Бейбіт күннің сақшылары

Газет мақаласы Айқын" газеті №95

Біз қиялымыздан қаһарман бейнесін жасаймыз. Жақсылық жасауға, көмектесуге бейім адамның кейпін көрсетеміз. Жеме-жемге келгенде тайқып шыға келеміз. Санаулы секундтың ішінде шешім қабылдай алатындар – жүректілер. Батыс Қазақстан облыстық полиция қызметкерлері өмір мен өлім мәселесімен жиі бетпе-бет келеді. Әр тапсырманы мүлтіксіз атқаруға тырысады.

Бейбіт күннің сақшылары

...Олар күнделікті кезекшілікке шыққан. Бүгінгісінің бұрынғы­сынан ерекше екенін аңғармады. Аға лейтенант Нұрболат Смағұл мен лейтенат Нұржан Ғұмыров арнайы аумақты аралауға кірісіп кеткен. Бірде рацияға белгісіз қыз шатырдан секірмекке бекінгені туралы хабарлама түседі. По­лицейлер Еуразия көшесіне жақын маңда жүргендіктен, жанұшыра жетеді. Бесқабатты үйдің шаты­рына шығу оңай жұмыс емес. Тырыса-тырмыса жүріп, Нұрболат шатырға шығады. Қызды күштеп төмен түсіруге әлі жетпейтінін біліп, Нұржанды күтеді. Келгенше қызды алдаусыратуға тырысады. Ақыры Нұржан жәрдемдесіп, қызды төмен түсіреді.

Құтқару қызметінің оқыс қимылға дайын болуы – ерлік. Байқап қараса, Нұрболат пен Нұр­жан шатырдан тайып кетуі мүмкін екен. Жауған жаңбыр әсерінен айналаның бәрі дымқыл тартқан. Болған оқиғаның арты қайырлы болғанына полиция қызметкерлері дән риза. Олар оқиғаны кезекті құтқару жұмысы, қызметтік міндет деп біледі. Осы мамандықты ал­ғанда-ақ үлкен жауапкершілікпен қарау қажетін түсінгендерін жеткізді.

Орал қаласы Ішкі істер қызметі Абай полиция бөлімінің қыз­мет­керлері осы фактіні қылмыстық кодекстің 105-бабы 1-бөлігі бо­йын­ша сотқа дейінгі тергеудің бі­рыңғай тізіміне енгізген. Қажетті тергеу әрекеттерін жүргізгеннен кейін, қызды туыстары алып кеткен.

Бұл – Батыс Қазақстан облы­сындағы екінші жайт. Осыдан бірнеше ай бұрын Шалқар Ақым­ғалиев өзіне қол жұмсамақ болған қызды құтқарамын деп көз жұмды. Қыз қазір дін аман. Ал Шалқардың ерлігі – өлшеусіз. Аймақ поли­цей­лері ісіне адал, жанқияр қызмет­кердің жарқын үлгісін көрсетті. Еңбегі ескерусіз қалған жоқ.

«Болашақ жастардыкі» қо­ғамдық қорының бастамасымен «Менің Қазақстаным» акциясы ұйымдастырылды. Рәміздер күні қарсаңында еріктілер өңір тұр­ғындарын мерекемен құттықтады. Мерекелік акция Тұңғыш Прези­дент алаңында жалғасып, Ту шеруі өтті. Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жастар жылының артықшылығы жайында айтты. Ғабидолла Оспанқұлов Үкімет тарапынан жастарға қолдау көрсетіліп жатқанын, мәселені шешіп, мүмкіндікті игеруге ұмтылу қажетін жеткізді.

Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов жүктелген тапсырмаларды мінсіз атқарып, қызметінде ерлік көрсеткен бір топ құқық қорғау органының қыз­меткерлеріне, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандарына алғысхат тапсырды. Марапатталғандардың арасында тұрғындарды өрттен арашалап алғандар, кәнігі қылмыскерді құрықтағандар, адам өміріне ара­ша түсіп, жанқияр ерлік көрсет­кендер бар. Олар полиция капи­таны – Мұхит Әбілқайыров, по­лиция аға лейтенанты –Нұрболат Смағұл, полиция лейтенанттары Жандос Құбаев пен Нұржан Ғұ­мыров еді. Салтанатты шара соңы облыс пен қала өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты. Полицейлер бір сәт қым-қуыт тапсырмаларды ұмытып, көңіл сергітуге тырысты. Қызметін адал атқарып, қошеметке бөленгендерге халық ризашылығын білдірді.

Тәртіп сақшылары адам өмірін сақтап, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді азаматтық бо­рышы деп біледі. Сондықтан қала көшелері тыныштығына, тұрғын­дардың қауіпсіздігіне жауапкер­шілікпен қарайды. Қандай жағдай болмасын, халық пайдасына қыз­мет етеді. Міндетін адал атқарып, ел көңілінен шығуға тырысады.

 

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ