Айбатты әскер – ел қорғаны

Газет мақаласы "Айқын" газеті №106

Әскері мықты мемлекеттің сұсы басқа елдің мысын басып тұрады. Өз қорғанысыңа жете мән бергендер,  бірінші кезек­те ше­карасын белгілеп алғанда, ел мен жердің тыныштығы, бей­біт өмірді қорғауды ойлайды. Қазақстанда да осындай мис­сия өз жемісін беруде. Бүгінгі таңда әртүрлі оқу-жаттығу­лардың әскери орталықтарда үздіксіз өтіп жатуы – осының айғағы.

Айбатты әскер – ел қорғаны

Жер, су, әуеде қорғану үшін әр­түрлі оқу-жаттығу Қазақстанның әр аймағында өтіп жатыр. Сондай жат­­ты­ғудың бірі әуе қорғанысына жауап беретін Екі мәрте Кеңес Ода­ғы­ның Батыры Талғат Бигелди­нов атындағы Әуе қорғанысы күш­тері әскери институтының 4 курс кур­сант­тары арасында «Хлебо-дар» әуе­айлағының базасында өтуде. Нұс­қау берушімен ұшу, жаттығуларды орындау, айнала, аумақта және бағыт бойынша ұшу­ларды орындау арқылы курсант­тар өз даярлығын көрсетеді. Ми-8 тік­ұшағынан осы шыңдалу нәти­жесінде мемлекеттік емтихандар тапсырады. Сын сағатында сүрінбей өткен курсанттар сардар атанады. Бұл уақыт жастардың өз ісіне адал-ды­ғына деген сындарлы сағат бол­мақ. «Тікұшақты басқару маңызды ма­шықтардың бірі – көзқарас бағы­тын дұрыс таңдау. Басқару тұтқасын ұстап отырған ұшқыштың басында көптеген өлшемдер болуы тиіс. Кур­сант­тарды ұшуға және өзінен 5-15 метр қашықтықтағы қашықтық­қа қарап отыруға үйретеді. Бұл – гео­ме­трия. Егер одан алысқа қараса онда айтарлықтай биіктіктің тербелі­сін байқамаған болар еді», – дейді Әуе қорғанысы күштері әскери инсти­туты­ның авиациялық оқу-жаттығу орталығының бастығы подполков­ник Н. Сәлімбаев.

Ал жерде қорғаушылар жақында Қарағанды облысы «Спасск» оқу-жат­тығу орталығының полигонында жиналды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен 600-ден аса жас патриот басын біріктірген бесінші «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жиыны өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскери-патриоттық жиынға қатысушыларды құттықтап, өткізіліп отырған іс-шараның ерек­ше маңызын атап өтті. Сондай-ақ бұл жиынның еліміздің ең сенімді, жа­уапты, отаншыл әрі батыл жас­тары­­ның басын қосып отырғанын айтты.

– Біз Тәуелсіз еліміздің лайықты жастарына зор үміт артамыз. Дәс­түр­ге айналған «Айбын» әскери-пат­риот­тық жиыны Отанымыздың қор­­ғаушысы болуға шақырылған жас­тар үшін бірегей алаң болып сана­лады, – деді Мемлекет басшысы.

Оқу-жаттығуда жас ұрпақтың шеберлігі, Отан қорғауға дайындығы ортаға салынды. Жиын қорытын­ды­сы бойынша «Жас ұлан» республика­лық мектептері мен мамандандырыл­ған лицейлер арасында бірінші орын­ды «Жас ұлан» мектеп интер­наты (Семей қ.), екінші орынды – армия генералы Сағадат Нұрмағам­бе­тов атындағы «Жас ұлан» респуб­ли­­калық мектебі (Нұр-Сұлтан қ.) және үшінші орынды Кеңес Одағы­ның Батыры, генерал-майор Сабыр Рақымов атындағы «Жас ұлан» рес­пуб­ликалық мектебі (Шымкент қ.) иеленді. Қарулы Күштерінің және басқа да әскери құрамаларының әске­ри-патриоттық клубтары ара­сын­да бірінші орын «Шығыс» әске­ри-патриоттық клубына («Шығыс»), екінші орын – «Сағадат» әскери-пат­риоттық командасына (Тыл бас­тығы және қару-жарақ басқар­масы), үшінші орын «Жас ұлан» әскери-патриоттық клубына (Әскери поли­ция бас басқармасы) бұйырды. Өңір­лердің әскери-патриоттық клуб­тары арасында Батыс Қазақстан облысынан «Жігер» командасы бірін­ші орынды жеңіп алса, ал екін­ші орын Шығыс Қазақстандық «Жас Қыранға» бұйырды, үшінші орынды Ақмола облысының «Ай­бын» коман­дасы иеленді. Сайыстың гран-при жүлдесін Семей қала­сын­дағы «Жас ұлан» әскери-патриоттық клубы алды.

Сонымен бірге, теңіздегі қауіп­сіз­дікті қамтамасыз ету мақсатында Әскери теңіз күштерінің Гидрогра­фи­калық қамтамасыз ету қызметінің мамандары Каспий теңізінің қазақ­стан­дық айлағындағы кеме қатынай­тын солтүстік айдынының 5000-нан астам теңіз милін тексерген. Тек­се­руге «Суе» мүйісінен «Гурьев» бөлігі­не дейінгі аумақ кіреді. Аталған іс-шара теңіз түбінің бедерін анықтау үшін, сондай-ақ кемелердің жүзу қауіпсіздігі мен теңіздің бетіндегі қалқымаларды шығарып тастау үшін, ұсынылған зерттеу курсының бойында кезең-кезеңмен жүргізіледі. «Біздің теңіз тереңдігін өлшейтін негізгі қаруымыз – эхолот. Ол теңіз түбінің кез келген кедергісін 3D суретімен компьютерде ұлғайтып көр­сетіп береді және Каспий су айдынында шұғыл және тиімді өлшем жүргізуге мүмкіндік береді. Егер біз кедергіні анықтай алмасақ, онда су астына сүңгуірлер түседі де, фото-бейне құрылғылардағы күмән­ді объектіні қарап, белгілейді, кейін ол қазіргі сандық және классикалық қағазға, яғни айдынның картасына енгізіледі», – деді гидрографикалық партия командирі, аға лейтенант
Р.Жанұзақов.

Өз қабілетін яғни әлеуетін көр­сету үшін әлемдік жарыстарға қатысу да үрдіске айналған. Әскери-теңіз күштерінің «Маңғыстау» кемесінің экипажы тамыз айында Әзірбайжан елінің Каспий теңізі акваториясында өтетін Халықара­лық әскери ойын­дарына дайындықты бастап кетті. Олар сайыстың үш түрінен сынға түседі. Атап айтқанда, кеменің мақ­саты бойынша қолданылуы (артил­ле­риялық оқпен атыс), кеменің сақ­­талуы үшін күрес және теңіз машық­­тылығы мен құтқару жұмыс­тары сайысы. Осы күндері «Маң­ғыстау» кемесінің экипажы әуедегі, теңіздегі нысаналар бойынша атыс жаттығуларын жасап, жүзіп жүрген миналарға қарсы тұру бойынша дайындық жүргізуде. Әрбір жаттығу сайын жеке құрам өз біліктілігі мен үйлесімділігін арттырып, тәжірибе­ле­рін жетілдіруде. Аталмыш сайысқа қатысуға Каспий маңы елдерінің су сыйымдылығы 1000 тоннадан аспай­тын кіші кемелерінің қатысуы­на рұқсат етілген. Шарт бойынша олардың артиллериялық және атыс қаруларымен қоса, құтқару шара­ла­рын орындау үшін кіші көлемдегі жүзу құралдары (катер, шлюпка) болуы тиіс. Бұл Ресей Федерациясы, Иран Ислам Республикасы, Әзірбай­жан Республикасы мен Қазақстан Қарулы Күштерінің кемелеріне қатысуына мүмкіндік береді.

28 маусымда Алматы гарнизо­нын­­дағы «Іле» оқу-жаттығу орталы­ғы­ның базасында «Дала қыраны – 2019» тактикалық арнайы оқу-жат­ты­ғуы да өз мәресіне жеткен бола­­тын. Аталған оқу-жаттығуға Ұлы­британия, Үндістан, Қырғыз­стан, Тәжікстан мен Түркияның әскери­лері блок-постар, гуманитарлық жүк­терді алып жүру, елдімекендерде патрульмен жүру қызметтерін атқару тәжірибесімен алмасты.

Айта кету керек, ел қорғаны болып отырған әскерилерге әлеу­меттік тұрғыда да жағдай жасалуда. 2018 жылдан бері бөліп төлеу немесе ипотекалық несиені (қарызды) төлеу арқылы 20 миллиард сомаға 1500-ден астам қарыз берілген. Ипоте­ка­лық несиелендіру жолымен 2019 жылдың бірінші жарты-жыл­ды­­ғында 30 миллиард теңгеге 2000-нан астам әскери қызметші үй сатып алды. Аталған санат «Әскери бас­па­на», «Баспана хит», «7–20–25», «Қазақстандық ипотекалық несие­лендіру», «Нұрлы жер» және басқа да тұрғын үйді несиелендіру бағдар­ламаларын жүзеге асыруға байла­нысты ай сайын ұлғайып келеді. Жалпы 2019 жылы 3500-ден астам әскери қызметші тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.