Арыстықтардың алғысы шексіз

Газет мақаласы "Айқын" газеті №108

Бейбіт өмірде үрейлендіріп, Арыс қаласын  отқа ораған алапат жарылыс еліміздің тұрғындарын алаң­дат­ты. Алғашқы күннен-ақ арыс­тықтарды жарылыс болып жатқан аумақтан алшақтату, ауызсумен қамтамасыз ету секілді жұмыстар халық  тарапынан жедел ұйымдас­тырылды. Бүгіндері Арыс қаласына  оралған тұрғындардың жарылыс­тан тас-талқан болған үйлерін қайта жөндеу, жөндеуге келмейтіндерін сүріп тастап қайта құрылысын салу жұмыстары қарқын алды. Үкімет тарапынан барлық аймақтың әкімдеріне осы жұмысты тиянақты орындау тапсыр­масы берілді. Бүгіндері осы тапсырманың нәтижелеріне куә болудамыз.

Арыстықтардың алғысы шексіз

Арыс қаласында Атырау аймағы тұрғындарының көмек-қолдауының нәтижесінде Арыста 482 үйді қалпына келтіру жұмыс­тары жүріп жатыр.

Атырау аймағына бөлінген секторда 13 құрылыс мекемесі қыз­мет етуде. Бес жүзден астам адам және жиырмаға жуық бірлік техника тартылған. Құрамында облыс әкімінің орынбасары мен кеңес­ші­лері бар ведомствоаралық топ осы жұ­мыс­тарды үйлестіріп отыр. Қазір жұмыстар толық­қан­ды режимде жүргізілуде, бір­неше үй толықтай қалпына келтірілді.

Бұл жөнінде Атырау облысы­ның әкімі Нұрлан Ноғаев Арысқа жұмыс сапарымен келген Пре­мьер-министр Асқар Маминге баяндады. Содан соң, облыс әкімі мерді­гер ұйымдардың басшы­ла­рымен кеңес өткізді.

– Арыс қаласында орын алған оқиға бүкіл елімізге ауыр соққы болды. Еліміздің барлық аймақ­тарынан тұрғындар Арыс­тың тұрғындарына көңіл білдіріп, түрлі көмек көрсетіп жатыр. Қи­раған үйлерді қал­пына келтіру жұ­мыстары сапалы жүр­гізіліп, уақытылы аяқталуы тиіс. Сіздерге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Үй­лерді салғанда сол ша­ңы­раққа қоныс­танатын адамдар риза болып, сіздерді жылы сезім­мен еске алатындай қылып істе­ңіздер, – деді Нұрлан Ноғаев.

Аймақ басшысы кеңестен соң Арыс­тың тұрғындарымен кез­десіп, ұсыныс­тарын, тілектерін тыңдады.

Арыс қаласының тұрғындары қолдау көрсеткені үшін атырау­лықтарға риза­шылығын білдірді.

– Біз барлығына да, Елба­сы­ға, Прези­дентке, Атырау облы­сы­ның тұрғындарына зор рақмет айтамыз.Тұрғын үйлердің сапалы тұрғызылып жатқанын көріп отыр­мыз. Басымызға ауыртпалық түскен сын сағатта қалыс қалмай, қолдау көр­сеткендеріңізге рақ­мет. Үйлеріміз біткен соң, аты­раулықтарды қуана-қуана ша­қырамыз. Сіздер ұмытылмастай болып есі­мізде қаласыздар, – деген Арыс қала­сы­ның тұрғыны Бибіхадиша Момын тұрғындар атынан алғысын жеткізді.

– Атырау тұрғындары Мемлекет бас­шы­сының үндеуін қолдап, Арысты қал­пы­на келтіруге бел­сенді атсалысуда. Гу­мани­тар­лық көмек, қаражат жіберілді, ерік­тілер барды. Қиналғанда қолдау, жақ­сылық жасау бала кезімізден қанымызға сіңген қасиет, қиын-қыстау сәтте еліміздің тұр­ғын­дары отандастарын қолдаусыз қал­дыр­­майды, – деді аймақ басшысы Н.Ноғаев.

 

Атырау облысы