Топырақ сортаң тартса, айып кімнен?

Газет мақаласы "Айқын" газеті №121

Жалпы экологиялық құқықбұзушылық жасалғанда, алдымен қоршаған ортаға адамдардың өмірі мен денсаулығына, экономика мүдделеріне орасан зиян келтірілетіні белгілі. Бұл залал бірден байқалмай, ұзақ уақытқа созылумен ерекшеленеді. Сонымен қатар қоршаған ортаға келтірілген зиянның орнын толтыру әсте мүмкін емес. Ал әкімшілік жауаптылықтың басталуына әкелетін экологиялық құқықбұзушылық­тың тізімі Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте белгіленген.

Топырақ сортаң тартса, айып кімнен?

Оған табиғи ресурстардың, қорша­ған ортаның ластануы, азаюы, табиғи ресурстардың бүлінуі, жойылуы, кә­сіпорын, құрылыс ғимараттарын және басқа да объектілерді жоспарлау, орна­ластыру, салу, қайта өңдеу және пай­далануға дайындау, пайдалану кезінде экологиялық талаптарды бұзу жатады. Мұндай істерді соттар, ішкі істер, мем­лекеттік өртке қарсы қызмет, табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қор­ғау органдары қарастырады. Кінәлі жеке және заңды тұлғаларға ескерту беру, айыппұл салу және мүлкін тәркі­леуге дейінгі жазалар көзделген. Эко­логия саласындағы қылмыстар ел экономикасына ғана залалын тигізіп қоймай, адам тіршілігінің биологиялық негізін жояды. Соның бірі – жер қой­науын заңсыз пайдалану. Мәселен, Жам­был облыстық экология департа­мен­ті мемлекеттік экологиялық бақы­лау бөлімінің бас маманы Серік Нұра­баевтың айтуынша, биылдың өзінде аудандарда жұмыс істеген мобильдік топтармен жер қойнауын заңсыз өңдеп жатқан 35 тұлғаны анықтаған. Заңсыз игерілген кен орындардың электронды картасы түсіріліп, оны пайдаланып кел­ген тұлғалар жауапкершілікке тартылыпты.

Бұдан бөлек, биыл экологиялық құқықбұзушылыққа барған 7 жеке тұл­ғаға Әкімшілік құқықбұзушылық ту­ралы кодекстің 139-бабының 1-бө­лігіне сәйкес 1 322 750 теңге, ал кодекс­тің 140-бабының 2-бөлігіне сәйкес, 30 заң­ды тұлғаға 3 174 600 теңге әкімшілік айып­пұл салыныпты. Сондай-ақ 7 аудан­­да (Сарысу, Талас, Жуалы, Мер­кі, Т.Рысқұлов, Байзақ және Жам­был ау­дан­дарында) жергізілген рейд бары­сын­да 6 заңсыз жер қойнауын өндіру фактісі тіркеліп, 6 табиғат пайдаланушы 883 750 теңге айыппұл арқалапты. Қазіргі таңда салынған айыппұл толық өндірілген. Ал Мойынқұм ауданында 13 жеке тұлға, бұдан бөлек 3 кәсіпкерге жер қойнауын өз бетінше пайдаланғаны, мемлекетке келтірілген залалы үшін 966 725 теңге көлемінде айыппұл есептелген.

Заңсыз қазылатын орлар ең көп тір­келген аумақтар қатарына Тараз қа­ласы, Жамбыл, Меркі, Қордай, Т.Рыс­құлов, Шу, Мойынқұм, Байзақ аудан­дары жатқызылуда. Ондағы Талас, Аса, Меркі, Шу өзендері бойынан және Бұ­рыл, Аққұм тағы басқа тау қырат­тарынан құм мен шағал, шақпақтас өндіру тыйылмай отыр екен.

Екінші, бір алаңдатарлық мәселе – ауызсу тапшылығы. Бүгінде ғалымдар жерасты су көздерінің ластануы проб­лемасын айтып, дабыл қағуда. Оның барлығы қоршаған ортаға тасталып жатқан күл-қоқыстар мен басқа да улы химиялық қалдықтардың салдарынан болуда. Сонымен бірге, суармалы жер­лердің өнімділігі жыл санап төмендеп бара жатқаны да ғалымдарды алаңда­тып отырғаны анық. Оған бірден-бір се­беп – топырақтың сортаңдануы. Сортаңдалған сілтілі топырақтарды химиялық мелиорациялау арқылы құрылымын жақсартып, құнарлылығын арттыруға болады екен. Бұл туралы Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, АШҒА және Аграрлық білім берудің халықаралық академиясы­ның академигі Нұрлан Балғабаевтың айтары бар.

– Жыл санап ғылым саласына тың идеялар мен жаңалықтар енгізілуде. Ғалымдарымыз да ізденістерін кү­шейт­кен. Облысымыздың жер көлемі үлкен болғанымен оның көп бөлігі игерілмей жатқаны белгілі. Су тапшылығынан Мойынқұм, Сарысу мен Талас аудан­дарында бұрынғы суармалы егіс алқап­тары сортаңданып бітті. Оның үстіне сексеуілдер мен басқа да ағаштардың тұрғындар тарапынан аяусыз оталуы құм көшкінінің басталуына әкеліп отыр. Қазір мұндағы көптеген елдіме­кендердің айналасы қу тақырға айна­лып, құм ауыл ішіне еніп кеткені де жасырын емес. Осы мәселеге қарсы шаралар Мойынқұм ауданында тиімді пайдалануда деп айтуға болады. Бүгінде ондағы тоғандардың табаны тазаланып, бетон каналдардың жөнделуі ондағы егіс көлемін арттырып қана отырған жоқ, жердің сортаңдануы мен тал-дарақтың, сексеуілдің тамыр жаюына септігін тигізері анық. Мұндай үрдісті өзге аудандар да қолға алса, жердің сортандануының ғана емес, жалпы экологиялық мәселенің алдын алған болар едік, – дейді ғалым.

Аталған институт басшысы сортаң жерлерді азайтып, суармалы егіс кө­лемін арттыру өңір экологиясын жақ­сартудың бір жолы ретінде қарастырады. Оның ішінде желмен қала маңына бей-берекетсіз көтеріліп, сол маңай­дағы аулаларды шаңға көміп отырған «Қазфосфат» ЖШС фосфор тыңайт­қыштарын өндіретін зауыттарының маңында жинаулы тұрған фосфогипс күлін сортаңдануға қарсы пайдалану керегін айтады. Бір жағы қала маңы артық күл-қоқыстан тазартылса, екінші жағынан сортаңданган жердің құнар­ландырары арттырып, ол жерден азық-түлік қорын молайтуға жол ашылар еді деген ойда. Сондай-ақ қала шетіндегі су көздеріне құйылып жатқан кәріз суларын да тыңайтқыш ретінде тиімді пайдалана алмай отырмыз. Ал қытай­лық инвесторлар болса кәріз суын пайдалану үшін зауыт салуға ниетті. Біздің ғалымдар да кәріз суы арқылы ауыл шаруашылығы да­қылдарын тыңайт­қыш ретінде пай­далануға бола­тынын айтып, зерттеу жүргізуде екен.

 

Жамбыл облысы