті экологиялық тиімді баламаларға ауыстыруы. Бұл үшін экология саясатына өзгеріс қажет пе, әлде халық санасына ма?

Самокат сапалы ауаны сақтай ала ма?

Электромобильдерді есепке алмағанда экологиялық тиімді транспорт деп велосипед, электро және қарапайым самокаттарды айтамыз. Қала басшылығы да тұрғындар назарын осы транспорт­тарға аударуды жөн санайтын тәрізді. Көлік жолы тарылып, веложолдарға орын беріледі, жылына сан мәрте велошерулер, жарыстар ұйымдастырылады. Қатысушыларға марапат беріп, сыйлықтар үлестіреді, тағы басқа жолдармен ынталандырады. Оларға арнайы жарыс ұйымдастыр­маса да, көшеден электросамокат тебушілердің де саны бұрынғыдан артқанын байқаймыз. Бірақ мұның барлығы автокөлікті азайтуға, тұрғындардың одан түбегейлі бас тартуына түрткі бола ала ма?

Жоғарыда атаған транспорттар­дың алдымен пайдасын саралап көрейік. Велосипед жайлы айту артық болар. Мысал үшін эколо­гиялық тиімді әрі сәнді таңдау деп электросамокатты алайық. Ол қарапайым самокатқа ұқсайды. Айырмашылығы – электр қозғалт­қышы мен аккумуля­торы бар. Аяғыңызға ешқандай күш түсір­мей, бір батырманы басып, 120 шақырым сағатқа дейін жыл­дам­­­дықпен құйғытуға мүмкін­ді­гі­ңіз бар. Әрине, жол жүру ережесі сізге де қатысты болмақ. ІІМ Әкім­ші­­лік полиция комитеті маман­дары­ның мәліметінше, электроса­мо­кат иелері мопед жүргізушілеріне теңестірілген. Мұндай самокат қолданушылар велосипед жолы­мен жүруі тиіс. Демек, келешекте полицейлер тротуармен жүрген электросамокат иелерін әкімшілік жауапкершілікке тартуы мүмкін. Айыппұл мөлшері – 15 айлық есеп­тік көрсеткіш. Жасыңыз 16-ға тол­маса, электросамокатты басқа­руыңызға рұқсат жоқ. Десе де, электросамокат мініп, кепте­ліс­те тұрмайсыз. Көлік құжаты қажет емес (әзірге). Орташа салмағы – 10 келі. Тұраққа қоймай-ақ пәтері­ңізге де, жұмыс орныңызға, бір сөзбен айтқанда, кез келген ғима­ратқа көтеріп кіруіңізге болады. Жанармай қажет емес. Батареясы шамамен екі сағатта толық қуат алып үлгереді. Ол орташа есеппен 40 шақырым жол жүруге жетеді. Дәл велосипедтегідей болмаса да, денсаулығыңызға пайдалы екені де анық. Нағыз қым-қуыт тіршілігі көп, кептелісі мол қалада бұл таптырмас шешім тәрізді емес пе?

Еуропа елдерін аралағанымыз­да веложолдың көптігін, тіпті олар­дың бөлек бағдаршамдары бар екенін де аңғардық. Скутерші, мотобайкерлердің де қарасы бізді­кінен әлдеқайда көп. Бірақ мұның барлығы жағдайдың жаса­луы арқылы ғана жеткен жетістік деуге аузым бармас еді. Өйткені…

Батыс елдерімен салыстыр­ғанда, кеш болса да, Алматы қала­сы 2011 жылы веложолдарды сал­а бастады. Тіпті веложол сал­ған Орталық Азиядағы бірінші ел болдық. Одан бері, міне, 9 жыл өтті. Өткен жылғы мәлімет бойын­ша, Алматыда 70 шақырым, Нұр-Сұлтанда 56 шақырым веложол қолданысқа берілген. Елордада 2022 жылға қарай ұзындығы 1 700 ша­қырымнан асатын веложол болады деп жоспарланып отыр. Мүмкіндік артып, қалаларда вело­жарыстар жиі өткізілетін болды. Әйтсе де, соңғы екі жылда Алма­тыда бір велошеруге 2 мың­нан астам адам қатысқан. Бұл жоғарыда атаған 520 мың автокөлікпен иық тірестіре алатын көрсеткіш пе?

Әлемде экология мәселесінің түр-түрі бар. Соның ішінде автокөлік санының шамадан тыс көп болуы бір ғана елдің емес, ғаламға ортақ проблема екені де анық. Қоршаған ортаға қатысты саясат ауаның ластануына ғана емес, тіпті CO2-нің шығу деңгейін төмендетуді, су мен топырақтың тазалығын, адам мен жануарлар­дың да денсаулығына зиян келмес­тей жүзеге асыруды ескергені жөн болса керек. Осы тұста саясат үшін де, қарапайым тұрғындар үшін де мына ақпаратты айта кетейік. Еуропалық комиссия 2016 жылдан бері Еуроодаққа мүше барлық мемлекетте экология саясатын және жалпыға ортақ ережелерді бекітуді қолға алып жатыр. Жақын­­да комиссия экология сая­саты мен еуроодақ заңнамасы­ның қоршаған ортаны сақтау үшін ғана емес, инновация, экономи­кадағы өсім, жұмыс орнын көбейту тұрғы­сынан да пайдалы екенін мәлі­м­де­ді. Табиғатты қорғау жөніндегі заң­нама толық жүзеге асса, Еуроо­дақ денсаулық сақтау және қор­ша­ған ортаға қатысты шығын­дар бойынша жылына 55 миллиард еуроға дейін үнемдей­тінін көрсетті.

Әрине, мұндай артықшылықты байқап тұрғанымен тұрғынның барлығы, тіпті жартысы велосипед, самокат мініп кете алмас. Вело­жолы, инфрақұрылымы дамыған мемлекеттермен салыстырғанда, бұл нұсқаның бізде «өтпей» жүр­ге­ніне үлкен себептің бірі – ауа райы. Біз назарға алған екі транс­портты да қысы ұзақ Нұр-Сұлтанда, жаңбырлы Алматыда да тұрақты қолдану тиімсіз. Тіпті жаз айында да ауа райының қолайсыздығына байланысты олармен қатынай алмай қаласыз. Демек, бұл екі нұс­қа да автокөлікті түбегейлі алмасты­ра алмайды. Әйтсе де, сізді қоршаған ортаны сақтау мәселесі алаңдатар болса, қолайлы уақытта атаған транспорттарды кәдеге жаратуға болады емес пе? Біздіңше, зияны азырақ болсын деп, адамдар екі транспорттың бірінен екінші­сіне көшіп жүруі үшін де қоғамдық санаға өзгеріс қажет екені анық.

Алматыда жолаушыларды тасымалдайтын 1 650 автобус бар, соның 600-ге жуығы газбен жүреді. Әкімдік мәліметінше, алдағы уақытта газбен жүретін қоғамдық көліктердің қатары көбейе бермек. Осы тұста Алматы көшесіндегі бір билборд есіме түсіп кетті. Онда 50 көліктегі жолаушыны бір автобус­тың жолаушыларына теңестірген. «Біз таза қала үшін» деген слоган да бар. Егер жаңағы автобустағы­лардың әрқайсының ойында жеке көлік туралы арман болса ше? Ұраны оған әсер ете ме? Мысалы, сізді жоғарыдағы цифр, ауаның ластануы, қоршаған ортаның одан зиян көріп жатқаны автокөлігіңіз­ден бас тартуға, тіпті ол туралы ойлануыңызға әсер ете алды ма?

 

Ақжарқын ҚЫДЫРХАНОВА