Дәрігерлердің жалақысы өсті

Осы айдан бастап аймақтағы денсаулық сақтау саласының 18 398 қызметкері жаңа жалақы алады. Дәрігер­лер, медбикелер мен мейірбикелердің жалақы­ларына қосымша 30 па­йыз үстеме қосылды. Оның ішінде қызметтік жалақы емес, нақты ең­бекақы көтерілді. Мысал­ға, егер бұған дейін медициналық қызметкер 80 000 теңге алса, бірінші шілдеден бастап оның жалақысы 24 000 теңгеге көбейіп, 104 000 теңгеге
жеткен.

Дәрігерлердің  жалақысы өсті

Денсаулық сақтау жүйесінің барлық саласында жалақы кө­терілді. Көмекші қызметкер­­лердің де (хатшылар, күзет­ші­лер, аула сыпырушылар және т.б.) жа­лақыларына 22-30% ара­лы­ғында үстемақы қо­сы­лады. Есеп­теулер жұмыс өті­ліне, қыз­мет көрсету саласы мен қосымша жұмыстарға қатысты есептеледі.

Жаңа жалақыны санау мәсе­лесін Денсаулық сақтау басқар­масының жетекшісі Ержан Нұр­лыбаев жеке бақылауына алды. Ол үшін мекемеде zarplata@zdravkrg.kz электронды поштасы құрылды. Мұнда жалақының жаңа жүйесіне байланысты сұрақтар туындағанда кез келген медициналық қызметкер хат жаза алады.

– Еңбекақыны қайта есеп­теулер орын алған жағдайда қыз­меткерлерде сұрақ болуы мүм­кін. Сондықтан жаңа элек­тронды пошта құруды тапсыр­дым, онда қандай да бір мәселе туындаған жағдайда біздің кез келген қызметкер хат жаза ала­ды немесе жаңа жалақы туралы түбіртектің суретін жібере ­ала­ды, – деп түйіндеді Ержан Нұрлыбаев.

Жалақыны көтеру респуб­ликалық бюджет пен өңірлік медициналық ұйымдардың жеке есебінен жүргізіледі.

Бюджет саласының жала­қысы төмен қызметкерлеріне еңбекақыларын көтеруді Nur Otan партиясының съезінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев тапсырған болатын. Кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсыр­ма­сымен осы тапсырманы орын­дау мерзімі 2019 жылдың 1 шіл­де­сі­не ауыстырылды.

 

Ләззат Қожахметова, Қарағанды облысы