Халық бірліктің нағыз үлгісін көрсетті

Кешегі Арыс қаласындағы апатты оқиға қоғамды дүрліктіре жаздады. Бірақ арты жақсы болып, жұрт қайырымдылық жасап елдің еңсесін тіктегендей болды. Осы оқиғаның төңірегіндегі,, сондай ақ ел ішіндегі мешіт салдыру, «мешіт салдырғаннан да мектеп немесе балабақша салдыру қоғам үшін анағұрлым пайдалы» деушілерге қатысты мәселелерге байланысты елімізге белгілі дінтанушы — Балғабек Әбдірайымұлымен сұқбаттасып, дін маманының пікірін білген едік.

Халық бірліктің нағыз үлгісін көрсетті

Ия, еліміз 24 маусымның таңында Арыс қаласындағы қару-жарақ қоймасындағы жарылыстан шошып оянды. Халық абдырап, оңы мен солын айыра алмай қапияда қиындыққа душар болып, не істерін білмей есеңгіреп қалды. Дегенмен де аузы дұғалы ел ағалары ел басына күн туған жауапты сәтте бай-баламға салынбастан, ақылмен қимылдап адамдарды айтып келмейтін апаттан аман-сау алып шығуға дәнекер болды. Осының арқасында, осындай қиын-қыстау аз ғана уақытта елдің есін жинап, босып шашыраған халыққа жөн беріп, мейлінше аз шығынмен шыға білдік. Ең бастысы, зардап шеккендерге көмекке ұмтылған халықтың санында шек болған жоқ. Арыс қаласында орын алған апат барысында тұрғындар қолдарында барымен бөлісіп, біреуі суын, біреуі дәрі-дәрмегін, біреуі киім-кешегін, енді біреулері көрпе-төсегін беріп көмектесіп жатты. Үйлеріне таршылық жағдайдағы адамдарды кіргізіп, ас-суын беріп қонақ қылып жатқан қаншама бауырларымызды көрдік. Бір үзім нанын бөлісіп жегендерді пайғамбарымыз Мұхаммед Меккеден Мәдина қаласына қоныс аударғанда оларды құшақ жая қарсы алғаны үшін «Ансарлар» деген абыройлы есімге ие болған абзал сахабаларға теңеп жатты. Осы жерде халқымыз қайырымдылыққа келгенде алдына жан салмайтынын дүйім жұрт көрді, әлем білді.

Әлеуметтік желілерде отан үшін отқа түсуге дайын жас буын бауырларымыздың ерлігі, басына түскен қиындыққа қарамастан елім аман болсын деп тілеген абзал аналардың дұғасы, жарланған азаматтарымызға жан ұшыра жәрдемге жүгірген ақ халатты мейірбан дәрігерлер, қаперімдебаспанасынан айрылып, жұртынан безіп келгендерді көшеде тентіретпей жұдырықтай жұмылған елді сүйсіне жазып жатқандарда да шек жоқ. Ел екенбіз ғой, жиған-тергенін осындай қиыншылыққа аямай беретін жомарт жандар әлі де бар екен, бәрекелді деп сүйсіне жазғандарды оқығанда көңіл шіркін бір жасап қалды. Арыс қаласындағы айтпай келген апатта зардап шеккендерге жәрдемге жүгіргендер жақсылық жасау жолында жарысып жатты. Еліміздің барлық өңірлері заттай, қаржылай жинаған көмектерін Түркістан мен Шымкент қалаларына аттандырып жатты. Ал, Шымкент қаласы мен Түркістан өңірінің халқы түн ұйқысын төрт бөліп, аяқтарымен тік тұрып қызмет жасады. «менде болмаса да елде болсын» деген даналық хикмет ел ішінде бекер сақталмаған екен. Берген жәрдемін міндетсінбей, керісінше аты-жөндерінің құпия қалуын қалаған бауырларымыз «оң қолмен бергеніңді сол қолын көрмесін» деп бұйырған адамзаттың асылы Мұхаммед пайғамбардың хадисімен өмір сүретін ардақты үмбеті екенінің дәлелі осы емес пе! Алла тағала сауаптарын молынан жазсын.

— Балғабек мырза, қазіргі күнде 2600-ден астам мешіттер еліміз мұсылмандарының рухани мұқтажын өтеп отыр. Мешіттерді салуда өз шаруаларын дөңгелетіп жүрген кәсіпкерлер белсенділік танытады. Жалпы, кәсіпкерлердің осындай игі ұмтылыстарын жұртшылық үшін аса керек басқа да қайырымдылық жұмыстарға (балабақша, спорт кешендері, емхана, мектеп, көпір салу және тағысын тағы) бұру керектігі қоғам арасында жиі айтылып жүр. Бұл тұрғыда сіз не ойлайсыз?

— Біріншіден, мешіттер барлық уақытта елді бейбітшілікке, бітімгершілікке, қайырымдылыққа, имандылыққа шақыратын қасиетті орын. Екіншіден, ислам діні тарағалы мыңдаған жылдар бойы елдің басын қосып, қоғамның туындаған мәселелерін талқылайтын маңызды алаң. Үшіншіден, мешіт салу немесе салдыру сауап алатын амалдардың абзалы болып табылады. Хз. Осман халифадан жеткен хадисте, Мұхаммед пайғамбардың «Кімде-кім Алла тағаланың разылығы үшін мешіт салса/салдырса, Алла тағала да оған жұмақтан соған ұқсас бір үй салады» деп бұйырғаны туралы айтылады. Сондықтан да әл-ауқаты бар азаматтар сауап алу ниетімен осы іске көбірек бүйрек бұратыны жасырын емес. Әрине қоғам болған соң арасында өзінің атақ-даңқын шығару үшін немесе ата-бабасының есімін қою үшін де мешіт салатындар кездесіп жатады. Оған да ештеңе дей алмайсың.

Әсіресе қазақ қоғамында мешіт салуға ешкім де қарсы келе қоймасы белгілі. Мен де қарсы емеспін. Дегенмен де адам баласының басқа да мұқтаждықтары бар екені белгілі. Сол мұқтаждықтарды шешіп берудің сауабы да мешіт салудың сауабына кем емес деп сеніммен айта аламыз.

Яғни, Алла тағаланың разылығына кенелу үшін тек мешіт салу міндетті емес. Қоғам үшін пайдалы болып есептелетін кез-келген игілікті істі жасауға болады. Оның ішінде мектептер, уруханалар, жол салу, көпір салу секілді қоғамға пайдалы кез келген іс сауапқа жатады.

Бүгінгі күні елімізде ауруханасы жоқ, мектебі жоқ, асфальт жолы жоқ және де ішуге таза ауыз суы жоқ елді мекендер жетіп артылады.

Алла Елшісі (ﷺ) бір хадисінде: «Кімде-кім біреудің мұқтаждығын өтесе, қиямет күні Алла Тағала оған «Фирдаус» жәннатынан көз жетер жеріне дейінгі арақашықтықта сарай тұрғызады, деп бұйырады.

Осы хадиске сүйенер болсақ, дүние-мүлкі жетіп артылатын ауқатты адамдардың тек мешіт салумен ғана шектелместен қоғамның басқа да әлеуметтік мәселелеріне белсене араласуы сауапты істерден болып табылатыны сөзсіз.

— Кейбір кәсіпкерлер жүріп тұратын садақаны мешіт салумен ғана өлшеп жатады. Жүріп тұратын садақаның тағы қандай түрлері бар?

— Алла Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Адамдар өлгеннен кейін үш нәрсенің тысындағы іс-әрекеттерінің (амалдарының) сауабы тоқтайды: Жария садақа (пайдасы жалғасып жатқан жақсылықтар), пайдаланылып жатқан ілім, артында қалдырған дүға-мінажат жасайтын жақсы ұрпақ деп бұйыра отырып, осындай амалдың соншалықты сауап әкелетін пайдалы амалдардан екенін айтып кетті».

Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) біздерге өліммен бірге амал дәптерлерінің жабылатынын, тек қана жалғыз бұл үш амалдың дәптерге тіркеле беруінің жалғасатынын осы сөздерімен хабарлап кетті.

Жария садақа дегеніміз — пайдасы жалғасып жатқан садақа мағынасын береді. Мешіт тұрғызудан бастап, қонақжайлар, мектеп, бұлақ, көпір салдыру, ағаш отырғызуға дейінгі адамның өзінен кейінгілердің пайдалануы үшін жасаған барлық амалдар. Бұлар адам қайтыс болса да сауап қазандыруға ықпал ететін амалдардың қатарына жатады. Бұл бір мағынада жақсылықтардың үзіліссіз жасалуына апаратын және жақсылықтың жүйелі бір түрде таралуын жалғастыру деген мағынаға келеді. Іштерінде Аллаға құлшылық жасалатын мешіттер және ілім үйрететін мектептермен қатар, адамдарға, тіпті, жаны бар жаратылысқа бір пайда әкелетін мекемелер салуда жария садақаға жатады.

Ілім үйреніп, оны келешек ұрпағымыз оқысын деп оны кітапқа түсіріп өзінен кейін мәңгілікке мұраға қалатын бір еңбек қалдырса, бұл да амал дәптерлеріне сауаптардың жазыла беруіне жеткізетін игі істерден саналады.

Ғылыммен айналысып, мектептер, университеттер, ғылыми-зерттеу орталықтарын ашып, түйіндеп айтқанда, өзінен кейінгілерге ілімін қалдырып кете алатын пайдалы жақсы жұмыстар жасауының арқасында сауаптары үздіксіз жалғасатын амалдар саналады. Біздің ата-бабаларымыз осыны негізге ала отырып, ғылымға ерекше мән берді.

Тарихха үңіліп қарайтын болсақ, VIII ғасырдың басында Ислам дінінің Орта Азияға таралуымен бірге ғылым мен мәдениет керемет дамыды.

Сол білім мен ғылымды дамытқандар Құран мен Хадистен күш алғаны белгілі. Нәтижеде Мауараннахр аймағы әлем таныған ғалымдарды жетістірген ғылым ордасына айналды. Фараби, Бируни, ибн Сина Ахмет ал-Ферғани, Әбу Абдулла Мухаммад бин Муса ал-Хорезми секілді ғұламалар Құранды, шариғатты ең терең меңгерген тұлғалар. Бірақ олар тек қана шариғатпен шектеліп қалған жоқ қой. Сол дәуірде жазылған, Ферғанидің астрономияға қатысты «Cevami` `Ilmi`n-Nucum ua Usul al-Harkat al-Samaviye» атты кітабы XII ғасырдан бастап XV ғасырға дейін Латын, Француз, Грек және Италия тілдеріне аударылып, Европада ғылымның дамуына теңдессіз үлес қосты. Хорезмидің «Суратул-Арз» атты еңбегі әлемдегі жер жүзінің және аспан әлемінің алғашқысы картасы болып табылады. Со үшін болса керек Италиялық математик Геролома Гардано (1544-1624) Хорезмиді «әлемнің ең ұлы он екі ойшылы» ішіне қосады. Астрономия, математикамен бірге басқа да ғылым саласындағы жетістіктерімен танымал болған тұлғалардың бірі Бирунидің (973-1048) 100-ден астам еңбектерінің 95-і астрономия, математика және география саласымен байланысты. Ғылым тарихшысы Джордж Сартон Бируниді «философия, математика және география саласында барлық дәуірдің ең ұлы ғалымы» ретінде бағалайды. Көріп отырғанымыздай, білім мен ғылымның арқасында Орта Азия бүкіл әлемге танымал болды.

Бүгінгі ұрпақ та осыдан сабақ алып, дін мен ғылымды қатар алып жүруге ұмтылуы қажет. Білім мен технология дамыған заманымызда шариғатпен шектеліп қалсақ тарих бізді кешірмейді.

Сонымен қатар, артында дұға-мінажат жасайтын жақсы ұрпақ қалдыруы да амал дәптерінің жабылып қалмауына бір себептері болып табылады. Қайтыс болған пенде қиямет-қайымға дейін Құран аяттары мен дұғаға мұқтаж. ал пендеге Құран бағыштайтын артында қалған ұрпағы, ағайын туысқандары мен дос-жарандары.

Қайтыс болған кісілердің аруағына бағыштап Құран бағыштап жатамыз. Сол артында қалған жақсы ұрпақ ахиреттік болған кісіге Құран бағыштаса, аруақтары шөліркеген кісіге сусын беріп шөлін қандырғандай рахаттандырады екен. Сондай ақ, қайтыс болған кісінің атынан құдық қаздыру, мектеп салу секілді амалдар да дұға-мінажаттай сауап болып жазылады.


— Нәпіл садақаны кімдерге берген абзал?

—Қоғамда зекет, садақа, басқа да көмектер бай мен кедей арасындағы терең айырмашылықтың орын алуына тосқауыл қойып, екі топтың бір-бірімен жақындасуына негіз дайындайды. Басқаша айтқанда, байлықтың тек қана бай қалталардың арасында ғана айналуына кедергі жасап, олардан кедей-кепшіктердін де пайдалануына мүмкіндік беретін сауап жұмыстар деген мағынаны береді.

Елімізде қаншама бай-қуатты адамдар бар. Олар осы байлықтарына өздеріне осындай дәрежеге жетуге мүмкіндік берген мемлекетінің арқасында ие болды. Ешкім дүние – мүлкін ахиретке арқалап кете алмайды. Пенденің ахиретке алып кетер азығы тек осы жалғанда жасаған жақсы амалдары ғана болады. Қарны аш адамды тойғызу, киерге киімі жоқ адамды киіндіру, ауырған адамға дәрісін әперу, үйсіз жүргендердің басына баспана салып беру сауапты амалдардың басында келеді. Сондықтан нәпіл садақаны мешітке ғана емес, кедей-кепшіктер мен жетім-жесірлерге де беру абзал істерден деп санаймын. Тақырыпты Арыс оқиғасымен аяқтағым келеді. Ендігі қалғаны Арыс қаласын қайта қалпына келтіру екені белгілі. Білім беру ошақтары, денсаулық сақтау мекемелері, бала-бақшалар салу, халыққа қызмет көрсету орталықтары, байланыс қызметі, коммуникация жүйелерін қалпына келтіру, және де тұрғындардың әлеуметтік мәселелеріне қатысты шешімін табуы тиіс жұмыстар тұр. Әрине, мемлекет қаланы қалпына келтіреді, оған ешқандай күмән жоқ. Дегенмен, сауап алғысы келетін әрбір азамат, қаланы қалпына келтіруде бір кірпіш болса да қалауға атсалысып теңдеусіз сауап алары хақ. Мұхаммед пайғамбарымыз да «қайырымдылықты ең алдымен туған-туысқандарыңа, одан кейін көрші-қолаңдарыңа, одан кейін жалпы қоғамға жаса» деп бұйырған жоқ па. Ендеше жақсылық жасауды жақынымыздан бастайық. Қорыққан түбі қуаныш болып, ниеттер қабыл болғай!

Анар ҚОНЫС