Біз қаншамыз, қандаймыз?

Газет мақаласы Айқын" газеті №99

Қазақстан Республикасының 1989 жылғы халық санағында 1 миллион 619 мың адам тіркелді. 1999 жылғы санаққа дейінгі аралықта Қазақстан халқы 12 461 мың адамға кеміген. Санақ көрсеткішінің кемуіне бұрын қуғын-сүргінге ұшырап Қазақстан жеріне қоныстандырылған өзге ұлт өкілдері (орыстардың, украиндардың, немістердің, кавказ халықтарының) өз атамекендеріне көшіп кеткендігі себеп болған. Кеңестік дәуірде, әсіресе, 1930 жылдан кейін Қазақстан жеріне сырт өлкеден халық толассыз келумен болды. Барлықтарыңыз білетіндей, 1937-1944 жылдары тұтас халықтарды Қазақстан аумағына күштеп  көшіру науқаны жүрді. 1937 жылы алғашқылардың бірі болып, Қиыр Шығыстағы корейлер көшірілді.

Біз қаншамыз, қандаймыз?

1897 жылы бүкіл ресейлік халық санағының мәліметі бойынша қазіргі Қазақстан аумағындағы халықтың 80 пайызын қазақтар құраса, 12 пайызын славян тектес халықтар құраған. 1897-1913 жыл аралы­ғында ондағы халық саны қоныс аударған орыс, украин, беларусь, татар, ұйғыр шет жұрттық­тары есебінен 126 мың адамға көбей­ген. Қазақстан аумағындағы халық санының өсу көрсеткіші төмен­дегідей:

1897 жылы – 4 333 адам;

1913 жылы – 5 597 адам;

1930 жылы – 6 082 адам;

1959 жылы – 9 259 адам;

1970 жылы – 13 000 адам;

1979 жылы – 14 683 адам.

Қазақстан халқының саны бойынша 246 елдің ішінде 63-орынға тұрақтады. Ресей 9-орын, Түркия 19-орын, Ауғанстан 38-орын, Өзбекстан – 43-орында. Бүгінгі таңда халық санының артуы Оңтүс­тік Қазақстан облысы, Қызы­лорда, Атырау, Алматы, Астана қалаларында байқалды. Ерлердің саны 7 миллион 200 мың болса, әйелдер 7 миллион 751 мыңды құрайды екен.

Біріккен Ұлттар Ұйымының 2025 жылға жасаған болжамы бойынша халық саны 9 100 мил­лион­­ға жетеді. Қазақстандағы орташа өмір сүру жасы ер адамдарда 65 жас, әйелдерде 74 жас, орташа өмір сүру жасы – 70 жас. Қазақстан халқының саны өте баяу өсуде. Соңғы жиырма жылдың ішінде бар-жоғы 4 пайыз ғана жоғарылаған. Демек, көбею жолында үлкен өзгеріс болған жоқ. Халқымыздың саны азып-тозудың, атып, асудың, соттап-айдаудың, ашаршылыққа ұшыраудың салдары­нан жалпы саны 9 миллион 385 мың адамға азайған. Бүгінде халық санын көбейту үшін бала туған аналарға 1 жылғы көмек төлемін ұлғайту керек. Басқа елдерде бала туған аналаларға бір реттік көмек 1 миллион теңгені құрайды. Біздің елде 50-100 мың ара­лығында. Яғни, мемлекет тара­пы­нан бала туған аналарға ынта­ландыру көлемі өзге елдермен са­лыс­­­тырғанда төмен. Көрші Өзбек­стан­да жиырма жыл ішінде халық саны 20 миллионнан 30 миллионға, яғни 46 пайызға өскен. Ал Қырғыз Республикасында 4 миллион 400 мың­нан 5 миллион 700 мыңға немесе 30 пайызға өскен.

Келесі кезекте қандас бауыр­лары­мыз жайлы сөз етпекпін. Ол туралы айтпас бұрын, өткен тарихы­мызға көз жүгірткім келіп отыр.

Қазақ деген көшпелі көп жұртты ұлт ретінде ұйыта білген қайсар хандар мен билеріміз кезінде ең мықты демографиялық саясатты жүзеге асырды. Кең байтақ, сайын далада қазақ сияқты ұлы ұлысты бір ұлт етіп берік қалыптастыруға қанша күш жігер қажет болды десеңізші?! Бұл тұста дана бабаларымыз көшпенді жұртты ыдыратпай басын қосу үшін дара демографиялық саясатты дербес жүргізе білген. Алғашында Ақ Орда болып, кейін Алаш Орда делініп бір мемлекет ретінде бас қосқан. Көшпелі өмірдің бір тұтастығы нәтижесінде адамзат тарихында Моңғолдан кейінгі, ал кейінірек жер мен сан жағынан одан да асып түскен. Әрі көшпенді ең ірі қауым құрылып, қазақ ұлты болып қалыптасты. Осы тарихи кезеңде қазақы үрдістің өзіне ғана дәл кесіп дұрысын айта білсек ата-бабалары­мыз аттай 1000 жыл тарихи даму уақытын сарп етті. Алтынға бергісіз асыл мұраны қайран бабаларымыз мына біздерге мирас етіп қалдырған. Ендігі жерде ұрпақтары біздер оны көзіміздің қарашығындай сақтап, осы заманға лайықтап, өркениетті мемлекет ретінде демографиямызды дамытуымыз керек. Қиыншылықпен қалыптасқан елдігімізді жоғалтып алсақ, онда бізді болашақ ұрпақ кешірмейді. Соған абай болайық.

Демогроф зерттеуші ретінде өзге мемлекеттерге кеткен қаракөз қандас бауырларымыздың ата-жұрты­на оралуын қолға аламын. Ең алды­мен – шет елдердегі қазақ диаспорасының көші-қон жағдай­ларын зерттеу. Қазақ диаспоралары туралы, олардың қандай жерге орналасатыны, тұрмысы, оқуы, жұмысы сияқты т.б. өзекті мәселе­лері жайлы мәлімет­терді толықтыру. Бұл тұрғыда қазақ диаспорасы өз өкілін жіберіп, көші-қон және демография жөніндегі агенттікпен бірлесе отырып шешуге тиіс. Қазақ диаспоралары тұратын елдерде Қазақстан күндерін үнемі өткізіп отыру қажет.

Қазақ диаспорасымен жүргізі­летін жұмыс шет елдердегі Қазақ­станның дипломатиялық өкілдіктері арқылы немесе тікелей атқарылады.

Қазақстан аумағына шетелден қазақ диаспорасының өкілі келгенде республиканың азаматтарындай қонақ үйге орналасу, ұшақтарға билет алу, теміржол көлігінің қызме­тін пайдалану бірдей дәрежеде болады. Олар емделу-сауықтыру орындарын республика азаматтары­мен бірдей пайдалана алады.


Демографиялық саясатта, тарих­тан тағылым алу ешқашан шектел­мей­ді. Біздер қазіргі және нақты көкейтесті мәселелерді қозғай оты­рып, өткеннен сабақ алуды жады­мыз­дан шығармайық. Қазақ халқы­ның күрделі демографиялық өмір­бая­­ны ондай тағылымдарға өте бай екені даусыз. Демографиялық дамудың даналығы да сонда. Ол өткеннің қатесін өзі-ақ түзетуге тыры­сады. Ал саясат дер кезінде жедел көмекке келе білуі керек. Бұрын­дары «Ел боламын десең, бесі­гіңді түзе» деген аталы сөз айтыл­са, ендігі жерде «Қордалансын десе ұлт, төсек қызығыңды күт» деп қымсынбай айтуға тура келіп отыр. Осының бәрі – ХХІ ғасырдың, келешек ұрпақтың бүгінгі қамы. Бұл да болса демографиялық саясатты аңғартады. Халқына шындап жаны ашитын адам алдымен өз мемле­кет­тілігін, конституциясын қадірлесін. Әйтпесе, өз мемлекетіне жаны ашы­май­тын сол жолда нақты іс атқар­майтын адамның халықшыл болып, Отаншыл болып қарық қылмайтыны белгілі. Мұны, әсіресе, ақпарат құралдары есте ұстауға тиісті. Тәуел­сіздігіміз бен мемлекеттілі­гі­міз­­ді қастерлеуге барша халықты тәрбие­леуге мұқият мән беруге міндетті. Қазір қолға алынып жатқан шаруа­ның барлығы біздің болашаққа деген сеніміміздің белгісі. Қазақ­стан­ның жарқын күндерін бәріміз бірге қызықтайтын күн алыс емес. Ең басты нысана өткен жолымызды, бай тарихымызды барынша әділ зерттеуіміз қажет. Сонда ғана ұлты­мыз­ды осындай ірі қауіптен сақ­тандыра отыра, қиындықтан аман алып шыға аламыз. Өткен ұрпақтың жарқын істерін, келелі пікірлерін зерттеп, бүгінгі заман талаптарына сай қолдана білуіміз керек. Бүгінгі қазақ зиялылары өмірдің қатаң шыңдалу мектебінен өткен. Ауыр күресте тәжірибе жинаған. Енді олар өз білімін халқы­на дер кезінде жеткі­зе білетін ұлтымыздың алдың­ғы қатар­лы күрескері бола алады деп сенеміз. Егемендіктің, тәуелсіздіктің негізін қаладық. Ескі саяси және экономикалық жүйеден босанып шықтық. Халық санасын тәуелсіздік талабына бейімдей білдік. Табиғи ресурстарымызды әлемге таныта алдық. Қоғамның саяси тұрақты­лығына қол жеткізе білдік.

Жоғарыдағы ойларды тұжырым­дайтын болсам, қазақ ұлтының сандық көрсеткішінің жоғарылауы, сапалық өрлеуге апарады. Ал сапа­лық өрлеу биік өркенге алып келеді. Осы мәселені ғалымдарымыз диалек­тикалық тұтастықпен байла­ныстыра қарайтын кезі келген сияқты. Бұл салада әлі көп жұмыстар атқарылуы керек. Ана тіліміздің мәртебесін көтеру үшін өзіміз республикадағы халық санының жартысына жетуіміз қажет.

Қазақ жеріндегі ежелгі мемле­кеттер, олардың қазіргі қазақ елімен сабақтастығы деген мәселелер әлі терең зерттеліп келеді. Сақтардың, ғұн­дардың, үйсіндердің, қарлұқтар­дың, батыс түрік, түргеш, Алаш Ор­да, қазақ хандығының әрқай­сы­сына арнайы монографиялар жа­зыл­­са да артық етпейді. Сол дә­уір­­лердің жәдігерлерін, еңбек­те­рін зерттейтін археологиялық экспеди­ция ашу керек. Кең байтақ жерімізге жиырма миллион ғана емес, 200 миллион халық сыяды. Сол себепті, еліміздің демография­сын өзекті мә­се­лелердің алдыңғы қатарына қо­йып, демогра­фиялық даму бо­йын­­ша шешімін таппаған сұрақ­тар­дың жауабын бірлесе қарастырайық.


Жұматай ӘЛИЕВ, 
«Халық демографиясы» қоғамдық 
бірлестігінің жетекшісі