Көбеюге не кедергі?

Газет мақаласы "Айқын" газеті №114

Көп арманымыздың бірі – көбею. Бұған мүм­кін­ді­гіміз мол бола тұра, әлі межеге жете алмай келеміз. Халық денсаулығын сақтау жыл­дан-жылға дамып келеді. Көпбалалы отбасыларға бөлінетін әлеуметтік жәрдемақы көп елмен салыстырғанда көш ілгері. Ал онда көбеюге не кедергі? Осы сауалды алдымызға көлденең тартып көрдік.

Көбеюге не кедергі?

Дүдәмал ой тастауымызға бір­не­ше фактор себеп болып тұр. Мә­селен, осыған дейін қазақ­тар­дың 1930 жылдардағы аштықтан ең көп жапа шеккен халық екенін ай­тып келдік. Ғалымдардың зерт­теуі бойынша, 1926 жылы қа­зақ­тың саны өзбектен 10-15 пайызға көп болған. Тіпті түркі халық­та­ры­ның ішінде Осман импе­рия­сы­нан кейін саны жағынан қазақ ұл­ты екінші орынды алатын. Бел­гілі демограф, марқұм Мақаш Тә­тімов ағамыздың: «Егер аштық бол­мағанда, біздің санымыз қазір 32-35 миллионнан асып, оның 28-30 миллионы Қазақстанда тұ­ра­тын еді…» – деген өкініші де есі­мізде. Иә, сөйтіп, Екінші дү­ние­жүзілік соғыстың салдары мен тың игеру жылдарындағы қиын­дық­тар қазаққа үлкен қасірет әкел­ді. Алайда тәуелсіздік бізді осы бір ғасыр бойы бастан өт­кер­ген қиындықтардан құтқарды емес пе? Онда неге азбыз?


Сондай-ақ оқыңыз

Енді осы жерде еңсемізді ба­сып, басымызды көтертпей отыр­ған бірнеше мәселенің ұшы шыға бас­тайды. Оның алғашқысы – эко­логиялық ахуал. Бірде елор­да­да бас қосқан танымал ға­лым­дар мен қоғам қайраткерлері эко­­­­логиялық проблемаларды ор­таға салды. Олардың айтуынша, қа­зақтың көбеймеуіне эко­ло­гия­ның бұзылып, қоршаған ортаның ла­с­тануы үлкен әсер етіп жатыр. Бел­гілі ақын Олжас Сүлейменов ұр­пағымыздың азаюына таби­ғат­тың бұзылуы себеп деп, нақты мысалдар келтірді. «Қазақ халқы репрессиядан бөлек 40 жыл бойы Се­мей полигонының қасіретін шек­ті. Оның залалы әлі де сезі­ле­ді» деді ол. Оның үстіне, ұзақ уа­қыт үздіксіз мұнай мен жер қой­науы­нан қазбалы байлық өң­деу­ден де табиғат әбден ластанған. Мұ­ның бәрі тұрғындардың ден­сау­лығына кері әсер етеді. Эко­ло­гия­ның бұзылуынан қазір еліміз­де ұрпақ сүйе алмай жүрген жас­тар да, жарымжан болғандар да көп. Ал қоғам қайраткері Аман­гел­ді Айталы халықтың басым бө­лігі осы қалыптасқан жағдайға ке­лісетінін айта отырып: «Сон­дық­тан дер кезінде экологиялық мә­дениет қалыптастырып, қол­дағы барлық мүмкіндікті пай­да­ла­на білу маңызды» деді. Бұл – бір.

Екіншіден, бұрын әр қазақтың шаңырағында кемі 5-6 қара до­ма­лақтан дүниеге кеп жатса, бүгінде он­дай отбасылардың санын сау­сақ­пен санайтындай күйге жеттік. Ден­саулық пен біз әңгіме еткен эко­логиялық жағдайды алға тар­та­тын­дарды айтпағанның өзінде, бұ­ған әлеуметтік жағдайдың қат­ты әсер етіп отырғанын аңға­ра­мыз.

«Баламыз көп болса, оларды жет­кізсек» деп, көбеюді мұрат тұ­тып қосылатын жастар жағы азай­ды. Үйленбей жатып, үйінің ір­гесін сөгетін, жауапкершілігі аз ота­ғасылар көбейді. Баланы бі­рін­ші орынға қойып, тек соның жо­лында бәріне дайын аналар азай­д­ы. Мойындасақ та, мойын­да­­­ма­сақ та қоғамның шындығы – осы. Өйткені дәл қазір ажырасудан ТМД елдері арасында алғашқы он­дықтамыз. Стастистика ко­ми­те­тінің мәліметінше, былтыр Қа­­зақстанда 137 мыңнан астам жас шаңырақ көтеріпті. Бұл 2017 жыл­мен салыстырғанда 5 мыңға аз. Керісінше, ажырасушылар кө­бейген. 2010 жылы 146 мыңдай не­ке тіркеліп, 41 мыңдай отбасы ажы­расса, былтыр бұл көрсеткіш 137 мыңға бір-ақ түсіп, оның 55 мың­­­ға жуығының шаңырағы шай­қалған. Некеге тұру дерегі бойын­ша, Оңтүстік Қазақстан об­лысының тұрғындары көш ба­сын­да. Ал ажырасудан керісінше, солтүстік облыстардың тұрғын­да­ры тұр. Енді қараңыз, 2018 жы­­лы Қазақстанда 137 797 неке тір­келген. Бірақ олардың 55 мың­ға жуығы, яғни 40 пайызы ажы­ра­сып кеткен. Қазақстанда ажы­ра­су ең көп тіркелетін аймақтарды Павлодар облысы бастап тұр. Мәселен, былтыр мұнда 5 мыңдай отбасы шаңырақ көтерсе, 3 мың от­басы ажырасып үлгерген. Сол­түстік Қазақстанда 3 жарым мың неке тіркеліп, 2 мың отбасы ажы­рас­қан, Қостанай облысында да 5 600 шаңырақтың 3 100-і шай­қал­ған. Ақмола, Шығыс Қазақ­стан облысының көрсеткіші де көш­тің басында. Мамандар қан­ша дегенмен қазақы қаймағы бұ­зылмаған өңірлерде ажы­расу­дың аз болатынын айтады. «Ме­нің бұған маман ретінде айтарым көп. Оңтүстік өңірдің халқы ба­ла­ларын ерте үйлендіруге асы­ға­ды. Тұрмысқа шықпай жүрген қы­­­­зының қамын жейді. Ол жақта не­келесу көп, ажырасу салыс­тыр­ма­лы түрде аз. Ал солтүстік ай­мақ­та заңды некеге тұру аз бол­­ға­ны­мен қоймай, бір-бірімен қол бұл­ғасып қоштасатын жас­тар­дың қа­расы көп. Бұл дерекке осы сол­түстік өңірлердегі азаматтық неке де­ген желеумен бірге тұрып, бірақ не­келеспей-ақ ажырасып кететін қан­­шама отбасын қосыңыз. Олар­­дың арасында бала бол­май­ды. Олар алдымен өз жарас­тық­та­­рын сынайды. Ал ажырасатын­дар көбіне бір-екі баламен екіге бө­лінеді де, одан ары қарай қай­та­дан отбасын түзіп, бірнеше ба­ла­ны өмірге әкелуге бел буа бер­мейді. Әсіресе, қыздар жағы тіп­ті тұрмысқа да шықпай қалып қоя­ды», – дейді әлеуметтанушы Ер­лан Бошай.

Қасіреті сол, некені бұзу тура­лы өтініш беретіндердің 83 пайы­зы әйелдер екен. Британдық Economist басылымының ста­тис­тика мәліметтеріне сүйенсек, ажы­расу саны жағынан көрші қыр­ғыз елі әлем бойынша – 48-орында, 1 миллиардтан астам хал­қы бар Қытайда мың адамға шақ­қанда ажырасу көрсеткіші 1,8 пайыз болса, ал 17 миллион ғана халқы бар Қазақстан алғаш­қы ондыққа кірген (мың адамға шақ­­қанда ажырасу көрсеткіші – 2,8%). «Ажырасудың дені 25-35 жас­тың аралығында болады. Одан үлкен жастағыларды да кө­ріп жатырмыз. Әр отбасының әр­түрлі себептері бар. «Мұның се­бебі – осы» деп ешкім тап ба­сып айта алмайды» дейді ме­диа­тор Салтанат Әбдіқадырова.

Стастистика ко­ми­те­тінің мәліметінше, былтыр Қа­­зақстанда 137 мыңнан астам жас шаңырақ көтеріпті. Бұл 2017 жыл­мен салыстырғанда 5 мыңға аз. Керісінше, ажырасушылар кө­бейген. 2010 жылы 146 мыңдай не­ке тіркеліп, 41 мыңдай отбасы ажы­расса, былтыр бұл көрсеткіш 137 мыңға бір-ақ түсіп, оның 55 мың­­­ға жуығының шаңырағы шай­қалған.


Дегенмен «негізгі мәселені жоқ­шылық пен жетіспеушілікке жа­ба салуға тағы да болмайды» дей­ді мамандар. Ажырасу эпи­де­миясының себебін тым әріден із­дейтіндер бар. «Біздің бүгінгі мүш­кіл халімізге 90-жылдардың аяғ­ы мен 2000 жылдың басындағы дағдарыстың да әсері бар. Сол уақытта көп әке арақ ішіп кетті, жұ­мыссыз жүрді. Көп отбасы сол кезде ажырасты. Ал сондағы әке­сіз өскен балалар бүгінде әке бо­лып жатыр ғой. Мәселені көрдіңіз бе? Әкенің тәрбиесін көре алма­ғандар үшін баланы әкесіз қал­дырып кету де оңай. Бүгінгі күні өздерінің әкелік міндетін толық орындамай жүргенінің себебі сол. Өйткені өзі әкенің махаббатын, әкенің барын сезе алмады», – дей­ді «Әкелер қауымдастығы» РҚБ төрағасының орынбасары Арыс­танғали Сансызбаев. «Сонда бү­гінгі әкесіз жүрген балалар ал­да­ғы 15-20 жылда осы көрсеткішті та­ғы көбейтеді деп ойлайсыз ба?» деген сауалымызға ол: «Өкінішке қа­рай…» – деді...

Иә, біз көбеюдің жолын жан-жақ­ты қарастыруымыз керек-ақ. Бала мемлекеттің басты байлығы десек, отбасы – сол баланың ба­қыт­ты мекені. Дін мамандары бол­машы нәрселер үшін шаңырақ шат­тығын бұзуға болмайтынын ай­тады. Ислам діні ерлі-зайып­ты­ларға бір-бірінің кемшілігін тер­уге емес, жақсылығын көруге кеңес береді. «Отбасы құрып, ұр­пақ көбейту – Ислам дінінде қа­сиет­ті де ардақты іс. Пай­ғам­ба­ры­мыз (с.ғ.с.): «Үйленіңдер және кө­бейіңдер! Қиямет күні үм­ме­тім­нің көптігімен мақтанамын» деп үйленудің қаншалықты маңыз­ды екенін айтады. Біз қазір кө­беймеудің ғана емес, өмірге кел­ген баланың бір шаңырақта ата-анасымен бірге бола алмай жү­руінің жолына түстік. Бұл – қо­ғам­ның қотыры. Көзге бады­райып көрінбегенмен, көңілімізді түсіріп, көбеюімізге кедергі боп оты­­р­ған жайт осы – ажырасу мен аза­маттық неке», – дейді теолог Ел­дос Қырықбаев.

50-жылдары әрбір жүзінші от­басы ажырасса, 80-жылдары – әрбір төртінші, ал 90-жылдары әр­бір үшінші отбасында ерлі-зайып­тылардың жолдары екі айы­рылатын болған. Сенат де­пу­таты Динар Нөкетаева ажырасуға алаңдай келе, «Шаңырақтың шай­қалуы, яғни ерлі-зайыпты­лар­дың ажырасуы – тек сол от­басы үшін моральдық зардап қана емес, ел демографиясына төнген қатер деп қабылдануы керек. Осы мәселенің заңдылық өлшемін, қоғамдық жауапкершілігін нақты айқындау қажет деп есептейміз» деген болатын. Өзіміз демог­ра­фия­ға дем сала алмай отырған қо­ғамда оған қауіп төндіріп отырған бұл бірінші мәселенің ше­­шімін Үкімет қолға алмаса, ен­ді бір бес жылда кешігіп қалуы­мыз да мүмкін.