Субсидия берудегі сыбайластық басшыны қызметтен кетіруі мүмкін

Газет мақаласы "Айқын" газеті №117

Ауыл шаруашылығы саласында халыққа көрсетілетін қызмет түрлерін цифрландыру жүріп жатқанымен, жемқорлық деректері тыйылар емес. Соңғы 4 жылда бұл салада 500-ден астам жемқор­лық дерегі тіркелген. 221 лауа­зымды тұлға қылмыстық жауапкерші­лікке тартылып, 143 адам сотталған. Азаматтар тарапынан Президент әкімшілігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне шағым көп түседі екен. Бұл жөнінде Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кеңесте белгілі болды.

Субсидия берудегі сыбайластық басшыны қызметтен кетіруі мүмкін

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі басшы­сы­ның бірінші орынбасары Олжас Бектенов аталған кеңесте алдағы уақытта елдегі мал қорымдарын күтіп ұстауға бөлінген қаржының игерілу барысы тексеріліп жат­қанын жеткізді. Оның айтуынша, түрлі аурудан өлген мал жер­ленген қорымдарға қатысты үл­кен мәселе бар екен. Соның бір мысалы, Жезқазғандағы бір қорымды тексеру кезінде көп заңбұзушылық анықталыпты. «Қақпақтар ашық, мал мен аң, бөтен адамдар қорымға емін-еркін кіріп жүр. Бұлай болмауы керек. Ол үшін мемлекет жыл сайын ақша бөліп отыр. Бұл жерде екі мәселе болуы мүмкін: ақша толық бөлінбейді немесе бөлінген ақша қорымға жетпей, қолды болады», – дейді Олжас Бектенов.

Оның айтуынша, алдағы уақытта агенттіктің аумақтық департаменттері қоғамдық қа­уымдастық өкілдерімен өңір-өңірдегі мал қорымдарына бө­лінген қаржының жағдайын тек­серуді бастайды.

Кеңесте малы жоқ адамдарға субсидия беру мәселесі де сөз болды. Жалған құжат жинаған­дарға субсидия беру тыйылмай тұр екен. Прокуратура өкілдері Шығыс Қазақстан облысында малы жоқ шаруа қожалықтарға субсидия берілгені – соның ­дә­лелі. Субсидияға өтініш бер­ген­дер өзгенің малын өзінікі етіп көрсеткен. Бұл да қылмыс. О.Бек­тенов жергілікті әкімдіктер мен «Атамекен» ұлттық кәсіп­керлер палатасын, Ауыл шаруа­шылығы министрлігін осы мә­селеге назар аударуға шақырды. Оның айтуынша, субсидия – мемлекет ақшасы. Ертең тергеп-тексеру басталғанда жауап­кер­шілік мәселесі туындайды, ақ­шаны аударуға соңғы болып кім­нің қол қойғаны да анық­та­ла­ды. Сондықтан мәселеге жіті қарау маңызды. Өйткені агенттік Президенттің жемқорлықпен күресте басшылардың жауап­кершілігін күшейту туралы та­лабына орай осы норманы заң­на­ма­лық негізде бекітуді қолға алған.

«Кез келген қызметкер жем­қорлық бойынша жауапқа тартылса, басшысының жауап­кершілігі туралы мәселе қойы­лады. Біз ол үшін барлық тетікті іске қосамыз. Әр басшы өз ұжы­мында жемқорлықтың алдын алу үшін түсіндіру жұмыстарын жүр­гізуі тиіс. Күн сайын қара­ма­ғындағы адамның қызметте де, жұмыстан тыс уақытта да немен айналысатынын біліп отыруы қажет. Ұсақ бассыздықты елемеу үлкен жемқорлыққа алып келеді. Сіз үшін мемлекеттік қызметтегі мансап жолыңыз қымбат болса, табысқа жеткіңіз келсе, қара­мағыңыздағы қызметкерге ие болуыңыз керек», – дейді агент­тік төрағасының бірінші орын­басары.

Үкіметтің кеңейтілген оты­рысында Мемлекет басшысы «ҚазАгро» ұлттық холдингі жұ­мысын сынға алған болатын. Ми­нистрліктегі сыбайлас жем­қор­­лық мәселесіне арналған ке­­ңесте холдинг туралы да айтылды.

«Президент бұл құрылымның тиімсіздігі туралы ашық айтты. Көптеген қаржылық кемші­лік­тер, қаражатты тиімсіз пайдалану мәселелері көтерілді. Біз де бұл проблеманы зерттеп, айна­лыс­қанбыз. Өйткені бұл мәселе бүгін немесе биыл туындап отыр­ған жоқ. Холдинг қызметі тұрғындарға тиімсіз ұйымдас­тырылған. Аграрлық несие кор­порациясы несие беру және көрсетілетін қызметтер бойынша құжаттар тізімін нақты ұсын­баған. Біреуге басқа тізім ұсынса, келесі адамға мүлде бөлек тізім берген. Аграрлық несие корпо­рациясының басқарма төраға­сының орынбасары Ахметов сыбайлас жемқорлық үшін сот­талды. Бұл жерде, тұтастай ал­ған­да, холдингтің қаншалықты тиімді екенін зерттеп, тиімді ету үшін не істеу керек деген сұраққа жауап табу міндеті тұр», – деді ол.

Олжас Бектеновтің пікі­рін­ше, жемқорлық жасағаны үшін бас бостандығынан айырылған мемлекеттік қызметшілер ту­ралы видеороликтер мемқыз­мет­шілерге ой салады. Сондық­тан ол ауыл шаруашылығы са­ласындағы мемлекеттік қыз­мет­шілерге қандай да бір жемқорлық бойынша келісімге бармас бұ­рын өзі мен жақындары туралы ойлануға кеңес берді. «Агенттік жемқорлық үшін жазасын өтеп жатқан мемлекеттік қызметшілер туралы роликтер топтамасын ұсынады. Ол роликтерде мем­лекеттік қызметшілер жазаны өтеп жатқан орындардан сұхбат беріп, бірнеше жыл үйінен алыста қалай өмір сүріп жат­қанын, заңсыз әрекеттері үшін өкінетінін әңгімелейді. Жақында ішкі қауіпсіздік басқармасы сотталған қызметкеріміз туралы ролик жасады. Біз өзімізге кел­генде мүлде қаталмыз. Тағы бір тергеуші Оңтүстік Қазақстан облысында 10 жылға бас бос­тандығынан айырылды. Қос­та­най облысында да бір қызметкер сотталды. Оның үкім оқылғаннан кейін әке-шешесімен кездескен сәті кадрға ілінді. Қарт адам­дар­дың баласын құшақтап жы­ла­ғанын көрудің өзі ауыр», – деді ол.

Министрлікте жемқорлық мәселесіне қатысты кеңес өтіп жатқанда Шымкент қаласында осы саланың бір мемлекеттік қызметкерінің үстінен пара алу дерегі бойынша қозғалған қыл­мыстық істің үкімі жария болды. Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Шымкент қаласы бойынша аумақтық инспекция басқармасының міндетін атқарушы И.Нақып­беков үй жануарларының вете­ринарлық сертификаттарын бе­ру үшін 120 мың теңге көле­мінде пара алып ұсталған-ды. Шымкент қаласы Абай аудандық сотының 30 шілде күнгі үкімімен оған 3 млн теңге көлемінде айып­пұл салынды. Сотталушы айыппұлды үкім заңдық күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде төлемесе, жазасы бас бос­тандығынан айыру жазасына алмастырылады. Сотталушы енді өмір бойы мемлекеттік қыз­метпен айналыса алмайды.