«Қазақ» деп қойдым атыңды!

Газет мақаласы "Айқын" газеті №106

Қазақстан аумағындағы жер-су және басқалары­ның атаулары қазақы болмаса не болады? Уақыт өте болашақ ұрпақ жердің киесі, елдің иесі кім екенін байыптай алмай, жаңылы­суы ғажап емес. Мәселен, Павлодар облысын – тұтас өңірді «бізге Павл сыйлаған екен» деп ойлауы ықтимал. Демек, атымыз қазақ екен, ендеше, әр затымыздан қазақылықтың иісі аңқып тұрғаны абзал.

«Қазақ» деп қойдым атыңды!

2019 жылғы 3 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «ШҚО Зырян ауданын және Зырян қаласын Алтай ауданы және Алтай қаласы деп қайта атау туралы» Жарлығы жарияланды.

Таяуда, 24 маусымда ел Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Жарлығына сәйкес, Қос­танай облысының Таран ауданы Бейімбет Майлин ауданы болып қайта аталды.

Ономастика ежелгі грек тілінен аударғанда, «ат қою өнері» дегенді білдіреді. Ал бұл саланы ұлттық деңгейде дамытпаған ел өнерсіз тобыр іспетті. Әрине, жер-су, ел­дімекен, көше атауының өзгеруі өмірде бірқатар түзетулер тудыра­ды: пошталық, заңгерлік және өзге де мекенжайларды, заңнаманы, құжаттарды, тұрғын үйлердің техникалық паспортын, мөрлерді, карталарды, маңдайшаларды, жол нұсқағыштарын және басқаларын ауыстыруға тура келеді. Дегенмен ұлтты сақтау, тәуелсіздікті күшейту, мемлекеттілік ұстындарын ны­ғайту үшін тіршілік түйткілдері мен күйкі тірліктеріне шыдауға тура келмек.

Қазақ елі азаттыққа қол жет­кізгенде мемлекетімізде ономас­тикалық кеңістікті реттеу жұмыс­тары да жаңаша қарқын алды. Мысалы, тек былтырғы 2018 жылы ғана Павлодар облысының «Ка­чир­ский» және «Лебяжий» аудан­дарының аттары «Тереңкөл» және «Аққулы» болып өзгертілді. Батыс Қазақстан облысындағы «Чин­гирлау» деп ресми бекітілген аудан аты ұлттық тіл заңдылығына сай «Шыңғырлау» болып тұғырланды. «Зеленов» ауданы «Бәйтерек» ауданы болып өзгертілді.

Осының алдында Павлодар облысының Баянауыл ауданын­дағы «Большевик» ауылы «Шоман­көл», «ТЭЦ» ауылы «Үйтас» ауылы болды. Ақмола облысында «Мин­с­кое» ауылы – «Сазды бұлаққа», «Виноградовка» ауылы – «Кемер­көлге», «Подлесное» ауылы – «Та­би­ғатқа», «Казгородок» ауылы «Үл­гіге» айналды. Атырау облы­сында «Ганюшкинский» ауылдық округі атауында Құрманғазының, «Дашино» аулында – Хиуаздың есімі ұлықталды. Санамалай берсе, мұндай мысал-үлгілер көп.

Жалпы алғанда, тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан бойынша 70-ке жуық аудан, 1 500-ге жуық елдімекен, 150-ден астам білім, мәдениет, спорт және тағы басқа мекеме, шамамен 20 мың көше, даңғыл, ықшамаудан сияқты оно­мастикалық атаулар өзгеріске ұшырап, қазақыланған.

Мәдениет және спорт ми­нистрлігі осы бағытта түйіні тар­қатылмаған мәселелер қордалан­ғанына назар аудартады.

– Қоғам өмірінің сан саласына жоғары қарқынмен еніп жатқан құбылыстарға, заттарға, ұғымдарға ұлттық терминологиялық жүйе қағидаттарына сәйкес атау берудің стандарттарын бекіту, оларды қо­ғамда насихаттау, сондай-ақ қазақ жазуының латын графикасына негізделген жаңа әліпбиге көшуіне орай ортологиялық оқулықтарды қайта басу қажет. Саяси-идео­логиялық жағынан ескірген оно­мастикалық атауларды өзгерту, қалалардағы географиялық ны­сандарға ұлттық атау беру процесін күшейту маңызды. Берілген атау­лардың сол нысанның атқаратын қызметімен сәйкес келуін қада­ғалау, трансшекаралық аумақ­тардағы географиялық нысан­дардың тарихи нұсқаларын қал­пына келтіру және атаулардың графикалық таңбалануындағы бірізділікті сақтау мәселелерін жандандыру керек, – деген байламға келді ведомство.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын» деген шекарадағы атаулардың қазақылануына ұлт­жанды азамат, Мәжіліс депутаты, Nur Otan фракциясының мүшесі Бақытбек Смағұл ықпал етіп жүр. Ол мысалға, 2014 жылдың басында «Жанқожа батырдың туғанына 240 жылдығы құрметіне орай, батыр бабаның есімін мәңгілік есте қалдыру мақсатында Қы­зылқұм шекара бекетіне Жанқожа Нұрмұхаммедұлының есімін бе­руді» сұрап, сол кездегі Ұлттық қа­уіпсіздік комитетінің төрағасы Нұр­тай Әбіқаевқа депутаттық са­уал жолдады. Бұл ұсыныс құпта­лып, 2017 жылдың 3 сәуірінде қа­был­данған №157-ші Үкімет қау­лы­сы түрінде өмірге жолдама алды.

Ал сол жылдың шілдесінде Өз­бекстанмен арамыздағы шекарада Қызылорда шекара отрядының 2019 әскери бөлімінің «Қызылқұм» шекара заставасына қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті өкілі, отаршылдарға қарсы Сыр бойындағы халық көтерілісінің басшысы, қазақ даласының хас батыры Жанқожа Нұрмұхам­медұлының есімін беру салтанаты өтті. Шараға депутат Б.Смағұл, Қызылорда облысының сол тұс­тағы әкімі Қырымбек Көшербаев, ҰҚК төрағасының орынбасары, Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов қатысты.

Халық қалаулысы 2018 жыл­дың 3 қазанында Үкімет басшы­сына жаңа депутаттық сауалмен жүгінді. Онда Бақытбек Смағұл Шығыс Қазақстан облысында ХХ ғасырдың 20-30 жылдары жер­гі­лікті халыққа қиянат көрсетіп, шекарадан өткені үшін елді еш­қандай сот және тергеусіз қынадай қырған застава отрядының ко­мандирі В.Кондюриннің есімін шека­ралық застава атында ұлық­тауға қоғам тарапынан наразылық барлығын алға тарта келе, Зай­сандағы №2017 әскери бөліміне қарасты шекара заставасын Ұлы Отан соғысының ержүрек батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы, аты аңызға айналған даңқты пар­тизан, білікті барлаушы, көрнекті жазушы Қасым Қайсенов атымен қайта атау туралы бастама көтерді.

Депутаттық сауал қолдау тауып, ел Үкіметінің 2019 жылғы 18 сәуірдегі №206 қаулысымен ШҚО-дағы Зайсан ауданында орналасқан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің 2017 әскери бөлімінің В.Кондюрин атындағы шекара заставасы «Ұлт­тық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі 2017 әскери бөлімінің Қасым Қайсенов атындағы шекара заставасы» болып қайта аталды.

Нұротандық депутат еліміздің әр шетіндегі шекаралық заставалар аты енді Бөгенбай, Қабанбай, Қарасай, Наурызбай, батыр Баян, Ер Жәнібек, Райымбек, Жалаңтөс Баһадүр және басқа да байырғыдан бергіге дейінгі рухты батырлары­мыздың атымен аталса дейді. Сон­дай-ақ тек тілекпен шектелмей, тиісті рәсімдеп, Үкіметке ұсыныс жасапты.

Алда ел Үкіметі «ономастика­лық кеңістікті латын графикалы әліпби негізінде реттеу және стандарттау» шараларын қолға алмақ. Сонымен қатар ономас­тикалық атаулардың реттелу дә­режесі 2021 жылға қарай – 30%-ға, 2022 жылға қарай – 50%-ға, 2023 жылға қарай – 70%-ға, ал 2024 жылы – 80%-ға жеткізу көз­делуде. Бұл – 2020-2024 жылдарға ар­налған «Мемлекеттік тіл және Қазақстан халқының тілдері» жаңа мемлекеттік бағдарламасының нысаналы нәтижесі болмақ.

Яғни, алдағы бес жыл ішінде Қазақстандағы жаңа атаулар беру ісі біржақты болады деген пікір бар. Нәтижесінде, қала, аудан, ауыл немесе көше атауларының жаппай өзгере беретініне қатысты сындар да жоққа жуықтауы ықтимал.

Алдағы бес жыл ішінде елімізде географиялық нысандардың және олардың құрамдас бөліктерінің атауы бойынша ережелер мен стандарттарды әзірлеу, жариялау және қоғамдық талқылау іске асырылады. Ономастикалық бір­ліктердің электрондық базасы кеңейтіледі және сервистік қыз­меті жетілдіріледі.

Ономастика мәселелері бір­жолата және мәңгілікке шешіле салатын сала емес. Мемлекеттің дамуымен, экономиканың қар­қын­ды өрлеуімен бірге тыңнан ауыл-кенттер түзіледі, қалалар кеңейіп, жаңа көшелермен толығады.

Әрине, сонымен бірге, ескі мә­селелер де бой көтеруде. Айта­лық Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласының «Дом отдыха Лениногорский» ауылы ары қарай да қазақылықты жатсынып, «село Лесное» деп жаңа атау алған.

Олай болса, бұл саланың елдік мүддемен тығыз байланысты тұс­тарын ұштай түсу талап етіледі. Өйткені қазақ ономастикасы – кез келген тәуелсіз өзге мемлекет­тердегідей, елдің аумағының, яғни шекарасы мен ішкі тұтастығының көрсеткіші.

«Мұндай атаулар тілімен жер-судың қай халыққа немесе ұлтқа тиесілі екені паш етіледі. Төл атау­лар мен кірме атаулардың мазмұны арқылы ұлттың тарихы туралы да ақпараттар көрініс береді. Сол себепті, басқыншы жаулар қа­шан­да ең бірінші басып алған жерінің атауын өзгертуге тырысқан. Қазақ даласындағы атаулардың лекси­калық құрамына саралаулар жасағанда халқымыздың өткен тарихына қатысты көптеген мәліметтер көз алдымызға сол кезеңдердің суреттерін елестетеді» делінген бір топ ғалым, Б.Әбдуә­лиұлы, Ш.Жарқынбекова, Ж.Қо­ңыратбаева, М.Түсіпбекова әзір­леген «Қазақ ономастикасының құқықтық-нормативтік негіздері» атты зерттеу еңбегінде.

Негізі, еліміздегі қала-аудан­дар­дың қазақша атауының Пре­зидент Жарлығымен бекітілуі – бұл мәселелердің Мемлекет бас­шысының назарында, Үкіметтің бақылауында тұрғанын білдіреді.

Шетелден келген қонаққа мем­лекеттің қуаты, елдігінің мы­ғымдығы, халқының талғамы оның аймағындағы атаулардан аңғарылады. Осыған байланысты кейбір елдерде шетелдік атауларға рұқсат берудің пайыздық квотасы қатаң белгіленеді. Өйткені бұл – жаһандану заманында ұлттық қа­уіп­сіздік шараларының бір бағыты.

Қалай болғанда да, қазақы атаулар – ұлттық болмысымыздың басты насихаттаушысы әрі айғақ­таушысы болмақ.