Арыс: 16 көшеден 70-тен астам жарылмаған снаряд табылды

Қазіргі кезде Арыс қаласында 100 астам саперлер жұмыстанып жатыр. Олар қаланың 16 көшесінен жарылмаған 70-тен астам снаряд тапқан. Сондай-ақ, ауада ұшқышсыз үш аппарат ұшырылып, өрт ошақтарын бақылауда. Бұл туралы Қазақстан Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Бақыт Құрманбаевтың қатысуымен өткен брифинг барысында белгілі болды.

Арыс: 16 көшеден 70-тен астам жарылмаған снаряд табылды

Бақыт Құрманбаевтың мәліметінше, Қорғаныс министрлігінің күшімен қала аумағы бойынша қоршау жұмыстары ұйымдастырылған. Атап айтқанда, Қазақстан ҚК жекеқұрамының 800 адамы жұмылдырылып, 50-ден астам әскери техникасы қолданылды.

Оның ішінде 125 сапер қала көшелерінде, теміржол бойында және әскери бөлімге іргелес аумақта тазалауды жүзеге асыруда. Өзге әріптестері жеке құрамды барлық қажеттілікпен қамтамасыз етуге және қала мен әскери қалашықтың аумағын қоршауға қатысуда.

Ауада ұшқышсыз үш аппарат ұшырылып, өрт ошақтарын бақылауда. Бүгінгі күні 3 от орны анықталды. Десек те, ірі жарылыс орын алмады. Дегенмен тұрақты қауіпті жағдай сақталуда.

Қалада және іргелес аумақта радиациялық көрініс қалыпты жағдайда.

Жарылмаған снарядтардың тұрғын үйлерге түсуі мина жою жұмысын күрделендіре түсуде. Мұндай үй-жайларға саперлерді жіберу прокуратура, полиция және жергілікті атқарушы билік органдары қызметкерлерінің ілесіп жүруімен жүзеге асырылады.

Арыс қаласының 16 көшесінен жарылмаған 70-тен астам снаряд табылған.

Телман БЕЙСЕН,

Түркістан облысы