Сарыарқаға сағынтып газ келеді...

Газет мақаласы "Айқын" газеті №123

Түпкі мақсаты елордаға газ жеткізуді көздейтін «Сарыарқа» газ құбырының құрылысы қарқынды түрде жүріп жатыр. Сенімді дерек көзінің мәліметіне сүйен­сек, қазір тәулігіне 7-8 шақырым құрылыс жұмыс­тары атқарылуда. Дәл бүгінгі күнге дейін істелуі тиіс 1 063 шақырымның 531-і еңсерілген.

Сарыарқаға сағынтып газ келеді...

Энергетика министрлігінің ай­туынша, төрт кезеңнен тұра­тын құрылыс ең соңында Бейнеу – Бозой – Шымкент магистралды газ құбырымен тоқайласпақ.

– Қазіргі сәтте Жезқазғанға жақын маңда дәнекерлеу жұ­мыстары жүргізілуде. Тәулігіне 7-8 шақырымдық жұмыстар ат­қа­рылған соң, құбырды оқшау­лау және траншеяны жабу шаралары істеледі. Жоба қараша айына дейін тамам болады. Газ құбы­рын­да 2 200 адам, 700-ге жуық тех­ника жұмыс істеп жа­тыр, – дейді Энергетика минис­трі Қанат Бозымбаев.

Қазіргі таңда жобаны жүзеге асыруға жергілікті компаниялар үлес қосып келеді. 2 бригада кү­ні-түні 4 шақырымдық құбыр­ларды орналастырады. «Сарыар­қа» іске қосылғаннан кейін Нұр-Сұлтан мен Қарағанды ара­сын ен жайлаған 1 119 елді­ме­кен мен ауылдар газ игілігін пайдаланбақ. Сондай-ақ Ақмола облысындағы 51 ауыл да газды асыға күтуде. Магистраль алды­мен ел астанасына, одан ары сұлу Көкшеге, Қызылжарға тарты­лады. Газ келісімен елордадағы жылу электр стансаларына тар­тылмақ. Осылайша, Нұр-Сұлтан ауасын армансыз ластап отырған ЖЭС-тардың күні еңкеймек.

Қазақстандағы магистралды газ құбырының жалпы көлемі – 19 мың шақырым. Оның бойында 56 компрессорлық станса жұмыс істейді, 316 газ айдайтын қондырғы орнатылған.

Осы орайда газ құбыры құры­лысының негізгі төрт кезеңіне ке­ңінен тоқтала кетейік. Бірінші ке­зеңде Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Нұр-Сұл­тан бағыты қамтылады. Бұл бағыттың жүзеге асуы Көкшетау мен Петропавлды да Қарашы­ға­нақ, Теңіз, Қашаған отандық кен орындарындағы табиғи газ арқы­лы жарылқауға мүмкіндік бер­мек. Екінші кезеңде ұзындығы 276 шақырым болатын Нұр-Сұл­тан – Көкшетау магистралды газ құбырының құрылысы іске ас­пақ. Бұл құбырдың жасалуы тү­гелдей Ақмола облысын газбен қамтуды түбегейлі шешеді. Үшін­ші кезеңде Көкшетау – Пет­ропавл газ құбыры тарты­ла­ды. Оның ұзындығы – 177 ша­қы­рым. Төртінші кезеңде магис­тралды газ құбырының өткізу мүмкіндігін жылына 3 млрд куб метрге дейін жеткізу үшін «Жез­қазған» және «Теміртау» ком­прессорлық стансасының құры­лысын аяқтау жоспарланған.

Газ құбыры құрылысының жүргізілуі – қазір 2 000-нан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Жұмыс процесінің кәсібилігін 200-ден астам арнайы маман қадағалайды. Бұл құбыр бірінші кезекте Нұр-Сұлтан қаласына газ жеткізіп, ондағы ушыққан эколо­гия мәселесін реттеуі тиіс. Себебі, күллі әлем көз тігіп, қы­зыға қа­ра­ған абыройлы елор­даның еңсесін қанша жылдан бері түтін басып тұрады. Жылу электр станса­ла­рынан шыққан ол түтін сол жер­дегі қаншама адамның ден­сау­лығына кері әсер етіп жатқанын ойлаудың өзі қорқынышты. «Сарыарқаның» арқасында ша­һардағы 192 жеке, 48 комму­нал­дық қазандықты, 22 мың жеке жер үй мен ЖЭС – 1,2 су жы­лы­татын қазандықтарды газ жүйе­сіне көшірмек. Осының арқа­сында жылына әуеге көте­ріліп жатқан зиянды қалдықтар 6 есеге, яғни 35 мың тоннаға азаймақ.

Көмір өнеркәсібі – Қазақстан экономикасының басты көзірі іспетті. Біздің ел көмір қоры бо­йынша әлемде сегізінші орында (бізде 25 млрд 605 млн тонна кө­мір қоры бар). Ал өндіріс кө­лемі бойынша 10-орынды енші­лейміз. Көмір экспорты – жалпы ішкі өнімнің 1,5 пайызын құрай­ды. Ел аумағында 83 шағын, 12 ірі және орта кәсіпорындар бар бол­са, оларда жалпы саны 28 мың­­нан астам адам еңбек етеді. Әрі елдегі электр энергиясының да 70 па­йызы осы көмірді пайдалану арқылы өндіріледі. Ал ЖЭС атау­лының көмірмен күн көретіні бесенеден белгілі. Қазір еліміздің оңтүстік және шығыс ауданда­рының көп бөлігі газбен қамтыл­ған. Енді жақын арада мұндай игілікке орталық Қазақстан да қол жеткізгелі отыр. Бұл дегеніңіз біраз халықтың көмірді пайда­ланудан бас тартатынын айғақ­тайды. Мамандардың айтуынша, «Сарыарқа» құрылысының іске қосылуымен көмірді пайдалану 650 мың тоннаға азаймақ. Алайда Энергетика министрлігінің ай­туынша, еліміздегі ең ірі көмір тұтынушысы Екібастұз 1 және 2-электр стансалары жылына өндірілетін 100 млн тонна көмір­ді еркін сіңіруге дайын. Шындап келгенде бұл проблема Алматыда да бар. Қаладағы ЖЭС әлі күнге көмір жағады. Осының әсерінен күн сайын қаншама тонна қал­дық ауаға таралып, шаһар эко­ло­гиясына залалын тигізуде. Эко­номист Әсет Наурызбаевтың айтуынша, мәселені шешудің екі нұсқасы бар. Бірі – ЖЭС-ты газ­ға ауыстыру, екіншісі – газ тү­тіндерін тазарту бойынша станса салу. Әзірге мұның екеуі де қолға алынған жоқ.

Газ құбыры құрылысын жүр­гізу үшін елімізде алғаш рет аме­рикалық дәнекерлеу кешені – CRC Evans жаңа технологиясы қолданылған. Бұл технология құбырларды тәулігіне 7-8 шақы­рымдық ерекше жылдамдықпен жүргізуге мүмкіндік береді. Жо­баны жүргізуге қаражатты Қа­зақ­стан және Еуразия даму банк­те­рі бөлген. Жобаның жалпы құ­ны – 267,3 млрд теңге.

Қазақстан газ қоры және өндіріс көлемі бойынша ТОП-30 ел қатарына кіреді. 2018 жылдың қорытын­дысы бойынша газ экспорттау көлемі 37 пайызға жеткен (24,2 млрд текше). Energyprom мәліметінше, газды ішкі тасымалдау 18,2 млрд текше метрді құраған. Халықаралық транзит те 5,1 пайызға артыпты. 

Жалпы, ел тұрғындарының жаппай газдандырудан үміті көп. Себебі, қаншама жылдан бері отын тасып, көмір жаққан жұрт­шылық мұншалықты азапты тірліктен құтылуға асық. Бозым­баевтың айтуынша, қазір елді газдандыру деңгейі 49,7 пайызға жеткен. Бұл деген 9 млн адамның газдандыру игілігін көріп отыр­ғанын білдіреді. Еліміздің 13 ай­­мағында 100 жоба жүзеге ас­қан. Тау-кен өндіру және тау-кен металлургиясы кәсіпорыны қа­уым­дастығының атқарушы ди­ректоры Николай Радостовецтың айтуынша, егер газ көмірден ар­зан болса, онда көмір өндіру­шілердің бұл фактормен сана­суына тура келмек.

– Сонымен қатар Қараған­дыда көмір үлкен тереңдікте өндіріледі. Мұнда терең шахталар бар және газ құбырлары арқылы газдандыруға болатын метан бар. Бұл – Астанаға жеткізуге бола­тын арзан шикізат. Қарағанды­ның шахталарында өз газы бар. Егер ол пайдалы болса, көмір өнер­кәсібінің бәсекеге қабі­лет­тілігі төмендемейді, – дейді ол.

«Сарыарқа» желіп отырып жетемін дегенше, Нұр-Сұлтанда орталық газ құбырының да құры­лысы жылдам жүргізілуі тиіс.

Халықаралық сарапшылардың дерегінше, әлемдегі газға деген сұраныс артпаса, кемімейді. 2020 жылға таман көмір мен мұнайға деген сұраныс күрт төмендеп, газ қазбалы отынның ең сұранысқа ие көзіне айналмақ. Алдағы уақытта ел астанасын, орталық Қазақстанды және солтүстік өңірлерді газдандыру міндеті тұр. Бұл аймақтарды газдандыруды өз мойнына алған «Сарыарқа» биыл жыл соңына таман негізгі құрылысты аяқтайды, ал 2020 жылы пайдалануға берілуі мүмкін. 

– «Көгілдір отын» алдымен қалалық ЖЭС-терге жеткізіледі. Одан соң «Көктал-1», «Көктал-2» тұрғын үй кешендері қамтылады. Онда жер үйде тұратын адамдар әлі күнге отын мен көмір жағып отыр. Қызылордадан ұзын құ­быр әкелінеді. Жоба аясында екі агрес­сор, газ құятын және газ сақ­­тай­тын қойма құрылысы жү­зеге аса­ды. Олардан бүкіл қала газ алады. Одан кейін көше бо­йынша газ құбырларын жүргі­земіз. Әрбір 7-10 үй сайын ортақ бір жәшік ор­­натамыз, – дейді қалалық Отын-энергетика ке­шені және ком­му­налдық шаруа­шылық бас­қар­ма­сының басшы­сы Ербол Төлеуов.

Бұл – жобаның бірінші және екінші кезеңінде іске асатын ша­­­руалар. Ал үшінші кезеңде Ильин­ка және Шұбар ауданда­ры газға қосылады. Жаңа көп­қа­батты үйлер де мұндай мүмкін­діктен тыс қалмайды. Қала ше­тінде салын­ған тұрғын үйлер де газ қазан­дықтарына қосылмақ. Ол үшін автономды қазандық орнатыла­ды. 2023 жылға дейін бас қала толықтай газбен қам­тылмақ.