Жастар күзде баспана алады

Газет мақаласы "Айқын" газеті №104

«Жастар жылын­да» жастарды қолдау мақсатында Жол картасы жүзеге асады. Баспанамен қамту мәселесі күзге дейін шешімін табады.

Жастар күзде баспана алады

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Жұлдыз Омарбе­кова жастардың идеялары мен жобаларын іске асыру, ғылым мен білім беруді дамытуға басымдық берілетінін атап өтті.

Тұрақты жұмысы бар жастар­ды жалдамалы пәтермен қамтама­сыз ету жуық арада іске асады. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жыл сайын бір мың пәтер жалға берілмек.

Бұдан басқа, үш жылда 1 миллионға жуық жасты қамти­тын «Жастар – ел тірегі» ұлттық жоба­сы іске асады. Жоба аясында жас­­тар кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренеді. Қоғамды дамы­та­тын жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік субсидияларды алуға мүмкіндік береді.

Жастар арасында білім беруді дамыту шеңберінде «Жас маман» бағдарламасы әзірленеді. 200-ден астам білім беру мекемесіне 400-ден астам заманауи техника сатып алынады. Сонымен қатар бағдар­ла­ма шеңберінде 210 мыңнан астам білікті кадр даяр­ланады. 15 мыңнан астам оқыту­шы біліктілі­гін арттырады.

Сондай-ақ шәкіртақы 30 па­йызға көбейеді. «Жасыл қала – жасыл ауыл» жалпыұлттық жоба­сын іске қосу жоспарда бар.

Болашақ жас кәсіпкерлерге арналған «Зерен – 2019» рес­публи­калық білім беру жастар лаге­рінде жастар бизнестің жаңа мүмкіндіктерін үйренеді.

Жастардың ең өзекті мәселесі – баспана. Ақпарат және қоғам­дық даму вице-министрі Жұлдыз Омарбекова жастар жалдамалы баспананы 10-12 мың теңгеге қа­лай ала алатынын түсіндірді. Оның айтуынша, жастарға жалда­малы баспана беру бағдарламасы бойынша құжаттар қыркүйек айынан қабылдана бастайды.

– Баспана алудың ережелері 1 тамызда біздің сайтымызда жа­рия­­ланады. Алдымен 29 жасқа толма­ған жастар алады. Егер олар­дың отбасы болса, асырауын­да мүгедек ата-анасы немесе мүгедек балалары болса, қосымша бонус берілмек. Жалдамалы баспана 3 жылдан 5 жылға дейін беріледі. Жергілік атқарушы билікпен және басқа да министр­лік­термен бірге шарттарын дайын­дап жатырмыз. Жалдамалы пәтер алу үшін жекеменшік пәтер алатын қаржы жинауға арналған бағдарламаға қатысу қажет. Әзір­ге сол жалдамалы баспанада 3 жыл­­дан 5 жылға дейін тұрып, 10-12 мың теңге төлейді. Ақша жинау үшін мүмкіндік жасалып отыр. Ең басты шарт –Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде есепшот ашу немесе қандайда бір мемле­кет­тік бағдарламаға қатысу. Ол сіздің ақша жинап жатқаныңызға көз жеткізу үшін қажет. Қыр­күйек­тен бастап жүзеге асады, – деді Жұлдыз Омарбекова.

Сонымен қатар жастардың құқығын қорғауға ерекше көңіл бөлінеді.

– Жастар әрқашан әділдік іздейді. Бірақ олардың пікіріне үстірт қарайды. Біз әділеттілікті орнатамыз. Осы мақсатта «Адам құқықтары жөніндегі адвокат» жобасы іске қосылды. Кез келген жас құқы бұзылса, тегін кәсіби құқықтық көмек ала алады. Бұдан басқа, жастарды мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың тиімділігі мен тиімсіздігі туралы бізге хабарласуға шақырамын. Жастармен кері байланыс үшін @zhastar_jyly инстаграм беті және jastar@qogam.gov.kz электрондық поштасына хат жолдай алады, – дейді Жұлдыз Омарбекова.

Айтып өтер жайт, Нұр-Сұл­тан­да ерекше қажеттіліктері бар жастар үшін құрылған алғашқы театр ашылады. Актерлік шебер­лік­ті оқып-үйренеді. Ауылда мәдени инфрақұрылым дамиды. Коуоркинг орталықтар, спорттық нысандар және аулалар клубтары толық жұмыс істеуі тиіс. Ауыл жастары қаладағыдай жеңілдік­терге ие болады.