Еңбек нарығы қалай өзгеруі мүмкін?

Газет мақаласы "Айқын" газеті №92

Маусым айының басталуы еліміздегі бірнеше колледж, жоғары оқу орындары және кәсіптік техникалық мектеп түлектерінің дип­лом алып, еңбекке араласуымен тұспа-тұс келеді. Жаз мезгілі – жастардың жаппай жұмыс іздейтін уақыты. Ал күзде олар алғашқы кәсіби жұмысына орналасып, еңбек ете бастайды. Бірақ еңбек нарығы біз ойлағандай аса мейірбан һәм қолайлы емес. Оның да қитұрқы талаптары мен қатал сындары жетіп артылады.

Еңбек нарығы қалай өзгеруі мүмкін?

Соңғы уақытта елімізде жұмыссыздар саны 1,1 пайыз­ға жоғарылап кеткен. 2019 жыл­дың бірінші тоқса­ны­ның соңында жұмыс күші 9,2 мил­лион адамды құрапты. Жұмыс таппай сенделгендер саны – шамамен 442,9 мың адам. Сарапшы­лардың ай­туын­ша, қазір отандық еңбек нарығында аса қат мамандар ретінде – инженер­лер ауызға жиі ілігеді.

– Нарықта инженерлерге, техникалық мамандарға әркез сұраныс бар. Егер жоғары білімі мен қабілеті бар болса, олар агроөнеркәсіпте, метал­лур­гияда, машина құрастыру­да тез жұмыс тауып кете ала­ды. Әрі алатын жалақысы да жоғары. Жалпы, соңғы біраз жылдан бері біздің нарық маман іздеу тұрғысынан тұрақ­ты. Көбіне сату маманы, қаржыгер, бухгалтер, әкімші­лік қызметкерлерге сұраныс артып келе жатыр, – дейді ANCOR Central Asia бас ди­рек­торы Валерия Петруни­на.

Дегенмен жыл санап талап­­­тың да күшейіп келе жат­­­­қаны рас. Ақпараттық тех­но­логия қатты дамыған дәл қазіргі сәтте жұмыс берушілер интернет пен компьютердің мүмкіндігін барынша пайда­лана алатын, оны өз жұмы­сына орай кәдеге жарата ала­тын мамандарды көбірек іздеуде. HeadHunter кадрлық агенттігінің сарап­шы­сы Әсел Нұрқасым­қызының сөзінше, былтыр жасы жиыр­ма­дан енді асқан жастар топ-менеджерлік қызметтерге құш­тар­лық таныт­қан.

– Былтыр жазда топ-менед­­жер позициясын іздеу­ші­лер саны төрт есеге көбейіп кетті. Бір вакансияға алты кандидат­тан келген кездер де болды. Іздеушілер – жоғары оқу орнын енді бітірген жастар, жас кәсіпкерлер мен старта­перлер. Алайда аз жалақыға қанағат қылатындар да жоқ емес. Мәселен, былтыр жұмыс іздеушілердің де 24,5 пайызы 110-165 мың аралығындағы жалақыға келісім берді. Бізде жұмыс берушілер көп жалақы бермесе де, басқа жағынан оң әсері тиюі мүмкін. Яғни, кей компанияларда қызметкерлер үшін түрлі әлеуметтік пакет, сақтандыру, тегін түскі ас, бас­қа да көмектер көрсетіледі, – дейді сарапшы.

Еңбек нарығындағы екін­ші бір мәселе – жаппай автоматтандырудың жұмыс күшіне тигізер кесірі. Қоғам­ның қарқынды түрде цифр­лануы, түрлі мекемелер мен өндіріс орындарының желілік бағдарламаларды қолдана бастауы жұмыс күші­нің одан ары азаюына себеп болуы ықтимал. Еуропалық ұжым­дық басқару институтының ғылыми қызметкері, профес­сор Артуро Бристің айтуынша, цифрландыру мен түрлі биз­нес процестер еңбек нары­ғын адам танымастай етіп өзгер­теді.


– Мәселен, Volkswagen ком­паниясы алдағы 5 жылда өндірісін толықтай авто­матты жүйеге көшіретінін мәлімдеді. Бұл дегеніңіз – сол кәсіп­орынның автомобиль сала­сында жұмыс істейтін аза­маттардың жаңа жұмыс іздей беруіне болады деген белгі. Дегенмен жаңа жүйе құратын автоматтандырудың өзін реттеп, басқаратын ма­ман­дар керек. Яғни, адам­дар­дың заманына қарай жаңа маман­дық, жаңа кәсіп иге­руі­не тура келеді. Ұлыбри­та­ния­да адам­дардың 37 пайызы өз жұмы­сын еш пайдасыз деп есеп­тейді, – дейді ол.

 Роботтандыру қарқынды жалғасатын болса онда 2030 жылға таяу 800 млн адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Сарапшылар 46 елдегі 800-ге жуық мамандықтың жай-күйін зерделегеннен кейін осындай тоқтамға келген. Дегенмен цифрланған өндірістің бәрі бірдей керемет жұмыс істеп кетеді деген ой да бекер.


Мұндай пікірмен ресейлік сарапшылар да келіседі. Экономика ғылымдарының кандидаты Ирина Перованың пікірінше, қазір ғалам үлкен өзгерістер табалдырығында тұр. «Қазіргі уақытта жұмыс уақытының 71 пайызы адам қолының еңбегі арқылы ең­се­рі­леді. 29 пайызын маши­на істейді. Бірақ 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 52 па­йыз­ға дейін көтерілуі мүм­кін» дейді ол. Автомат­тан­дырудың өз күшіне мінуі дәстүрлі сектордың біраз бөлігінің жойылып кетуіне әсерін тигізбек. «Citibank Қазақ­стан» басқарма төрағасы Андрей Курилиннің айтуын­ша, адамдарды қысқарту табыст­ың азаюына түрткі бол­майды. «11 жыл бұрын біздің компанияның табысы 18 млрд долларға жуық болды. Ал былтыр 17 млрд долларды құрады. Бірақ 10 жыл бұрын бізде 350 мың адам жұмыс істеген. Ал қазір 220 мың шамасында. Яғни, адамның көп болуы – табыстың да көп болатынына кепілдік бермей­ді. Аз жұмыс күшінің өзін тиім­ді пайдалана білуге бола­ды. Біз қызметкер таңдаған кезде банкирлерге ешқандай басымдық бермейміз. Біз олардың тіл меңгергеніне, математикалық қабілетіне қараймыз. Қалғанын жұмыс барысында үйреніп алады» дейді банк басшысы.

Қазірдің өзінде әлем бо­йын­ша 1 800-ден астам ком­па­ния біржола роботтар­дың көмегіне иек артуға шындап кіріскен. Халықа­ралық ұйым­дардың болжауынша, 2025 жылға қарай 60 млн (4 пайы­зы) жұмыс орны авто­мат­тандырылып, 86 пайы­зы түрлі өзгеріске ұшы­рап, 10 па­йыз­дай жұмыс орны өз бағы­тын ауыстыруы мүмкін. McKinsey & Co консалтингтік компа­ниясы сарапшы­ларының ес­кер­туінше, шама­мен 10 жыл­дан кейін әлем бойынша 400 млн-ға жуық адам жаңа жұмыс іздей бас­тайды. Бұл жағдайда үкіметтің халықты қайта оқы­туына, басқа маман­дық беруі­не тура келеді. Робот­тан­дыру қарқын­ды жал­ға­сатын болса, онда 2030 жылға таяу 800 млн адам жұ­мыс­­сыз қалуы мүмкін. Сарап­шылар 46 елдегі 800-ге жуық мамандықтың жай-күйін зерделегеннен кейін осындай тоқтамға келген. Дегенмен цифрланған өнді­ріс­тің бәрі бірдей керемет жұмыс істеп кетеді деген ой да бекер. Бір елдерде автомат­тандыру жұмыстың басым бөлігін реттей алса, бір елде бұл көрсеткіш небәрі 10-15 пайызды ғана құрауы мүмкін. Бұл ретте жұмыс орындарын сапалы цифрландырумен қамту елдің экономикалық өсіміне тікелей байланысты болмақ. Сарапшылардың болжауынша, егер автомат­тандыру қазір болжанғандай ауқымды жүзеге асса, онда келешекте – зауыттағы маши­на операторлары, бэк-офис қызметкерлері және жылдам тамақтану мейрамханасының жұмысшылары бірінші кезек­те жұмыссыз қалуы мүмкін екен. Дегенмен McKinsey & Co сарапшылары автомат­тан­дыру бәрібір экономикалық өсімге алып келеді деген пі­кір­­де. Автоматты жүйе 10-15 жылдан соң бүкіл әлемдік жалпы ішкі өнім көлемін 1,1 трлн долларға дейін байы­та­ды. PwC консалтингтік фир­масы болса жасанды ин­тел­­лект тех­но­логиясының да­муы әлемдік ЖІӨ-ні 14 пайызға дейін жоғарылатады деген болжам айтып отыр. Әри­не, бұл болжамдардың бәрі бірдей жүзеге асады деп кесіп айту да қиын. Бірақ «жел тұр­маса, шөптің басы қимыл­да­майды». Бұл бізге қарата да айтылған қисынды болжам сияқты. Жастардың мейлінше бір емес, бірнеше саладан хаба­ры болуы, ағылшын тілін терең меңгеруі, заманауи қабі­лет­­терді игеруі жаһандану талап етіп тұрған басты мін­дет­тер секілді. Ал біз оған дайынбыз ба?