«Шелек фермерлерінің» шарапаты

Газет мақаласы "Айқын" газеті №113

Еңбекшіқазақ ауданындағы «Шелек фермерлері» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі еліміздегі сауда орындарына өнімдерін жеткізе бастады. Кооперативтің көкөністері Алматы қаласындағы «Арзан» супермаркеттер желісі мен Алматы, Нұр-Сұлтан, Карағанды, Павлодар, Шымкент, Өскемен қалаларындағы METRO Cash&Carry компаниясының сауда орталықтарында саудаланып жатыр.

«Шелек фермерлерінің» шарапаты

«Шелек фермерлері» биылғы маусымда Қазақстанның супер­маркеттеріне, сонымен бірге, «ЦинКаз» ЖШС-не қарасты томат сығындысы мен тұздықтар шыға­ратын ірі өндірістік кәсіпорындарға 300 тоннадан астам көкөніс жет­кізуді жоспарлап отыр. Бұл көр­сеткіш өткен жылғымен салыс­тыр­­ғанда екі есеге артық. Ойға алған­дар орындалса, еліміздегі ірі қала­лардағы тұрғындар үшін қы­занақ пен болгар бұрыштарының сан алуан түрлері, қиярдың бір­қатар сұрпы, баклажан мен кар­топ­тың бірнеше түрі қолжетімді ба­ғада жеткізіледі. Сонымен бірге, алма мен қауын-қарбыз, бүлдір­ген­нің түр-түрі де сатылмақ.

«Шелек фермерлері» коопе­ративінің өнімдері Алматыдағы сауда орталығында бір жыл бұрын саудалана бастады. Бірден тұтыну­шылар көңілінен шығып, сұраныс артты. Кооператив тауарларын сақ­тау мен тасымалдау жүйесіне енгі­зілген соңғы өзгерістер арқа­сында «Шелек фермерлері» өнім­дерін біздің дүкендер орналасқан басқа қалаларға да балғын күйінде жеткізу мүмкіндігіне ие болдық. Жеткізушілеріміздің бізбен бірге өсіп, дамып отырғаны қуантады. Екіжақты түсіністік пен іскерлік байланыс нәтижесінде отандық тұтынушы ұтары анық. Олар еліміздің экологиялық жағынан таза аймағында өсірілген сапалы әрі қауіпсіз өнімдерге қол жет­кі­зеді», – дейді METRO Cash&Carry компаниясының коммерциялық директоры Наталья Мархиева.

2014 жылдан бері «Филип Моррис Қазақстан» компания­сы­ның қолдауына сүйенген Еңбек­шіқазақ ауданындағы жергілікті қауымдастықтар қоры жүзеге асы­рып келе жатқан «Шелек фермер­лері» жобасы фермерлік шаруа­шы­лықтың жоспарлау мен тұқым себуден басталып, өнім жинап, кіріс кіргізумен аяқталатын бар­лық сатысын қамтиды. Коопера­тивке кірген фермерлер агробизнес орталықтағы агрономдардан кеңес алып, тренингтер мен семинар­ларға белсене қатысады.

Еңбекшіқазақ ауданындағы жергілікті қауымдастықтар қоры­ның атқарушы директоры Ба­қыт­гүл Елшібаеваның айтуынша, қа­зіргі кездегі басты мақсат – сатып алу­шылардың сұраныстарын мұ­қият зерделеп, ірі супермаркет­тер мен қайта өңдеуші кәсіпорын­дар­дың кооперативтен не күтетінін же­те тү­сіну. Бүгінде кооперативте құ­жат­тама тап-тұйнақтай, өнім­дерді сұрыптау, іріктеу және орау дұрыс жол­ға қойылған. Сапасының сақ­та­луы үшін салқындатылған өнімдерді жеткізу технологиясы қолданылады.


Болат АБАҒАН 
Алматы облысы