Балаға жазғы демалыстың берері көп

Білімнің дамуы – бүгінгі адамзат өркениетінің өлшемі, қоғам дамуының басты көрсеткіші. Ал білім – тәуелсіз мемлекет ретінде дамуымыздың, Елбасы межелеген озық мемлекеттің қатарына қосылудың басты алғы шарты. Тұңғыш Президентіміз белгілеген «Балапан» мен «Болашақ» бағдарламалардың барлығы өскелең ұрпақ үшін жасалып отыр.

Балаға жазғы демалыстың берері көп

Балаларымыздың келер оқу жылына жақсы дайындықпен келуі үшін тыңғылықты тынығу қажет. Осыған орай, жыл сайын Отырар ауданында балалардың жазғы демалысы аудан сыртында, мектеп жанындағы жазғы сауықтыру лагерінде және спорттық секцияларда, тарихи орындарға саяхат үлгісінде ұйымдастырылып келеді.

Биылғы жылы Түлкібас ауданы, Келте Машат ауылындағы «Отырар» балалар жазғы сауықтыру лагерінде 8 ауысым бойынша 1561 бала, оның ішінде аз қамтылған отбасының балалары, көпбалалы, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған отбасы балалары демалуда. Былтыр бұл жазғы сауықтыру алаңында 4 ауысым бойынша 598 бала демалған болатын. Яғни, былтырғы жылмен салыстырғанда 974 бала артығымен қамтылған деген сөз. Нәтижесінде биыл Отырар ауданына белгіленген меже 100% орындалып отыр. Ал мектеп жанындағы жазғы сауықтыру лагерінде 31 білім беру мекемелеріндегі 2025 оқушы тынығуда. Бұл да былтырғы жылмен салыстырғанда 6,6% пайызға жоғарылаған.

«Отырар» жазғы сауықтыру алаңында әрбір ауысым бойынша, әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, балалармен жүргізілетін жұмыстар жетерлік. Бұл алаңда педагогикалық шеберлігі жоғары, бала демалысын жүйелі атқаруға қабілетті тәрбиешілер де іріктеліп алынған.

Тоғыз ай уақытын мектепте өткізген оқушылар үшін жаз мезгілі ерекше. Олар демалып, жаңа оқу жылына шабытпен келіп, білімін одан әрі жетілдіреді. Балаға жазғы демалыстың берері көп. «Отырар» жазғы сауықтыру алаңында балалардың тынығуы үшін барлық жағдай жасалған. Лагерь ауласы жасылмен көмкерілген. Егілген ағаштар мен гүлдер көп, мұнда ұқыптылық пен тазалықтың бары байқалады. Әрине, мұның барлығы балалар үшін жасалып жатқаны белгілі.

Ендеше, адамның тынығуы, бос уақытын тиімді пайдалануы аса маңызды. Оқушының көңілді, тиімді пайдалы өткізген жазғы демалысы – алдағы оқу жылындағы сапалы білім кепілі болып табылатыны сөзсіз.

Ерлан Айтаxанов,
Отырар ауданының әкімі,
Түркістан облысы.