Берері мол – «қауіпсіз жол»

Газет мақаласы "Айқын" газеті №123

Бес күн ішінде жол жүру ережелерін бұзудың 2 725 дерегі анықталған. Қауіпсіздік белбеуін тақпаудың – 459, көлік жүргізіп келе жатып телефонмен сөйлесудің – 383 және жылдамдықты асырудың 298 фактісі тіркелді. Бұл – Солтүстік Қазақстан облысында өткізілген «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысының нәтижесі.

Берері мол  – «қауіпсіз жол»

Бұл бес күнде ғана орын алған құқықбұзушылық және бір ғана облыс аумағында болып отыр. Ал осындай әрекеттер кесірінен қан­ша­ма адам өліп, мүгедек болып қалуда. Осыдан барып, «Қауіпсіз жол» рейдтерінің берері мол екені­не көз жеткізе түсеміз. Осын­дай шаралар еліміздің барлық аймағында жүргізіліп жатыр. Мысалы, Түркістан облысында шара нәтижесінде, жыл басынан мас күйінде көлік айдаған 500-ге тарта жүргізуші анықталған. Шардара ауданында учаскелік полиция инспекторы И.Дәуір­баев­қа жергілікті тұрғын белгісіз біреу жол ережесін бұзып, мас халде көлік басқарып жүргені жайлы хабарлаған. Құрықталған жүргізуші көлікті басқару құқы­ғы­нан айырылғаны, бірақ соған қарамастан, масаң күйде рульге қайта отырғаны анықталып, Қылмыстық кодекстің 346-бабы «Көлік құралдарын басқару құқы­ғынан айырылған, алкоголь­дік, есірткілік және (немесе) уыт­құ­марлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын осын­дай адамның басқаруына беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру» бойынша тіркеліп, сотқа жолдан­ған.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығы­ның міндетін атқарушы Думан Таев: «Қауіпсіз жол» республика­лық іс-шарасының мақсаты – жол-көлік апаттарының алдын алу, жолда жүру ережелерін өрес­кел бұзушыларды анықтау. Бес күн­де жолда жүру ережелерін бұзу­дың 2 725 дерегі анықталды. Қауіпсіздік белбеуін тақпаудың – 459, көлік жүргізіп келе жатып телефонмен сөйлесудің – 383 және жылдамдықты асырудың 298 фактісі тіркелді. Бұдан басқа, полицейлер рульге мас күйде отырған 46 жүргізушіні ұстаған. 352 бұзушылық – жүргіншілерге қатысты. Жалпы СҚО-да жыл басынан мас күйде көлік тізгін­деген 750 адам жауап­кер­шілікке тартылған. Сондай-ақ 561 тұрғын бұған дейін жүргізуші куәлігінен айырылса да, мас күйде қайта рульге отырған. Олардың 133-і соттың шешімімен әкімшілік қамауға алынды», – дейді.

Ал Ақмола облысының жолда­рында жыл басынан бері 281 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның нәтижесінде, 34 адам қаза болып, 390 адам түрлі жарақат алған. Мас жүргізушілердің кінәсінен 24 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 3 адам қаза тапса, 31-і түрлі жарақат алды. Көкшетауда зияткерлік бейне­бақылау жүйесінің көме­гімен жол қозғалысы ережелерін бұзудың 6 700-ден астам фактісі анықталды. Бес жылдан бері Көк­шетау қаласының 6 қиылы­сында «ақылды қиылыс­тар» жұмыс істейді. Осы жылдың алты айында Көкшетау қаласының Уәлиханов көшесі – Н.Назарбаев даңғылы, Н.Назарбаев даңғылы – Әуел­беков көшесі, Н.Назарбаев даңғылы – М.Әуезов көшесі, Ш.Уәлиханов – Кенесары кө­ше­лері, Ш.Уәлиханов көшесі – Абы­лай хан даңғылының зият­кер­лік қиылысында жылдам­дық өлше­гіш­­тің арқасында 6 741 жол қозға­лысы ережелерін бұзу фактісі тіркелген. Оның ішінде тоқтау сызығынан өту – 635, бағдар­шамның қызыл сигналына өту – 86, жылдамдық режимін сақтамау бойынша 6 020 факт тіркелген.

«Ақмола облысының жолда­рын­да апатты жағдай орын алып жатыр. Жол-көлік оқиғаларының көпшілігі жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзумен байланысты. Атап айтар болсақ, жылдамдық режимін сақтамау, қарама-қарсы бағытқа шығу, көлікті мас күйде жүргізу және тағы да басқа жол ережелерін өрескел бұзуға жол беруде», – дейді ПД бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Ризахмет Жанбеков.

Алматыда Vision Zero Almaty концепциясы аясында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары іске асып жатыр. Қала әкімінің тапсырмасы бойынша мегаполисте жыл аяғына дейін «Сергек» фото-видеофикса­ция­сының тағы 707 посты қосым­ша орнатылады. Олардың 400-і – қиылыстарға, ал 307-сі жол жиегіндегі желі учаскелеріне ілінеді. Бұл жүйе жылдамдықтың артуын, қызыл жарықтан өтіп кетуді, тұру-тоқтау желісін ескермеуді және автобус жолағы­мен жүруді бірден суретке түсіреді. Бұдан өзге, жаңа техно­логияны пайдалану қылмыстың ізін суытпай, жедел ашуға ықпал етеді.

Айтайын дегенім, осындай «Қауіпсіз жол» сынды рейдтерді күнде өткізіп отырса жолда жүру мәдениеті де жақсарып, жол-көлік оқиғалары едәуір азаяр еді.


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ