Өндірістік жарақат өмірге қауіпті

Газет мақаласы "Айқын" газеті №122

Әлемде жыл сайын 300 мил­лион­ға жуық жазатайым оқиға тір­келіп, 150 миллион кәсіптік ау­ру мен зиянды еңбек жағ­дай­лары салдарынан 2 мил­лионнан астам адам дүние салады.

Өндірістік жарақат өмірге қауіпті

Бүкіл әлемде, соның ішінде Қазақ­стан­да өндірісте жарақат алу мәселесі өте күрделі. Жыл өткен сайын әлем ел­де­рі бұл мәселеге баса назар аударуда. Ең­бекті қорғау саласын жетілдірілуде және мемлекеттік саясатта және т.б. сала­ларда адам шығындары ғана емес, эко­номикалық шығындар да жиі кез­де­се­ді.

Жаһандық мәселелер көптеген фак­тор­ларға байланысты. Жұмыс әлемі әр он жыл сайын өзгеріп отырады. Жұмыс­шы талаптары тұрақты талдаулар, әлеу­мет­тік зерттеулермен расталады. Мыса­лы, бала туу деңгейінің өсуі адамзаттың тауар­лар мен қызметтерді көбірек өнді­ру­ге деген, жұмысқа деген қажет­тілігін арттырды. Халықаралық еңбек ұйымы­ның бағалауы бойынша, әлемдегі бар­лық жұмысшылардың 30%-ы осал тобы жастар мен егде жастағы адамдар екен.

Егер тиісті шаралар қабылданбаса, өндірістегі және еңбекті қорғаудың бар­лық саласындағы түрлендіру елдің эко­номикалық өсімінің азаюына, жала­қы мен өмір сүру деңгейінің төмен­деуіне әкеліп соғуы мүмкін. Сондық­тан қауіп­сіз еңбек жағдайлары тек жұмыс­шы­лар мен жұмыс берушілердің өздері үшін ғана емес, сонымен қатар экономикалық тұр­ғыдан да пайдалы екенін ұмытпаған жөн.

Атап айтқанда, Статистика комитеті­нің 2018 жылғы мәліметі бойынша, кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1,6 млн қа­зақстандық тексеруден өткен. Олар­дың ішінде 373 жұмысшы зиянды неме­се қауіпті еңбек аймақтарында жұмыс жасаған. Ал өнеркәсіпте 1500-ден астам адам жарақат алған, соның ішінде 220 адам қайтыс болған. Жазатайым оқиға­лар­дың негізгі себебі қауіпсіз еңбек жағдай­ларын қамтамасыз етпеу, жеке қорғаныс құралдары, оқу-жаттығу­лардың дұрыс болмауы және жұмыс берушілердің еңбекті қорғау ережелерін сақтамауы салдарынан туындайды.

Айта кететін жайт, елімізде өндірістік жарақат алу алдыңғы жылдармен салыс­тырғанда оң нәтиже көрсеткен. Соңғы 5 жыл ішінде қазақстандық жұмысшы­лардың жарақат алуы 22%-ға төмендеген. Сондай-ақ елімізде кәсіптік аурулардың жиілігі АҚШ-қа қарағанда 23 есе төмен.

Бұл күрестің негізі – адам өмірін сақ­тау және алдын алу шараларын жүргізу. Қазақстан еңбекке қабілетті тұрғындар денсаулығының кепілі ретінде еңбекті қор­ғауды реттеуді жетілдіру және оны іс­ке асырудың тиімді тетігіне айналу керек.

Сонымен бірге, адамдар қателіктер жіберетінін және өндірістік оқыс оқи­ға­лардың туындауына адами фактор­дың әсері болатындығын ұмытпау керек. Қауіпсіздік көбінесе міндеттерді дұрыс қоюға байланысты және де қызмет­кер­лер­дің психикасына, жұмыс берушілер тара­пынан тәртіп пен қауіпсіздік ереже­леріне қатысты болады.

Бұл жерде заңбұзушылықтар үшін жауап­кершілікті күшейту қажет. Мәсе­лен, осы жылдың бірінші жарты­жыл­ды­ғында мемлекеттік инспекторлар 4751 ұйымды тексеру кезінде 7 мыңға жуық заңбұзушылықты анықтаған. Оның ішінде еңбек қатынастары саласында – 5,5 мың, қауіпсіздік және еңбекті қорғау бойынша 1,2 мың заңбұзушылық тіркелген. Осы үшін жұмыс берушілерге 186,5 млн теңге көлемінде айыппұл са­лы­­нып, 11 лауазымды тұлға қызметі­нен босатылған.

Сонымен қатар биыл 1 шілдеден бастап 2,4 мыңға жуық кәсіпорын тәуе­келдерді басқарудың заманауи жүйе­сін енгізу мақсатында OHSAS 18001, ХЕҰ-ЕҚБЖ стандарттарын қолдана бастады. Ал ішкі бақылауды жүзеге асыру үшін 14,8 мың өндірістік кеңес құрылды.

Аталған шаралар жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, қайғылы жағдайлардың алдын алуға және жұмысшылардың өмі­рі мен денсаулығын сақтауға мүмкін­дік береді. Осы ретте, әр жұмысшы өз қауіп­сіз­дігі үшін сақтық шараларына мән беріп, тиісті нұсқаулықтарға ден қойға­ны абзал.

Ал жұмыс берушілер мен кәсіподақтар негізгі стандарттармен қамтамасыз етіп, адам өмірінің сақтығы үшін қажетті жұмыс­тар атқаруы қажет. Барлық қыз­мет­кердің қауіпсіз жағдайда жұмыс істеуі – қоғам үшін аса маңызды.


Серік САДЫР