Шаңыраққа шаттық сыйлады

Газет мақаласы Айқын газеті №90

Түркістан облысы Отырар ауданы Темір ауылында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған «Туған елге тағзым» бағдарламалық жоспарына сәйкес, осы кезге дейін жеке баспанасы болмай пәтер жалдап күн кешіп жүрген көпбалалы Ербол Мүсіреповтің отбасы жерлестерінің арқасында баспаналы болып, ерекше қуанышқа кенелді.

Шаңыраққа  шаттық сыйлады

Жергілікті кәсіпкер Бауыр­жан Қаныбеков пен «Темір» жалпы орта мектебін 1994 жылы бітірген түлектері бірлесе оты­рып, Мүсіреповтер жанұясына бес бөлмелі баспана тарту етті. Бүкіл ауылды сүйсінткен игі ша­раға аудан әкімі Ерлан Айтаханов арнайы қатысты.

Қуаныш иелеріне ізгі тілегін білдірген аудан басшысы өз сө­зінде: «Қазақ халқы «Қайырым­дылық – қайырлы іс» деп бекер айтпаса керек! Жаны жомарт ауыл азаматтары көпбалалы отбасының шаңырағына шуақ шашып, жүрек жылулығын бүл­діршіндерге сез­діре білді. Қиын сәтте қол ұшын созып көрсеткен көмек ешқашан да ұмытыл­майды. Әзімхандай ағамыздың ұлы, асылдың көзі Бауыржан жыл сайын мұқтаж отбасыларға азық-түлікпен қамтамасыз етіп, көмек көрсетіп келеді. Ауылдағы қайырымдылық шарасы мұны­мен тоқтамайды. Тамыз айында темірліктер тағы да қуанышты сәттің куәсі болмақ. «Темір» мек­тебін 1999 жылы бітірген түлек­тер өздерінің көп­балалы сынып­тасына 3 бөлмелі тұрғын үйдің құрылысын бастап, қызу жұмыс­тар жүріп жатыр. Мұнан бөлек биыл аудан бойынша аудандық бюджет және демеу­шілер есе­бінен 40 көпбалалы отбасының үйлері күрделі жөн­деуден өтетін болады. Осынау қуанышты сәтпен баршаңызды құттықтай отырып, дендеріңізге сау­лық, отбасыларыңызға аман­дық, құт-береке тілеймін, – деді.

Аудан әкімдігі атынан көп­балалы отбасына тоңазытқыш, кір жуатын машина, үйге қажетті жиһаздар тарту еткен аудан әкімі Ерлан Қуанышұлы мұндай сауа­бы мол, игі істер алдағы уақыт­тарда да өз жалғасын табатынын атап өтті.

Қайырымдылық шарасында сөз алған 1994 жылғы бітірген тү­лектер атынан Сұлтан Баймаха­нов Мүсіреповтердің отба­сына баспана кілтін салта­натты жағ­дайда табыстаса, ардагер ұстаз, ауылдың батагөй қариясы Айтуар Төлегенов баспана иелерін шын жүректен құттықтап, ақ батасын берді.


Інжу БАЛТАБЕКҚЫЗЫ